Қызылорда облысы мен Хорезм облысы ынтымақтастыққа уағдаласты
Өзбекстан Республикасы Хорезм облысы Үргеніш қаласында «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» атты ІІ халықаралық аймақаралық ынтымақтастық форумы аяқталды.
Екі күндік шарада Қазақстан мен Өзбекстан делегациясы сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, тоқыма, машина жасау, туристік, экологиялық салаларын және қаржы технологияларын дамыту мәселелерін талқыға салды. Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімдігі Хорезм облысының хокиматымен өзара ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойды. Меморандум ұзақ мерзімді экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, іскерлік, сауда қатынастарын дамытуды көздейді. Шара барысында қос елдің тауарөндірушілеріне арнайы көрме ұйымдастырылды. Сыр елінен «Абзал и К» ТС, «Аралтұз» АҚ, «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС, «Смарт Раббер» ЖШС және «РЗА» АҚ өз өнімдерін жұртшылық назарына ұсынды. Бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық білдірген жергілікті кәсіпкерлер облыс әкімі Қ.Ысқақовпен кездесу өткізіп, ықыласына пейіл танытты. Өзбек диқандары Шиелі ауданында жеміс ағаштарын өсіруге, минералды тыңайтқыштар шығарумен айналысатын кәсіпорын өкілдері ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге қызығушылық танытты. Аймақ басшысы мұндай ортақ жобаларды жүзеге асыруда инвесторларға қолдау көрсетілетінін баса айтты. «Біздің көрші елге келген мақсатымыз - аймаққа инвестор тарту. Бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Кәсіпорын ашып, ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асырамыз дейтін кәсіпкерлерге өз тарапымыздан әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Қ.Ысқақов.Алдағы уақытта өзбек инвесторлары Сыр еліне арнайы сапармен келетін болды.
Нұрбек Дәуренбеков