» » Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан

Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан

ЖОСАЛЫ, 4 ақпан – qarmaqshy-tany.kz Тәуелсіздік құрдастары 1997 жылдың қыркүйегінде 1 сыныпқа қабылданды. Тура бір айдан соң 1 қазанда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы қабылданды. Мектеп партасына үйреніскенімен әлі оң мен солын ажырата алмайтын ойын баласы стратегияны қайдан ұқсын? Елдегі елеулі жаңалықты ұстаздар қауымы шәкіртіне жеткізуі ләзім. Бізге оны апай былай түсіндірді.  
– 2030 жыл келеді.
Саусақ санаймыз. 30-ға жетпейді.
 – Ұзақ қой. Келсе ше? Біз нешеде боламыз сонда?
– Ол кезде сендердің жастарың қырыққа таяйды. Керемет жағдайда өмір сүресіңдер. Еліміз көркейеді. Дамыған мемлекеттің сауатты, саламатты, мәдениетті, бірнеше тіл білетін, ғылым мен техниканы меңгерген азаматы боласыңдар. Үйде отырып алыстағыны көретін уақыт келеді, – деді.
Сонда бізге 2030-ға 10 жылы ғана жетпеген осы күніміз орындалмайтын арман тәрізді еді. Стратегиялық бағдарламада көрсетілген 7 басым бағыттың іске асуына Елбасы Н.Әбішұлы бар күш-жігерін салғаны, үнемі қадағалап, нәтижесін жариялап отырғаны баршаға белгілі. Саяси сабақтастықты жалғастырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та билік басына келгелі елдің ертеңі үшін тиімді жұмыстарды қолға алды. Тапсырма берді. Нәтиже сұрады. Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы»Жарлығы бар. Соған сәйкес облыс, аудан, ауыл әкімдері өткен жылы атқарған жұмысын халық алдында қорытындылайды. Бұл біздің ауданда да бекітілген кестеге сәйкес өтіп, халықтан тиісінше оң бағасын алды.
Бейсенбіде Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінде Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбековтың есебі тыңдалды. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Намаев, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасары Мырзабек Демесінов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ержан Жеткерұлы, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Әбілдаев  арнайы қатысты.
Иә әкім есебіне бұл жолы жиналған халықтың қарасы көп. Бірі туған өлкесіндегі өрелі істерді ой сүзгісінен өткізіп, таразылайын десе, бірі болашақтағы жоспарларды білсем дейді. Ал енді бірінің көкейінде «Жаңа әкім не істеді екен?» деген сұрақ.
Кезінде ғалым Ш.Уәлиханов «Менің халқым қойдай жуас, бірақ өте ақылды, барлық нәрсеге тез бейімделгіш, нені болса да тез меңгеріп алады» деген екен. Айтса айтқандай, бүгінде маңдайын терлетіп еңбек етіп, оның жемісін татқан көп. Аудан халқының тұрмысы өзгерді, өзгергенін көз көрді. Төрт түліктің басы өсті. Ауданымыздың негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы саласы болған соң агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық берілді. 23690 гектар жерге егіс орналастырылды.Қазір тек өзіміз еккен күрішті тұтынамыз. Сатылымда да сол өнім.  Өткен жылы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша егін шаруашылығына субсидия берілді. Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға да мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді. 2019 жылға «Сыбаға» бағдарламасы аясында 325 бас асыл тұқымды немесе таза тұқымды импортталған мүйізді ірі қара аналығын сатып алу жоспары бекітілген. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы 2240 бас қойдың аналығы сатып алынды. Қазіргі таңда «Тұрмағамбет» ЖШС  «Сүт қабылдау және өңдеу цехын» іске қосып, шаруа қожалықтардан сүт қабылдап, өнім өңдеу жұмысымен айналысуда. Кәсіпкерлік саласының жандануы – қандай кезеңде болмасын тұрғындар әл-әуқатының артуына оң әсерін тигізеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес,өткен жылы тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 3206 бірлік болса, оның 90,5 процентін немесе 2900 бірлігін жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілері құрайды. Облыстық бюджет есебінен 5 мектептің бу қазандығының құрылысын жүргізу қарастырылған. Бүгінгі күні Төретам кентіндегі №85, Тұрмағамбет ауылдық округіндегі №29, Ақжар ауылдық округіндегі №28, Жосалы кентіндегі №27 және №105 мектеп ғимаратының жылумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Жосалы кентіне газ кіргізу жұмысы басталды. Аталған жоба облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жүзеге асырылуда.
