» » Құпиясын ішіне бүккен Сортөбе

Құпиясын ішіне бүккен Сортөбе

Қойнауында талай тылсым тарихи құпия жатқан Тұран ойпаты таң қалдыруын доғарар емес. Тым тереңнен сыр шертетін Сыр өңірінің өткені бүгінгі буынға ауадай қажет. Тарихын танымаған ел мәңгүрт екені рас. Қызылорда облысында арысы Арал, берісі Жаңақорған топырағынан небір тарихи жәдігерлер табылуда. Соның бірі жақында ғана табылған Қармақшы ауданындағы Сортөбе (Ордазы) қалашығы. Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің директоры Сапар Көзейбаевтың ұйымдастыруымен археологиялық зерттеу жұмысы жүріп жатқан жерді көзбен көріп, Сырдария жағалауын көбелей жүріп ашық аспан астындағы музейдің ішіне бүккен тылсымына тәнті болып қайттым.
Сортөбе. Сорлы төбе деген мағынаны меңзейтіндей. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша мұнда келушілердің мүлде жолы болмай, соры қайнап жүреді екен. Көлігі бұзылып, көрігі қашып, абыржып тағысын тағы келеңсіз жағдайларға тап бола беретін көрінеді. Ол ол ма, мұнда зерттеу жүргізіп жатқан археологтар да жұмыс барысында бір өлімнен аман қалған. Қаланың қалың қабырғасы құлаған кезде төменгі жағын тазалап жатқан жұмысшы дер кезінде қашып құтылған. Жеңіл жарақаттар, ештеңе етпейді деп отыр. Тек ескерткіштің бұзылғанына қапалы. Осындай құпия, әрі тылсым тарихтың бүге-шүгесіне дейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің «Археологиялық және этнография» ҒЗО жетекшісі Ә.Тәжекеев таныстырып берді.
Төрт қабырғасы төрткүл дүниенің төрт бұрышына қаратылып салынған қалашықтан төрт адамның мүрдесі табылған. Бірақ, олар бергі дәуірдің адамдары болған соң, мәйіттер аруланып, ақ бозға оралып қайта жерленген көрінеді.
Ескерткішті лайсаң суы сылбырай аққан Сырдария өзені шайып кетуге шақ қалған. Қазірдің өзінде қаланың үштен бір бөлігі ғана дін аман. Өзгесі, өкінішке орай, су астында қирандыға айналған. Осылайша жойылу алдында тұрған ежелгі Сортөбе қаласындағы құрылыстарды сақтау, ашық аспан асты мұражайына айналдыру, оны туристік бағытқа енгізу жұмыстарын жүргізу күн тәртібінде бірінші болып тұр. Маңызы терең, өскелең ұрпақ үшін ең қымбат қазыналарды сақтап қалу жұмысы мұнда қарқынды жүргізілуде.
Исі қазақтың бұрынын бағамдайтын игі істің басы-қасында нағыз мамандар жүр. Атап айтар болсақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттің университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы, Шығыс музейі (Ресей), Измир университеті (Түркия), Кемерова университеті (Ресей), ҚР Ұлттық музейі (Астана), Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейі және Қызылорда облысының тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мамандары арнайы жасақталған құраммен тарих құндылығын ашуда өз іздерін салмақ.
Тарихшылардың айтуына қарағанда, б.з VII ғасырда Арал маңы археологиялық кешені тұрғысынан қарағанда Сыр өңіріндегі байланыстар төмендегідей аймақтарға бөлінеді: Оңтүстік Хорезм (солтүстік-шығысындағы мал шаруашылығымен айналысатын өңірмен тығыз байланыста болған афригид мәдениеті), Әмударияның оң жағалауындағы солтүстік Хорезм – Кердер аймағы (кердері мәдениеті), екі ауданға бөлінетін Шығыс Арал маңы: ежелгі Қуаңдария мен Ескідариялық арналардағы Жетіасар кешені және қазіргі арнаға жақын, Сырдарияның сол жағалауындағы «батпақтағы қалалар» ауданы. Бұл аймақтар мен аудандардың барлығы тығыз мәдени және этникалық байланыста болған. Сортөбе солардың қатарын толықтырмақ.
