Қазақстан мен Кореяның парламентаралық ынтымақтастығы дами түседі
2018 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Чон Се Гюнмен кездесті.
Мейманмен кездесуде Б.Бекназаров Корея Республикасы Қазақстанның Шығыс Азиядағы басты стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. «Біз Сіздердің елдеріңізбен барлық салада және барлық деңгейде үнқатысуды дамытуға мүдделіміз», - деді ол.Сенат Төрағасының орынбасары Кореяны қысқы Олимпиада ойындарын өткізуімен құттықтай келіп, жарыстарда кореялық команданың шебер өнер көрсеткенін атап өтті.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Қазақстан Парламентінің қос палатасында да Кореямен ынтымақтастық жөніндегі топтар, ал Ұлттық Ассамблеяда Қазақстанмен достық тобы жұмыс істеп келеді. Чон Се Гюн қазақстандық парламентшілерді Кореяға сапармен келуге шақырды.
Ұлттық Ассамблеяның Төрағасы «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген мақсаттарды қолдайтынын жеткізіп, Қазақстанға жер аударылған этникалық корейлерге көрсетілген көмек үшін қазақ халқына алғыс айтты.
Б.Бекназаров екіжақты қатынастарды нығайтудың келешегін талқылай келіп, Қазақстан Корей түбегіндегі жағдайды үнқатысу және келіссөздер арқылы шешуді дәйекті түрде жақтайтынын атап өтті.
Сенат Төрағасының орынбасары «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне белсенді түрде қатысқаны үшін Кореяға алғыс айтты. Ол корей бизнесінің біздің елімізде ғылыми тұрғыда қамтылған, жоғары технологиялық өндірісті дамыту жөніндегі жобаларды іске асыруға белсенді қатысуына Қазақстан мүдделі екенін атап өтті.
Кездесуге Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко, сенаторлар Георгий Ким, Еділ Мамытбеков және Нұржан Нұрсипатов қатысты.