Елімізде өсімдік майы қымбаттауы мүмкін
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар санатына жататын күнбағыс майы бір жарым есе қамбаттаған. Мамандар бағаның шарықтауына қуаңшылықтан туындаған шикізат тапшылығы әсер еткенін айтады.
Биыл Қостанай облысы бойынша 607 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егілді. Егіс көлемі жыл сайын ұлғайтылғанымен соңғы үш жыл қатарынан ылғал тапшылығынан түсім мардымсыз. Биыл да сол гектарынан 3-4 центнер ғана келіп отыр. Алайда қуаңшылыққа қарамастан берекелі өнім алып отырғандар да бар. Мысалы Ұзынкөл ауданындағы Леонид Королев басқаратын шаруашылықтың күнбағыс алқабы соншалықты бітік демесек те гектарынан 10-15 центнерден кем түспейді. Қазір оның шемішкесін пышақ үстінен талап әкетіп жатыр. Былтыр олар күнбағыс дәнінің тоннасын 180 мың теңгеден сатса, биыл 250 мың теңгеден түсірмейді. Бағаның бұлай күрт көтерілуін өндірістік шығынның өсуімен түсіндіреді.
«Әсіресе химия, түрлі тыңайтқыштардың бағасы қазір шарықтап тұр. Техника, қосалқы бөлшектер де қымбат. Сондықтан біз де көтеруге мәжбүрміз. Көп жерде майлы дақылдар шығымы төмен болғандықтан күнбағыс дәніне қазір сұраныс жоғары», – дейді шаруашылық басшысы Леонид Королев.
Облыста он шақты май өңдеу зауыты болса, соның үшеуі Федоров ауданында. Қазір олар шикізат тапшылығынан толық қуатында жұмыс істемейді. Тіпті біреуі бір жылдан бері тоқтап тұр.
«Біздің Федоров ауданында ғана 40-50 мың гектарға майлы дақылдар егіледі. Көршілес Қарабалық ауданында да соншалықты көлем бар. Осының өзі үш зауытты қамтамасыз етуге жетер еді. Былтыр Қазақстанда майлы дақылдар экспортына салынған тыйым алынып тасталғаннан бері шикізаттың дені шетелге кетіп жатыр», – дейді өсімдік майы зауытының директоры Владимир Заверуха.
Бір литр май алуға қажетті 2,5 келі шемішке былтыр 300 теңге тұрса, биыл 700 теңгеге күрт көтеріліп отыр. Өсім 400 теңгені құрады. Зауыттан бір литр май 2020 жылы 350 теңгеден шығарылса, биыл 550 теңгеден өткізіліп отыр. Өсім небәрі 200 теңге. Бір қызығы, бұл жерде сауда орындары бағаны күрт көтерген. Бір литр май 2020 жылы 500 теңгеден сатылса, биыл 700 теңгден өткізіліп отыр. Өсім 300 теңгені құрап отыр.
Осыдан-ақ майлы дақылдарды өңдемей шикізат түрінде өткізген тиімді екендігін байқаймыз. Отандық өсімдік майының сапасы басқалардан кем соқпайды. Табиғи, тазалығы жағынан тіпті асып түседі. Сондықтан да өздерінің тауар өндірушілерін қорғау үшін Қытай, Германия басқа да Еуропа елдері біздің дайын өнімімізден гөрі шикізатымызды алуға асық. Ал Қазақстан нарығына Ресей, Беларусьтің өсімдік майы еш кедергісіз емін-еркін кіргізіледі.
«Өсімдік майының өзіндік құны 90 процент шикізат бағасына байланысты. Ал зығырдың тоннасы бүгінде 320-330 мың теңгеге жетті. Бұрын-соңды ондай болған емес. Сондықтан егер әкімшілік ресурс ықпал етпесе сұйық май бағасы әлі де көтерілуі ықимал», – деп ескертті Владимир Заверуха.
Шикізат тапшылығын тудырмай, бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті өндіріс орындарына майлы дақылдарын тапсырған шаруаларға субсидия бөлу қажет. Мамандар тығырқтан шығудың бірден бір жолы осы дейді. Сондай-ақ көрші елдерден бей-берекет ағылып жатқан тауарларға тосқауыл қою қажет. Ал Тобыл өңіріндегі өсімдік майы зауыттары облысқа қажетті көлемнен 1,5 есе көп өнім беруге қауқарлы.
Kyzylorda-news.kz