Ғажайып шығармашылық жұмыстар – Байқоңырда

Байқоңыр қаласына қыдырып келген әрбір қонақ қала көшелерінен екі елдің басшылары бірге түскен суреттерді, зымыран мен ұшақтарды жиі байқайды. Ал енді сіз, ғарыш қаласына соңғы бір-екі айда аяқ баспаған болсаңыз сізді әдемі, көз жауын алатын көпқабатты үйлердің қабырғасына салынған суреттер өзіңіз бен көзіңізді еріксіз тартып, қол бұлғап шақырып тұрғандай әсер береді. Себебі, мұндай суреттер тек Байқоңырға ғана тән, тек Байқоңырға ғана жарасымды. Сондай қанық бояулы, мағыналы, тарихи, өте сапалы салынған суреттер алғаш рет туындап, қаланың көше беттерін көркейтуде.
Бұл ғажайып шығармашылық сурет Ресей еліндегі «Graffiti Russia- художественное оформление, роспись и стен» мекемесінің шебер қолды суретшілерінің қолынан шыққан. Мұндай тың жұмыстар қалаға ерекше көрік беріп, тұрғындардың көңілін көтереді. Тіпті кішкентай баланың өзінен әлдекім «қай үйде тұрасың?» деп сұрай қалса, еш саспастан өзі тұратын көпқабатты үйдің сыртындағы суретті атап айтуға да жақсы. Жалпы көзге тартымды, көңілге қонымды, әдемілікті сүйетін кісілердің суретке түсетін «суретке түсу аймағы» болып пайдаға жарап жатқан жайы бар. Осындай туындыны бізге тарту еткен алтын қолды азаматтармен таныстыратын болсам, олар: Шеклеин Юлия – дизайнер, Жанна Нуждина – қылқалам суретшісі, Эрвин Чалков, Денис Дангер – суретші, Влад Одегов – графитти-суретші.
«Жақсылық дүниемен бөліссең жақсылық көбейе түседі» демекші қаламызда орын алып жатқан әсемдік бұрышымызды таныстыру, таң-тамаша жұмыстарды насихаттау-сіздердің алдарыңыздағы кәсіби борышым деп білемін. Сондықтан жақсылығымыз көбейіп, сүйінші жаңалығымыз көп болсын. Қаламызға құрметті қонақ боп келе қалсаңыз, көпқабатты үйлердің сәні болған қабырға суреттерін көруге асығыңыз.
Гүлжан ӘЛІМБАЕВА
Байқоңыр қаласы