Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағы ағылшын тілінде жарық көрді
Кембридж университетінің баспасы Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігімен бірлесе, Тарих және этнология институтының қолдауымен ХІХ ғасырдың аса көрнекті қазақ ғалымдарының бірі Шоқан Уәлихановтың таңдаулы шығармаларының ағылшын тілді тұңғыш жинағын ұсынды.
Корольдік географиялық қоғам ғимаратында аралас форматта өткен шараға Кембридж университетінің білім беру саласындағы Кембридж серіктестігінің басқарушы директоры Джейн Манн, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов, аудармашы Арч Тейт, сондай-ақ кітап редакторы, британиялық жазушы Ник Филдинг қатысты. Кембридждік әріптестіктің білім беру саласындағы халықаралық өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Энни Михайлиду салтанатты іс-шараның модераторы болды.Өзінің қысқа ғұмырында Шоқан Уәлиханов шығыстану ғылымына қомақты үлес қосып үлгерді. Ол Қазақстан тарихында ұлы ғалым, этнолог, географ, картограф және суретші ретінде өшпес із қалдырды.
Өз сөзінде елші Ерлан Ыдырысов жоғары тарихи және ғылыми құндылығына қарамастан Уәлихановтың еңбектері әлі күнге дейін ағылшынтілді әлемде кеңінен танымал болмағанын атап өтті.
Шоқан Уәлихановтың Қазақстанның ғана емес бүкіл Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті үшін қосқан үлесі орасан. Оның еңбектері осы маңызды аймақтағы халықтар өмірінің көптеген аспектілеріне жарық түсірді. Бүгін біз Уәлихановтың 1865 жылы ағылшын тілінде жарық көрген төрт шығармасынан бергі алғаш рет аударылған жинағын ұсынамыз, – деді ол.Кітапқа Шоқан Уәлихановтың Орталық Азияның географиясын, тарихын, этнологиясын және экономикасын зерттеуге арналған ең маңызды ғылыми еңбектері енген. Ағылшынтілді оқырмандар үшін бұл шығармалар өңір тарихын зерттеуде таптырмас қазына болары анық.
Дж. Манн Кембридж университетінің баспасы тарих және антропология бойынша кітаптардың жетекші баспагері екендігін және қазақ авторын осы тақырып бойынша кітаптар тізіміне енгізу баспа үйі тарихындағы кезекті маңызды қадам болатынын атап өтті.
Біз ұсынып отырған жинаққа енген көптеген шығармалар алғаш рет ағылшын тіліне аударылып, ағылшын тілінде сөйлейтін студенттерге, ғалымдарға және кең аудиторияға жол ашты. Басылым Уәлихановтың шығармаларын Орталық Азияны сипаттайтын батыстық жұмыстар тізіміне барынша енгізіліп, ұзақ мерзімді әсері болады деп үміттенемін, – деді ол.Өз кезегінде Зиябек Қабылдинов өзі басқаратын Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты аудару үшін материалдарды іріктеу кезінде қазақтардың және өңірде тұратын басқа да ұлттардың тарихын, салт-дәстүрлерін, қазақ сот ісін жүргізу жүйесін, сондай-ақ автордың демократиялық көзқарастарын, соның ішінде халық үшін пайдалы реформаларды сипаттайтын мақалаларға баса назар аударуға тырысқанын атап өтті.
Арч Тейт өзі алғаш рет ағылшын тіліне аударған Уәлихановтың шығармаларынан бірнеше үзінді оқыды. Ол сондай-ақ Ресей империясында кіші мемлекеттік қызметші бола тұра ШоқанУәлиханов биліктің қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын бұзуына жол бермеу үшін қолында бар барлық мүмкіндіктерді пайдаланғанын және өз халқына лайықты құрметпен қарауды талап еткендігін тілге тиек етті.
Іс-шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Канада, БАӘ, Перу, Польша және Түркияны қоса алғанда, әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық қонақ қатысты.