Осы тұста Сортөбе қаласының өзге өңірлермен байланысын және пайда болуын нақтылау үшін тарихқа шолу жасалық. Әуелі Сырдарияның төменгі ағысында б.д І мыңжылдығында тұрақты, өзіндік ерекшелігі бар мәдениет өркендеген. Жетіасар І және ІІ кезеңдерінде (б.д. І мыңжылдықтың жартысы) ортаңғы Сырдария аудандарындағы мәдениеттерден (Отырар-Қаратау, Қауыншы) басқа көршілес аймақтармен тығыз байланыс­ты болғандығын көреміз. Халық санының көп болуына, өмір сүруге ыңғайлы факторларға байланысты, сол уақытта жергілікті жерді, яғни Сырдарияның төменгі алқабын мекен етіп қалуы мүмкін. Сол уақытта Жетіасар мәдениетінің территориясы барынша ұлғайып, Әмударияның оң жағалауы мен Сырдария өзені арасындағы аудандарды қамтып, Жетіасарлық халықтың үлкен бөлігі осы аймақтарға көшкен екен. Ғалымдардың пікірінше, Жетіасар ІІІ кезеңінде (VI-VII ғғ.) Жетіасар шатқалындағы ескерткіштердің басым көпшілігі өмір сүруін тоқтатады.
Сонымен үшінші кезеңнің аяғында Жетіасар шатқалы шөлге айналып, Жетіасар мәдениеті Сырдарияның төменгі ағысында жоғала бастайды. Алайда, Шығыс Жетіасар қалаларының тобы (қазіргі Жалағаш, Сырдария аудандары аумағы) және Жетіасар шатқалының солтүстігінде, қазіргі Сырдарияның сол жағалауындағы Сортөбе І, Сортөбе ІІ сияқты қалалар өмір сүруін жалғастырып, Арал теңізінің шығыс маңында Кескен-күйік қала, Күйік қала, Жанкент сияқты Оғыз қалалары қалыптаса бастаған болатын.
Осы тізбекті жалғастырып, Сортөбе қалашығы да зерттеле бастады. Сортөбе І ескерткішіне 2007 жылы Ж.Құрманқұловтың басшылығымен Шірікра­бат археологиялық экспеди­ция­сының археологиялық барлау отряды (отряд жетекшісі Ә.Тәжекеев) және «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» (директоры М.Елеуов) жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің археологиялық тобы Сортөбеде болып, оның жобасын сызып, суретке түсіріп, су жайып жатқан құлама жарқабағында тазарту жұмыстарын жүргізіп, судың жағасында, суда жатқан заттарды жинап, олардың суретін салған. Алғашқы жұмыстар легі осылай басталып, қазіргі таңда тың ақпараттар табылуда.
Жаңадан табылған қалашықтың батыс қабырғасы 80 м, оңтүстік қабырғасы 70 м ұзындықта сақталған. Биіктігі 3,5-4 м шамасында. Сортөбенің солтүстік және шығыс қабырғаларын Сырдария өзені толық шайып кеткен. Оның өзен шайып кеткен солтүстік-шығыс бөлігінің оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай ұзын­дығы 120 м, осы бөлігіндегі мәдени қабатының қалыңдығы 3,5-4 метрге дейін жеткен.
Зерттеушілердің бағына қарай қалашықтың керамикалық кешені өте бай, онда VII-VIII ғғ. мерзімделетін бүйірі иінді, қабырғасы бүйірінен ернеуіне сыртқа қарай иілген тостағандар (қызыл ангоб) Жетіасар ІІІ кезеңімен мерзімделетін жәдігерлер арасынан және Отырар қаласынан табылған заттарда осында кезіккен. Сонымен қатар, Жанкент қазбаларынан табылып жүрген ІХ-Х ғғ. мерзімделетін үстінде ойып салынған сызықты өрнектері бар қақпатар, ернеудің сыртындағы жапсармаға қатты затпен батырып салынған өрнегі бар ыдыстар және әртүрлі мақсатта пайдаланылған «қошқар» бейнесіндегі культтік бұйымдар молынан табылған. Қошқар бейнесіндегі ошақ бұл дәуірдегі адамдардың мұсылман болмағандығын, отқа табыну рәсімі жүргенін дәлелдейді дейді мамандар.
Ескерткіштің құрылымын, қызметін және материалдық кешеннің жан-жақты зерттеу шаралары тыңғылықты ұйымдастырылуда. Бүгінде екі жерге қазба салынған. Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу нысаны әлі талай жаңалықтарды жария етеміз дейді.
Сырдария өзені шайып, бұзылып жатқан тік құлама жарқабағында және ескерткіштің жалғыз бұзылмаған бөлігін­дегі қысқа мерзімде жүргізілген жұмыс­тар барысында қол жеткен заттай деректер бойынша қалашықтың жоғарғы мәдени қабаттары VIII-IX ғасырларға мерзімделеді екен. Шамасы, қаладағы тіршілік Сырдария өзені арнасының ауысуына байланыс­ты тоқтап, осындағы халық Жанкент бағытында ығысуы мүмкін деген болжам айтылуда. Сортөбенің пайда болған уақыты, өмір сүрген кезеңдері және ондағы тіршіліктің тоқтауына себеп болған жағдайлар осы ескерткіштің келешекте жүргізілетін археологиялық зерттеулердің нәтижесінде анықталады.
Тағы бір таңқаларлық дерек, Қуаңдария, Ескідария және Сырдария өзендерінің Арал теңізіне құяр маңы, яғни Жанкент қала-жұрты оазисі көне заманнан тұрақты сауда, евразия аудандары көшпенділерінің мәдени және этникалық қарым-қатынас, сонымен қатар, көшпенділер өркениеті мен Орта Азиялық отырықшы оазистерін байланыстырған аймағы болған. Осы жерде атақты сау­да жолдары мен (әсіресе Ұлы Жібек жолы) бірге, тарихи миграция жолдары және олардың өзіндік тоғысулары осы Сортөбеден бой көрсеткен.
Сортөбеде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының ерекшелігі сонда, оны зерттеудің нәтижесінде қазақстандық ортағасырлық археологиясымен осы күнге дейін шешімін таппай отырған ақтаңдақтарының бірі – Оғыз кезеңінің археологиялық мәдениеті туралы жан-жақты, кешенді деректер алуға болады. Сортөбеде келешекте ортағасырлық Қазақстан археологиясының Оғыз кезеңіне қатысты үлгілі ескерткіштердің бірі болып қалуы ғажап емес.
Сортөбе (Ордазы) Қорқыт ата қоры­мына ең жақын Оғыз қалашығы болып табылады. Сол себепті Қорқыт ата кешені-Жосалы-Сортөбе бағыттары бойын­ша туристік маршрут енгізу керек. Қала­шықтың жоғарғы қабаты Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңіне сәйкес келеді. Сортөбе қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарының арқасында Қорқыт баба заманындағы халықтың немесе өзі тұрған тұрғын үйлердің қандай болғанын білуге мүмкіндік туған. Қорқыт ата қорымы мен Сортөбе қалашығы бір кезеңмен мерзімделеді. Оның үстіне бұған дейін ешбір жерден табылмаған қобызға ұқсас тас осы Сортөбеден табылған. Тас қобызға қарап және Қорқыт ата қорымының тым жақын болуына байланысты бұл қалашыққа Қорқыт ата келді деп пайымдауға болады. Мамандардың топшылауы солай. Ал, Сортөбе ескерткіші этнографиялық деректерде кездесетін «Ордазы» қалашығы болып қалуы нақ мүмкін.
Сырдарияның сол жағасына б.з. VII-VIII ғасырларда бекіністі қоныстың салынуы Сыр өңірі тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп бергендей. Сортөбе әлі зерттелу үстінде. Мұнда айтылған деректерден бөлек тағы да тереңнен тамыр тартатын, қарға тамырлы қазақтың тарихын айшықтайтын жәдігерлер табылып қалуы мүмкін. Тірнектеп, тынбай, түрлі тарихи жәдігерлерді жиып жүрген археологтар үкіметтен қолдау болса, бұдан да зор жетістікке жетеміз дейді. Жұмыс алға жүруі үшін сәл көмек болса тарих ғалымдары тарих көкжиегін кеңейте бермек. Сонда ғана Сортөбе тарихи құндылық деңгейіне дейін құлаш ұрады.
А.САЙЛАУОВ.
30 тамыз 2018 ж. 1 991 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031