Ағымдағы жылы Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіне жүргізілетін және кварталішілік газ құбырларының құрылысына жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстарын бастау мақсатында 10 млн теңге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.  «Қармақшы ауданы Жосалы кенті тұтынушыларын электрмен қамту үшін әуе желілері – 0,4 кВт электр объектісінің құрылыс-монтаж жұмыстарына» – 60,5 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Тағы сол секілді ауқымды жұмыстар бұған дейін барлық есеп беру жиналыстарында айтылып, газетке де жарияланды.
Осы жылдың соңына дейін газдандыру мәселесі, жазғы тынығу лагері құрылысы аяқталады деп күтілуде. Көркейту-көгалдандыру мен абаттандыруға қаржы айтарлықтай көп бөлінбек. Қоғамдық жұмысшылардың жұмыс істеу тәртібі  жолға қойылады. Оларға арнайы киім әзірленбек. Кәсіпкерлерді қолдау бағытында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар бар. Қаржыландырудың тиімді тетіктерін қолдану керек. «Жастар саябағынан» балалар ойын алаңын ашу, «Дендропаркты» жандандыру, орталық алаңды қайта жөндеуден өткізу, «Каспий банк» филиалын, кинозал, монша ашу, базар айналасын тәртіпке келтіру, мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарда пандустың талапқа сай орналасуын бақылау сынды мәселер күн тәртібінде тұр. Басты жаңалықтың бірі – әр ауылға бюджет бөлінуі. Оны ауыл әкімдері тұрғындармен ақылдаса отырып, тиімді пайдалану арқылы біраз түйіткілді  шешуге болады. Ауылдарға интернет тарту, терминал орнату, шаштараз, тігін шеберханасының ашылуына жағдай жасау жұмысы жолға қойылады деп күтілуде.
Иә, аудан әкімі  – өңірдің саяси жетекшісі. Сондай-ақ, ол – осы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне тікелей жауапты тұлға. Яғни, белгілі бір мерзімде сол елдің де, жердің де иесі. Мұса Оспанұлы ауданды өркендету, экономиканы жетілдіру, инвестиция тарту сынды қым-қуыт жұмыспен жүрсе де руханият мәселесіне көңіл бөлуді ұмыт қалдырмайтын ескертті. Клубтарда мәдени шаралардың жиі өтіп, кітапханадағы оқырман санын арттыруды тапсырды.  Көпшілік сұрауы  бойынша ауданнан шығатын  басылымдарда ауданға еңбегі сіңген ардагерлер мен еңбек адамдарын көбірек насихаттауға назар аудартты. Аудан халқын Еріктілер жылы, әл-Фарабидің туғанына  – 1150, «Алтын Орданың» құрылғанына – 750,  Абай Құнанбаевтың – 175 жылдығына орай ұйымдастырылатын челлендж, шараларға белсенді қатысуға шақырды. «Өз елімізде отырып жалтақтамайық, өз жерімізде отырып үрікпейік, абыройымыз бен намысымызды сатпайық, салт-дәстүрімізге мығым болып, әдет-ғұрпымызды сақтайық» деді ол.
Жиында әкімге толғандырған мәселерімен сұрақ қоюшы аз болмады.  «Сыр дидары» газетінің Жалағаш, Қармақшы ауданындағы тілшісі Қуаныш Төреев  «Дәметкен ана» балалар сауықтыру-оңалту орталығына, құс фабрикасына, «Сыр Медиа» ЖШС қарасты «Қармақшы таңы» газетіне және зейнет жасында жұмыс істеп жүргендерге қатысты сауалдарына нақты жауап алды. «Ақжол» партиясының мүшесі Жайлыбай Сержанов  көркейту-көгалдандыру, Ерболат Ұзақбаев газды үйге кіргізу мәселесі, кент тұрғыны Зоя Боранбаева: Алдашбай ахун ауылының әлеуеті мен жол жөндеу, Рая Ержанова қоғамдық көлік , журналист Сәкен Алдашбаев Байқоңыр ғарыш айлағы мен «Батыс Еуропа Батыс Қытай» автодәлізінің сапасына  байланысты сұрақтар қойды. Сондай-ақ сала ардагері Мақсұт Өтегенов, спорт саласының майталманы Еркін Атабаев, ардагер ұстаз Алтынкүл Досмаханқызы, журналист Шәкизада Әбдікәрімов әкім есебіне оң баға беріп, елдің алғысын жеткізді.
–  Теңге –тиыннан, ынтымақ – ұйымнан»  деп бастады облыстық мәслихаттың депутаты, жерлесіміз Ш. Әбдікәрімов.
– Рухани игілік, ұлттық құндылық мәселесі, осы төңіректегі міндеттерді жүзеге асыру, туған жерге қызмет ету – ешқандай лауазым немесе белгілі бір көлемдегі жалақы талап етпейді.  «Ұлттың болашағы, елімнің ертеңі» деген азамат туған тарихи идеяларды жүзеге асыруға құлшына кірісіп, айналасына ағартушылық миссия жүргізу керек. Сонда ғана, елдің ертеңі – еңселі, болашағы – жарқын болмақ. Осылай ойлай білетін, мүмкіндігі болып жатса, туған ауылының бір кірпіші болып қаланатын азамат көп болса екен деп,–сөзін түйіндеді. 
Жиын соңында ардагер Жақсылық Қыпшақбаев ақ батасын беріп, жиналған қауымды қайсібір істе болмасын ауызбірлікке, жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА

Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
04 ақпан 2020 ж. 1 250 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031