Сыр елінің жұртшылығы Елбасына тілектестік білдірді
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан сынама алу барысында коронавирус анықталуына байланысты Сыр елінің жұртшылығы зор алаңдаушылық білдіруде, деп жазады nur.kz
Тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалап, қазақ халқын дүние жүзіне танытқан әлемдік деңгейдегі көшбасшының дерттен айығып, тезірек сауығып кетуіне ниеттестік білдірген хаттар мен жеделхаттар легі елордаға үздіксіз жолдануда. Сыр бойының беделді азаматтары, соғыс және еңбек ардагерлері, спорт пен өнер тарландары, бизнес және жастар өкілдері Елбасыға ыстық ықыластарын арнап, мықты денсаулық тілеп, шынайы лебіздерін жеткізуде. Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, ғасыр жасаған ақсақал Бөрібай Құлманов: «Сіз әлем елдерін жайлаған індеттің алдын алып, алғашқы болып жедел шешім шығарып, тиісті шаралардың қабылдануына зор ықпал еттіңіз. Өзіңіз Алаштың анасына балаған Сыр жұртшылығы пандемия кезінде Сіздің халыққа жасаған қамқорлығыңыз бен жанашырлығыңызды ерекше сезінді» деп ризашылығын білдіреді. Даңқты жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов «Бабам қазақ: «Ауырып тұрдың – аунап тұрдың» дегендей, дертке шипа тілеймін! Аты жаман науқас артта қалып, жақсы күнге жетіп, еліміздің бұдан әрі дамуын қара орман халқыңыздың Елбасымен бірге көруіне нәсіп етсін!» деп ағынан жарылып, тілек айтады.
Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев Сыр дихандарының атынан: «Бұл сынақты жеңіл еңсереді деп сенеміз және әрқашан деніңізге саулық тілейміз» деп шынайы ниеттестік танытса, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Бақберген Досманбетов: «Сіз салған сара жол арқылы халқымыз кез-келген қиындықты еңсеретініне сенімім мол!» жылы лебізін арнаған. Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева: «Бүгінгі күні әлемді шарпыған індеттің Өзіңізге де жеткені туралы хабар мені де бей-жай қалдырмады» деп жанашырлық білдіреді. Ал ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин: «Өзіңізді арқаңызда Қазақстан өсіп-өркендеп келеді» ризашылығын аңғартса, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев: «Ел үшін жасап жүрген ұлан-ғайыр еңбегіңізді, шекарамызды бекітудегі тынымсыз тірлігіңізді жоғары бағалайтын әр қазақ Сіздің сауығып шығуыңызға тілектес» деп ой толғайды. Сондай-ақ, Арал өңірінің балықшылары атынан Қазақстанның бұрынғы Балық шаруашылығы министрі, мемлекет қайраткері Құдайберген Саржанов, денсаулық сақтау саласының ардагері Тұрғанбай Маханов Тұңғыш Президентке жанашырлық танытып, тілектерін арнаған. Елімізге танымал өнер саңлақтары – әнші-композитор Жеңіс Сейдуллаұлы, айтыскер ақын, композитор Елена Әбдіқалықова, «Алтын домбыра» жүлдесін екі мәрте иеленген айтыскер ақын Мұхтар Ниязов руханият саласын үнемі қолдап келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевқа аман-саулық тілеген.
Сонымен қатар, өңір құрылысшыларының атынан «Бақ-Береке» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров, осыдан отыз төрт жыл бұрын Тұңғыш Президент Сыр еліне сапармен келген күні өмірге есік ашқан Нұрсұлтан Әбілдаев ақжарқын ой-пікірлерін арнаған. Елбасынан тезірек сауығып кетуіне «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазалы аудандық теміржол саласы ұжымдары да шын көңілден ниеттестік білдірген. «Ол – рухы мықты адам. Оның бүкіл өмірі күреске толы, сондықтан, бұл сынақты да жеңіл еңсереді деп сенемін» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, Сыр елі үнемі сергектікті серік етіп келе жатқан Елбасының бұл сынақтан да аман-есен өтетіне еш күмәнданбайды. Бір кезде күллі қазақ жұртының астанасы болған өңірді «Сыр – Алаштың анасы» деп атаған Нұрсұлтан Әбішұлының денсаулығы мықты болуына халқымыз әрдайым тілектес.