Нұрлыбек Нәлібаев: "Жергілікті өнім шығаратын кәсіпкерлерді әрқашан қолдаймыз"

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесіп, ортақ мәселелерді талқылады. Басқосуға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков және облыс прокуроры Нұрлан Бижанов пен салалық құрылым басшылары қатысты.
Аймақ басшысы мұнай қорының сарқылуына байланысты газ өндіру ісінің көлемін арттыруға басымдық берілгенін, өндіріс орындарының жанынан ілеспе зауыттар ашу арқылы жаңа жұмыс орындары құрылатынын жеткізді. Сондай-ақ, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау арқылы кәсіпкерлердің жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін қаперге салды.
Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық береміз. Бұл бағытта бірінші кезде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, агроөнеркәсіп өнімдерін өңдеу және экспорт көлемін арттыруды қолға аламыз. Өнім өндіруге ынталы азаматтарды қолдаймыз.
Келер жылы экспортқа шығарылатын томат концентратын өндіретін зауыттың құрылысын бастаймыз. Ал, әртараптандыру бағытында шет елдерде сұранысы көп азықтық жүгеріні егу қолға алынады. "Ақжарма и К" шаруашылығы СПК-мен бірлесіп жүгері өсіруге қажетті технологияны енгізуге инвестор тартуда. Мұнан бөлек, агро-индустриялық зоналар ашу жоспарымызда бар,-деді Н.Нәлібаев.
«Атамекеннің» бастамасымен осындай кездесулер барлық облыста ұйымдастырылып жатыр. Қызылорда тоғызыншы өңір. Ал кәсіпкерлік мәселесімен айналысатын жұмыс тобын құрып отырған әзірге жалғыз облыс. Жергілікті мәселелерді әкімдік шешіп берсе, республикалық деңгейдегі проблемаларды Үкіметке біз жеткізіп отыратын боламыз», – деді Атамекен ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков.
Басқосуда «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Махашов көтерме-тарату орталығының әлеуетін жоғарылату арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жолдарын ұсынды. Ал, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов егін шаруашылығын әртараптандыру туралы тәжірибесімен бөлісіп, бақша дақылдарын көбейтудің желісін жандандыру мәселесін көтерді.
Облыс әкімі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін сырттан әкелу тәуелділігінен арылу үшін бақша дақылдарын егу ісінде жергілікті кәсіпкерлерді, ынталы бизнесмендерді әрдайым қолдайтынын ашық айтты.
Жиын соңында аймақ басшысы өңірде бизнес климатты жақсарту үшін кәсіпкерлердің ұсыныстары мен жобаларын қарайтын арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков мұндай жұмыс топтың алғаш болып Қызылорда өңірінде бастау алатыны қуантарлық жағдай деді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі