» » ДАЛАНЫҢ ДӨҢГЕЛЕК МҰНАРАСЫ

ДАЛАНЫҢ ДӨҢГЕЛЕК МҰНАРАСЫ

Бала күнімізде қалаға бару біз үшін қызық әрі орындала бермейтін арман еді. Әсіресе, Сырдария ауданынан нағашыларымыз келгенде, олармен бірге қайтар жолда пойызға мініп, ауылына барып қайтатынбыз. Ол кезде көпшілік «Тоқылдақ» атап кеткен жалғыз вагон сүйреген тепловоз күн сайын қатынайтын. Терезеден телміріп, сайын далаға көз тігіп отырған бала көңіл үшін сол сапарлардың әр сәті ерекше еді.
Сол әр сапарда Қармақшы ауылындағы стансаға жақындағанда алыстан көзге шалынатын бір нысан менің назарымды ерекше аударатын. Ол – биікте мұнартып көрінетін жел диірмені.
Жылдар өтіп, білім алып, қызметке араласқан шақта іссапармен Қармақшы ауылына жол түсті. Сол кезде бала күнгі арманым орындалып, баяғыда алыстан қызықтаған жел диірменін жақыннан көрудің сәті түскенді. Шынында да, бұл жай ғана құрылыс емес, тұтас бір дәуірдің үнсіз куәсі, тарихтың тірі жәдігері еді.
Кез келген мақаланы жазарда дәйекке сүйенеміз ғой. Жел диірменінің тарихы өткен ғасырдың ауыр кезеңдерімен тығыз байланысты болса керек. 1939-1940 жылдары ел ішінде кәмпескелеу мен колхоздастыру науқандары жүріп, халық тұрмысы күрт төмендегені белгілі. Аштық жайлап, жұрттың жағдайы қиындаған шақта тіршілік үшін күрес күшейе түскен. Осындай қиын кезеңде Абыла теміржол бекетіндегі колхозда бір жылдары біраз өнім шығып, шаруаларға үміт сыйлаған.
Сол кезде колхоз басшысы Әлмағамбет Ысқақов ауыл ұсталары Құсейін Мамыров пен Әлнұр Тәтібаевқа маңызды тапсырма жүктейді. Мақсат – Жосалы стансасында біраздан бері жұмыс істемей тұрған жел диірменін ауылға әкеліп, халық игілігіне жарату. Ұсталар бұл істі кідіріссіз қолға алып, әрқайсысы 31 пұт тартатын ауыр диірмен тастарын өгіз арбаға тиеп, ауылға жеткізеді.
Диірмен құрылысы ауыл тұрғындары үшін таңсық болған. Қамкесектен өрілген қабырғасы, төменгі бөлігі үй тәрізді, ал жоғары қарай мұнара болып көтерілген ерекше пішіні көпшілікті таңғалдырған. Ұсталар ағаш бөренелерден айналмалы білік жасап, ұзындығы үш метрден асатын төрт қалақтан тұратын жел ескегін орнатады. Аз ғана желдің өзі диірменді қозғалысқа келтіретіндей етіп жасалған бұл құрылғы сол уақыт үшін үлкен жаңалық еді.
Диірмен алғаш іске қосылған күн ауыл тарихында ерекше орын алады. Мал сойылып, Құдайы ас беріліп, халық жиналған. Бір қап бидай жоғары көтеріліп, арнайы астауға құйылғанда, желдің күшімен айналған қалақтар диірмен тастарына жан бітіріп, қозғалысқа келтіреді. Көп ұзамай алғашқы ұн тартылып, жұрт қуанышқа бөленеді. Бұл сәт – аштықтан титықтаған халық үшін үлкен үміттің нышаны болады.
Осылайша, қарапайым ғана құрылымнан тұратын жел диірмені ауыл өмірінің маңызды бөлігіне айналған. Бір қызығы, оның негізгі тетіктерінің көбі ағаштан жасалып, жалғыз тік біліктен басқа темір қолданылмаған. Соған қарамастан, ол ұзақ жыл бойы үздіксіз қызмет атқарады.
Көп ұзамай Ұлы Отан үшін соғыс басталған жылдары жел диірмені тоқтамай жұмыс істеген. Ер-азаматтар майданға аттанып, ауылда қалған қарттар мен әйелдер, балалар үшін бұл диірмен күнкөрістің басты көзі болады. Ол тек Абыл ауылының ғана емес, маңайдағы елді мекендердің де қажетіне жарап, халықты аштықтан аман сақтауға өз үлесін қосқан.
Уақыт өте келе, техниканың дамуы мен өндірістің жаңаруы жел диірмендерінің орнын басқа құрылғыларға бергізді. Алайда Қармақшыдағы бұл диірмен ұмыт қалмады. 1980 жылы ол қайта қалпына келтіріліп, тарихи ескерткіш ретінде сақталып қалды.
Бүгінде бұл жел диірмені – өткеннің белгісі ғана емес, еңбекқорлық пен табандылықтың символы. Ол – қиын-қыстау заманда бірлік пен шеберліктің арқасында туған туынды. Жас ұрпақ үшін нысан тарихты танып-білудің, ата-баба еңбегін құрметтеудің маңызды құралы болып отыр.
Қармақшы даласында бой көтерген осы бір қарапайым жел диірмені талай тағдырдың куәсі болды. Ол – аштық жылдарындағы үміт, соғыс кезіндегі тірек, бейбіт кезеңдегі естелік. Осындай тарихи жәдігерлерді сақтау – өткенді ұмытпай, болашаққа сабақ алудың бірден-бір жолы.
Желмен бірге айналған диірмен қалақтары бір кезде халықтың өмірін сақтап қалса, бүгінгі күні ол өткеннің үнін жеткізіп тұрғандай.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
02 сәуір 2026 ж. 86 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (10489)

27 наурыз 2026 ж.

№21 (10488)

23 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 764
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

АБЫРОЙ ЕҢБЕКПЕН КЕЛЕДІ
28 наурыз 2026 ж. 127

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 485

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930