» » Базар жырау

Базар жырау

Базар жыраудың балалық шағы жоқшылықпен өткенге ұқсайды. Бала кезінен байларға жалданып, қозы бағып, кейіннен есейе келе қойын бағуды жалғастырған деседі үлкендер.

Бала кезімде үлкендердің қолына су құю қызметін жиі атқаратынбыз. Сондай кезде олардың өзара әңгімелері құдды бір қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқып отырғандай көрінетін еді бізге. Бірінің әңгімесін екіншісі әрі қарай жалғастыра жөнеліп, әңгіменің тақырыбы болып отырған ақындардың шығарған өлеңінен үзінді келтіріп, көп бі­летіні бірнеше шумаққа дейін, ал азырақ білетіні 1-2 төрттағанмен қайтаратын. Қолға су құйып, қызмет жасау күнде бұйыра бермейді. Себебі, үлкендердің бас қосуы тек саған жақын туыс кісілердің үйінде ғана емес, басқасымен де ауысып отырады. Оның үстіне келесі әңгімені тыңдау сәті түссе, әдепкі естігендеріңді жазып алмаған соң ұмытып қалатын кездер болады. Сондай бір үлкендердің бас қосуында айтылған бала Базардың түс көргені жөніндегі әңгіме есімде қалыпты.
Бала Базар қозы бағып жүріп, далада, ауылдан қашық емес жайылымда күн көтеріле ұйықтап қалады. Енесінен ертерек, азанғы уақытта айырылған қозыларды өріске жаю үшін Базар ерте тұрып, егелік жасау керек қой. Сол ұйықтап жатқанда Базар түс көріп, түсінде бір ақ сақалды, үстіне ақ киім киген, келімі келген, басында сәлдесі, қолында дәсбісі бар кісі:
– Базар, айналайын! Маңдайыңа берейін бе, таңдайыңа берейін бе? – деп бір-екі қайталағанда Базар:
– Таңдайыма бер, – деп жауап қатып, сол кезде өзі де шошып оянады. Базар тұра салып, өлеңдете жөнеледі. Ол заматында айналасына қарап:
«Аспан да өлең, көк те өлең,
Құмда өскен шөп те өлең», – деп тоқтамай айта жөнеліпті деген үлкендердің сөзін құлағымызбен естіген едік. Ал Базар сол кезде маңдайыма бер дегенде, есебі жоқ мыңғырған малы бар бай болады екен. Көрдіңіз бе, Құдайдың өзі Базардың аузына «Таңдайыма бер!» деген сөзді салып тұр емес пе? Соның арқасында атағы алты Алашқа жайылып, Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы атанған Базар жырау болды емес пе? Ал маңдайыма бер дегенде, бай болар, бірақ қандай қоғамда болмасын қай бай халықтың, елдің есінде қалып жатыр. Қандай бір шіріген бай болғанымен оларды дәріптеу үшін іздеп жүрген тірі жанды көрмеппін. Оны ешкім де көрген жоқ. Ешкім де көрмей, естімей өтетіні шындық мәселе. Ал Базар жырау тумысы бөлек, өзіндік өлең жазу шеберлігі қарапайым қазақ халқының өмір шындығымен үндесіп жатыр. Ол кітаби ақындар мен сарай ақындарына мүлдем ұқсамайды. Тілі шешен, өте түсінікті, замандастарымен салыстырғанда бұл ақында діншілдік аздау. Халық арасында Балқы Базар деген дүрлігімен аты қалған ХІХ ғасырдағы қазақтың белгілі, көрнекті ақындарының, жырауларының бірі, бірі емес-ау бірегейі.
Балқы Базар қазақтың әйгілі ақын-жыраулары Марқабай мен Қашаған ақын­мен құрдас, замандас болған. Ешнияз салдан 7 жас кіші, Кердері Әубәкірден 20, Кете Жүсіптен 30, Шораяқтың Омарынан 37, Тұрмағамбеттен 40 жас үлкен. Базар жырау 16 жасынан бастап өндіріп өлең жаза бастаған.
