» » Құрбан айт — ұлық мереке

Құрбан айт — ұлық мереке

Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Осы дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.
Биыл Құрбан айт мейрамының күндері шілде айының 9, 10, 11 күндеріне келіп тұр. Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді.
Факиһ бин Саъд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын», – десе, ал Хасан бин Әли (р.а.): «Бізге Алла елшісі айт күні ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді», – дейді. Бұл хадистер күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл – мереке күні. Мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс.
Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал»,– деген əмір бар.
Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Өйткені, дін мұраты – адамның ділін түзеу, тұрмысын реттеу. Шариғаттың əрбір əмірі мен тыйымының астарында адамның жеке басына жəне жалпы қоғамға пайдалы хикметтер бар.
Құрбандық шалған ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп бата жасалады. Одан соң «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар.
Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын өзі орындағаны жақсы. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Құрбандығыңа куә бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі», – деген екен.
Құрбан айт – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі.
Құрбандық малы Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кім де кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кім де кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес» деген. Яғни, құрбандық сою кезінде осы жайттарға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.
Алла Тағала барша мұсылман қауымының бұл күндері шалған құрбандықтарын қабылдыққа жазып, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазғай! Құрбан айт құтты болсын!
Өміржан ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ,
аудандық «Қармақшы ата» мешітінің бас имамы
09 шілде 2022 ж. 1 204 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 322

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 416

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930