Елорда көшелерінің біріне Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді
Елордада аты аңызға, тірісінде абызға айналған Әбіш Кекілбайұлының бүгін туған күні. Тірі болса Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері бүгін 80 жасқа толар еді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Біз Алла тағалаға «Әбекеңді алып кеттің» деп өкпе айта алмаймыз. Қазақта осындай ұлы абыз адам болғаны үшін рахмет айтайық. Екі ғасырдың тоғысында, тәуелсіздіктің елең-алаң кезеңінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы, Әбіш Кекілбайұлы секілді ұлы тұлғалардың болуын біздің қазаққа Алланың көрсеткен қолдауы, жақсылығы деп есептейміз. Даңғылдың бойында жүретін өскелең ұрпақ Әбіш Кекілбайұлының кім екенін, осы Нұр-Сұлтан қаласының не үшін салынғанын ескеріп, тәуелсіздігімізді баянды етуге үлестерін қоса берсін деп тілейміз», - деді жиын барысында Қырымбек Көшербаев. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде салтанатты шараға келген жазушының жары Клара Жұмабайқызын құттықтады. Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елорда көшелерінің біріне Әбіш Кекілбайұлының есімі берілуін тарихи оқиғаға теңеді.
«Елбасының қасында жылдар бойы серік бола жүріп, қазақ елін Мәңгілік ел етуге үлкен еңбек еткен ағамыз мәңгі есімізде болары сөзсіз. Әбіш ағамызға бүгін ас беріліп, кешке еске алу кеші өтеді. Бұл - мемлекетіміздің мәдениет қайраткерлеріне, жазушыларға, қазақ елінің бірлігін көтеріп жүрген азаматтарға деген үлкен құрмет. Сондықтан, бүгінгі іс-шара баршамызға құтты болсын», - деді қала басшысы.