Базардың атақонысы – бұрынғы Сырдария облысы, Қазалы уезіне қарасты Көшербай болысының 6-ауылы Қарақ деген жер. Жаңақала кеңшары болған қазіргі Т.Көмекбаев ауылының батысында 16-18 шақырым жерде. Ал мәңгілік қонысы На­уаи облысының Үшқұдық ауданына қарасты терең Қызылқұмның "Жалпақтау" деген жері.
Жалпақтау демекші, Жалпақтау Жаңақала кеңшарының Кекірелі мал жайылымындағы дәл Кекірелінің шығыс жағында Кекіреліден терең Қызылдың жолымен жүріп отырғанда шамамен жарамды мәшинеге түстік жер. Олай дейтінім, 1971 жылдары болуы керек, Қармақшы ауданында комсомолдың 1-хатшысы болып жүрген уақытта аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары марқұм Нағмеддин Егізбаев екеуміз Кекірелі мал жайылымына іс-сапармен бардық. Жаңа­қала кеңшарының бас зоотехнигі мар­құм Рүстем Ахметов және Жаңақала ауруханасының бас дәрігері марқұм Бек­мағамбет Баданов бізбен бірге болды. Жазда мал жайлайтын жайылымды көрдік. Мен Кекірелідегі, ферма орталығындағы қырқымға келіп, жас қырықтықшылар арасында конкурс өткізіп, жеңімпаздарды аудандық комсомол комитетінің грамоталарымен марапаттап, қырқымның мерзімінен бұрын бітуіне комсомол жастардың ықпалын күшейтіп, жұмылдырып, үлкен жұмыстар істедік. Барлық аудандық партия комитеті бюросы тапсырған шаруаларды бірыңғайлап аяқтағаннан кейін Нағымет ағай біздің басымызды қосып, бір жақсы әңгіменің бастаушысы болды. Сол Кекірелі мал фермасының орталығына жақын жерде Қармақшы аудандық обаға қарсы күрес мекемесінің мамандары жұмыс істеп жатыр екен. Оларға зауыттан жаңа келген «ГАЗ-66» мәшинесі бекітілген. Ал Жаңақала ауруханасына «УАЗ» мәшинесі жаңадан келген, оны ең алғаш рет осы Кекірелі сапарына мініп шыққанымызды есепке алып, Өзбекстанның Үшқұдық ауданына қарасты Базар атамыз жерленген «Жалпақтау» аталатын жерге барып қайтуға ұсыныс болды. Нағмеддин Егізбаев, Рүстем Ахметов, Бекмағамбет Боданов, Бекеңнің жүргізушісі марқұм Ақберген Қаңылбаев және обаға қарсы күрес мекемесінен «ГАЗ-66» мәшинесінің жүргізушісі – бәріміз түнгі салқынмен «Жалпақтауға» тартып кеттік. Мұндай жолмен бірінші жүруім, жол өте ауыр, шың төбе, шағыл құм тек мәшиненің сенімділігінің арқасында баратын жерімізге таң біліне жақындап келіп демалдық, 1-2 сағат мәшине үстінде көз шырымын алдық. Таң ата бере қозғалып, «Жалпақтауға» жақындадық. Ол деген бір үлкен жота бел. Алыстан тау құсап көрінеді. Маған «Қарақ» тауына ұқсас жер секілді көрінді. Басында 1-2 үй бар. Сосын бас­тауыш мектеп деп бір шағын үйді көрсетті. Біздегі бір үйлік «финский үй» секілді шағын, бөлмесі онша үлкен емес. Осында малшы балалары оқиды. Біз барған мезгілде оқушылар жазғы демалыста болды, ешкім жоқ. Тек жаңа оқу жылына дайындап қойыпты. Біз көрген, жолыққан кісілердің бәрі қазақтар. Көбісі Шөмекей руынан, ортасында «Адай» руының өкілдері болды. Нәкең Базар атамыздың жерленген жеріне барып Құран бағыштап, тәу етуге келгенімізді айтты. Сол жерде, екі-үш кісі қосылып Базар атамыздың бейітіне бардық. Құран бағышталды, қолымыздан келген, білетін діни рәсімді алдын ала жасап алғанбыз. Базар атамыздың жерленген бейіті басында тұрған түйе малының бас сүйегін көрдік. Оны бізбен еріп келген кісі Базар атаның жерленген бейітінің белгісі деп түсіндірді. Ортамыздағы үлкен кісі Базар жырау туралы тағы бір аңыздың ұштығын шығарды. Оның өзінен бұрынғы Базар атаны көрген немесе естіген кісілердің әңгімесін айтып отырғанына біз де түсіністікпен қарадық. Базар жырау Қызылқұмның ішінде жүргенде ауырып қайтыс болады. Жаңағы кісінің айтуы бойынша, Базардың мәйітін ақ жауып арулағаннан кейін бүкіл шариғат жолы жасалынып, мәйітті нарға артып, «осы нар қай жерге шөгеді, сол жерге жерлейік» дейді. Базар жыраудың өзі соны өсиет етіп кетіпті. Сонымен не керек, мәйіт артылған нартүйе осы «Жалпақтаудың» басына келіп шөккен екен. Сондықтан Базар Жырау осында жерленіпті.
Ақындық пен жыраулықты 16 жасынан бастаған Базар жырау өзінің саналы өмірін, жастық жігерін, ықыласын елге, халыққа қызмет жасауға арнаған. Ол кісінің өлеңдеріне зер салып оқып отырғаныңда халық қамқорын көксеп жазғандарын көруге болады. Базар өлеңдерінде көңіл қос айту, беташар, тағы да басқа жас ұрпақ тәлім аларлық ұлағатты сөздер өте көп. Тіпті халықтың сөзін сөйлегені, жырлағаны үшін сол кездегі үстем таптың қудалауымен Қазалы, Үргеніш қалаларының түрмесіне түседі. Әйгілі Ешнияз сал, Шернияз, Мұсабай, Нысанбай, Бұдабай секілді ақын-жыраулардың үлгісін ұстап, оны әрі қарай дамыта түседі.
1990 жылы атақты Базар жыраудың туғанына 150 жыл толуына байланысты Өзбекстанның Бұхар облысында Кенимех, Тамды, Үшқұдық ауданында тұратын қандастарымыз 300-ден астам ақбоз үй тігіп, Қазақстаннан арнаулы делегация шақырып, үлкен мереке етіп тойлаған болатын.
Базар жыраудың туған жері Қармақшы ауданы бола тұра, бізге арнайы хабар жетпеді. Шақырту келіп, қолымызға тимеді ме қайдам, сол кезде аудандық атқару комитетінің орынбасары болып жұмыс істейтін менің өзім хабарсыз болдым. Базар жырау тойы Өзбекстанда өткеннен кейін 1-2 айдан соң, Алматы қаласында сол кездегі А.Пушкин атындағы республикалық орталық кітап­ханасының залында жыраудың 150 жыл­дық мерейтойына байланысты ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, оған Қармақшы ауданынан бір топ жыраулар барып, өз өнерін көрсетті. Базар жыраудың туған ауылының ақын-жырауларының өнеріне тәнті болған сол конференцияға қатынасуға көрші Өзбекстаннан келген Кенимех, Тамды, Үшқұдық аудандарының бірінші басшылары мен делегация құрамындағы жасы үлкен ардагер ағаларымыз мені ортаға алып, осында Алматыға өнер көрсетуге келген ақын-жыраулардың Бұхара облысына келіп өнер көрсетуін сұрады.
Алматыдан Қармақшыға оралғаннан кейін ауданның басшыларымен ақыл­дастым. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы марқұм А.Әлібеков онша қуаттай қоймады. Күн болса суық, алыс жер деген секілді сылтау айтылды. Дегенмен уәдені ол кісілерге берген мен. Сол кездегі облыстық кеңесі атқару комитетінің орынбасары Д.Есжановаға хабарласып, көмек беруін өтіндім. Ал өзімнің тікелей басшым Аппаз Кәмішев ол кезде аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болатын, ол кісі бірден қолдау көрсетіп, да­йындап жатқан жұмысыма жөнді бағыт сілтеді. Арнайы жыраулар тобы жасақталып, жыраулар мен ақындардан құралған экспедиция жолға шықты. Бұл шара «Базар жырау жолымен» деп аталды. Оның құрамында қазақ сатирасының негізін қалаушы Темірбек Қожекеев «Сатира жанры» деген кітабында «Арлан ішіктен» басқа қазақ әдебиетінде сатиралық повесть жазылмаған» деп баға берген ұстаз, ақын әрі әнші Қали Шыңғысов, атақты жырау Қазақ КСР мәдениет қайраткері, Нартай бригадасының мүшесі Шамшат Төлепова, Жиенбай жыраудың немересі, Рүстембек жыраудың бел баласы Бидас Рүстембеков, Тұңғышбайдың Жаппары атанған белгілі жырау Жаппар Тұңғышбаев, Сәрсенбай жыраудың баласы Алшынбек жырау, Алмас жыраудың ұстазы Орақ Дәнекеров және сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Талапбек Серікбаев болды. Бұл қасиетті «Жалпақтауға» 14 жылдан кейінгі Базар жыраудың шығармасымен толық жарақтанған ақын-жырауларымен бара жатқан екінші сапарымыз болды. 1990 жылдың желтоқсан айы, қар жа­уып тұр. Жүргізушілер мен фототілшілерді қосқанда 15 шақты адамбыз. Ортамыздағы үлкеніміз – Қали Шыңғысов. Құран сүрелерін жақсы біледі және діни салт-дәстүрді жете меңгерген. Әзіл-күлкіге өте мықты кісі еді. Біз жолға жиналып, ортамыздағы Қали ағайдан бата алып, аруақтарға Құран бағыштап Өзбекстанды бетке ала жүріп кеттік. Ол кезде шекара деген мәселе жоқ, бәріміз бір үйдің баласындай Жалағаштағы Аққыр кеңшарының үстімен «Меңей» мен Қуаңдария арасына салынған көпір арқылы терең Қызылқұмның ішімен әуелі Үшқұдық ауданына қарасты Авангард кеңшарына, одан әрі Өзбекстанның Бұхара облысы жоғарыда атаған миллионға жуық қазақ тұратын үш ауданның басшысының жасаған жоспарымен жүруіміз керек. Қалекең айтқандай: «Бұл экспедиция сапары екі республика арасындағы Сыр бойы ақын-жыраулық өнерінің үлкен баға жетпес форумы іспетті бола алды». Қалекең көзі тірісінде Базар жырау жолымен құрылған экспедиция жөнінде «Қармақшы таңы» газетінің екі нөміріне кең көлемде естелік жазды. Өзбекстандағы болған қандастарымызбен жүрекжарды кездесулер мен жүздесулер елге есімі белгілі болған қайсар, қандас бауырымыздың Тамдыдағы алтынның таза қоры бар «Мұрынтаудың» алтынының атын, Баспандағы кен байыту комбинаты және Үшқұдықтың есімін дүниежүзіне мәлім етті. Бірнеше маман осы жердің алтынын қазып, Ленин, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері атанған. Қайсар қазақ, шопан Жабай Балиманов екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, есімі қой кеңшарына беріліпті. Атақты шопан, Кете руының ұрпағы, екі шақырылымдағы КСРО Жоғарғы кеңесінің депутаты болып 10 жыл қатарынан Мәскеуде жерлесіміз Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованы жеңгем деп қатынасып, елдің амандығын біліп тұрыпты. Ол нағыз азамат, сөйлейтін сөзін білетін, парасатты, адами болмысы өте жоғары, барынша қарапайым Қуаныш Данбаев ағамыз болатын. Ал белгілі мемлекет, қоғам қайраткері Б.Исаев Базар жыраудың нағыз ұрпағы Балқы руының өкілі жауапты жұмысын тастап, Сыр бойынан барған ақын-жыраулармен бірнеше күн бірге болып еді. «Алтын шыққан жердің шөбі де алтын болады» дейді қазақ атамыз. Біз болған 3 ауданның жері қой өсіруге өте қолайлы. Бұл өңірде дүниежүзіне кең тарайтын «Жұмсақ алтын» атанған қара, көк, сұр қаракөл қойын өсірудің орталығына айналған өлке екенін толық білдік деуге болады. Ол елдегі халықтың, елдің ақын-жырауларға деген ықыласы, ынтасы, құшағын жая қарсы алуы, тыңдауы, құрметтеуі өзінше бір әңгіме. Ел басқарған аудан үш басшыларынан бас­тап қолында бір-бір дыбыс жазып алатын үнтаспа кез келген жердегі жырларды, айтылған термелерді, оқылған өлеңдерді ілестірмей жазып алып жатыр.
Базар жырау жерленген «Жалпақтауға» барған уақытымызға 50 жылға жақындап қалса, арнаулы ән-жыр экспедициясымен екінші рет барғанымызға 30 жылдай уақыт өтіпті. Міне, тарих! Содан бері қоғам өзгеріп, егеменді ел болдық. Елбасы айтқандай, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған құнды-құнды пікір, ұсыныс, пайым мен зерттеу, зерделеудің қызу жүріп жатқанына қызығушылықпен қараймыз. Соның дәлелі – біздің экспедиция Базар жырау жерленген «Жалпақтаудың» басына көп халық жиналып қалған екен. Адамның санында есеп жоқ. Осыдан 50 жыл бұрын көрген «Жалпақтау» емес, өзбекстандықтар Базар жырау атамыздың басына күнмен шағылысқан үлкен кесене орнатыпты. Кесененің қабырғасында қазақ домбырасы салынған шағын шкаф, қасында қалам, қағаз қойылған екен. Кесенені аралап көргеннен кейін Қали Шыңғысов ағамыздың 10 минут уақытқа жетпей «Базар жырау бейіті басында» атты жыр шумақтары лезде дайын болды, оны ортамыздан Бидасқа орындауды тапсырдық. Ол лезде 2-3 оқығаннан кейін жаттап алып, кесене басында бірнеше мақамға салып орындағанда сол жердегі халық соңымызға еріп жүрген қандастарымыз Қалекең мен Бидастың шалт өнеріне таңғалып еді.
Ал Тамды халқын аралап жүргенімізде кездесу өтетін жерге сәл жетпей далада күтіп тұрған жүз қаралы адамның қарасы көрініп, біз соларға жетіп тоқтадық. Жиналғандар арасында 40 жастан асқан бірнеше жігіт ағасы мен сол жастағы келіншектер саны өте көп. Оның мәнісі былай екен. Шамшат 1950 жылдары Нар­тай бригадасының құрамында болып, осы өңірде болған. Қазақ қашан да ырымшыл халық. Шамшаттың әнін, жырын, термесін тыңдаған қандастарымыз сол кезде өмірге келген балаларына «Шамшат» деп ат қойыпты. Жиналғанның біразы Шамшат атанғандар екен. Бұлардың ішінен ақындар, жыраулар, тағы да басқа өнерпаздар, жазушылар, журналистердің көп екенін көріп таңғалмасқа амалымыз қалмады. Осы жерде Бидас: «Қалеке, Қалеке, көрдіңіз бе, мынау Шамшат апама көрсетіліп жатқан ықыласты, қуанышты кездесулерді. Соған сіз де куә болып отырсыз. Біз сізбен бірге 40 жылдан кейін осында келсек, осындай ықылас, қуаныш болар ма екен?» деп ағасына төтеннен сұрақ тастады. Мәшинеден түсіп бара жатқан Қалекең сұрақты естіңкіремей артына қайта бұрылғанда, Бидас жырау «Қалеке, 40 жылдан кейін ғой» деп қайталады. Қалекең ойланбастан: «Ау, Бидасжан, сол келгенде бізден сәлем айта келесің ғой» деп екі қолымен бетін сипағаны естен қайдан шықсын.

Нұртілеу САЛЫҚОВ
21 тамыз 2019 ж. 2 298 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031