«АҚБЕРЕН» АТАНҒАН АЙЫСБЕК
Айысбек Тәуеновпен 1994 жылы Алматы қаласына көшіп келгенде таныстым. Бойлы да ойлы жігіт екені сөз арасынан байқалып отырды. Бір отырыста «Осы Алматыда беделді ағайынның арасындағы беткеұстар азаматтары кімдер?» деп сұрағанымда бір-екі кісі Айысбек, Көшербай, үлкендерден З.Бегімовтің есімін атады. Көп кешікпей, Көшербай Дәулетбаевпен танысудың сәті түсті. Көшербайдың қызметтік бөлмесінде сұлу кескінді, мұртты жігітпен танысқаным есіме түсіп отыр. Ол Жаңатай есімді жігіт Айысбектің балдызы болып шықты.
Сол жылдардан басталған таныстық жалғасын тапты. Бүгіндері Айысбек өмірде жоқ болса да, оның отбасымен араласып тұрамыз. Оған себеп – Айекеңнің Құдай қосқан қосағы Асқарқызы Қадишаның көпшілдігі. Қайда жүрсе де, жұртқа жанашырлық танытып, үлкендігін көрсетіп жүреді. Оның мұндай болуына ата-анасымен қатар, отағасы Айысбектің үлесі бар деп есептейміз.
А.Тәуеновтің бойында биік адамгершілікпен қатар, бауырмалдық молынан табылатын. Оның өмір жолын саралап қарағанымызда талай белесті бағындырғанына көз жеткіземіз. Оқыған оқуы, алған мамандығы, атқарған қызметі рухани дүниеден алшақтау болса да игілікті істің басықасында жүретін. Сонау бір істерде оның ұйымдастырушылық қабілетін, қиын бір жұмысты шешкенін талай мәрте көзіміз көрді. Біз мұны туған жердің топырағынан молынан нәр алған деп білеміз.
Сыр елінде «Ән мен жыр кете еліне қонып, шөмекейлерге түстеніп кеткен» деген ел аузында сөз қалыптасқан. Демек, бір ауылдан жүз жырау шыққан жердің тумасы. Айысбектің ұлы өнерден құр қалуы мүмкін емес. Ата-анасы да өнерге жақын. Айысбектің туған өңірі – Қорқыт абыз бен Қармақшы киелі жер. Оның ата-бабасының есімі Орынбор шекаралық комиссиясының №4 қорындағы архив құжаттарында кездесті. 1851 жылғы жазбада Ерназар Амандықовтың, 1868 жылғы Перовск уездік құжатында (№232 қор) Аққыр болысына қарасты №4 ауылдың адамдарының қыстауы деп көрсетілген. Қызылқұм, Ақтайлақ, Сертам, Сарқұм, Әулие сексеуіл атты жерде қыстап отырғаны жазылған. Бұл тізімде Шынжырбай, Айдарақ, Талас, Әбді, Қуатбай, Үндемес, Есетбай Дайыровтардың, №5 ауылда Құлжабай Жаназаров, Қуанышбай Ерназаров, Мәмбет, Мәмбетәлі Биназаров және Бержан Аманқұловтардың есімі хатталған.
Осындағы Ерназардың (палуан) балаларының басым көпшілігі діни қайраткерлер. Солардың бірегейі Алдашбай ахун (1858-1936). Ал өз басым ахунның бел баласы Асан мақсұммен кездесіп, аз-кем әңгімелескенім бар-ды.
Осы күні жазылып жүрген қарабазар руының шежіресінде Дайырдың жеті ұлының есімі түзілмеген. Шежіреде тек Дайырдан – Тәуен, Баймұрат, Қаражан, Саржан, Сәттібайды жазған. Демек, шежіре жазушылар Дайырдың ертеректе туған жеті ұлының есімін білмеген болар. Бұл деректі Орталық архивтегі құжаттардың арасынан аршып алып, ең болмаса бүгінгі ұрпақ, сондай бабаларымыздың болғанын біліп жүрсін деген мақсатпен жазылды. Дайыр бабаның бір баласы Тәуеннен – Айысбек, Жалғасбек. Жалғасбек – қара шаңырақтың иесі.
А.Тәуеновтің өмір жолын бажайлап қараған адамға, оның екі әке мен екі ананың тәлім-тәрбиесін көріп өскенін байқайды. Ол өзінің «Қазақ елі – мәңгілік бақыт мекені» атты кітабының 218-бетінде «...Бұл келген Көмекбай палуанның немересі Айыс палуан дегені есімде. Көмекбай (палуанның) атаның бізге жақын екенін білемін, туған апам Саржан – ол кісінің келіні. «Бұлар құлыстар еді ғой, ал мен қарабазармын ғой» деп ойлағаным бар. Сонымен, кейін өзімді-өзім тексерсем, қарабазар менің жүрегімде, құлыстар бауырым екен. Оны жаны таза жандар түсінер, тарихи шежіремде, Құдай алдында да қарабазар екенімді».
Шынында да, Айысбектің өмір жолын, ішкі сырын өзінен артық айта алмаймыз. Саржан апа дегені тоғыз ай, тоғыз күн көтерген анасы да, Ран бауырына басқан анасы, туған шешесіне айналған кісі. Ол кісі «Айыс жаным» деп шығарда жаны бөлек болыпты. Айекең, негізі, Құлыс кетенің – Андақұл – Жапағынан. Әріге бармай-ақ, жеті атасын таныстырмақпын. Бірнеше атадан кейін Жауқашар – одан Матыбай. Матыбайдан – Жылқыбай, одан Қоңқа тараған. Қоңқадан – Көмекбай – одан Тінжібек. Тінжібектен – Айысбек осы арадан Айысбек келіп шығады. Менің архивімдегі жазбалардан (1868 жылғы) Қоңқа Жаншуақов пен Бейісбай Жылқыбаевтың есімін кездестірдім. Осындағы Қоңқа Көмекбайдың әкесі деп топшылаймын.
А.Тәуенов – әкесі Тәуеннің 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысқанын, бірнеше орден, медаль алғанын жаза отырып, ол кісінің 93 жасында 1991 жылы (1898 ж.т.) Жосалы кентінде өмірден өткенін анасы Ран Ахметованың 77 жасында 1989 жылы (1921 ж.т.) Жосалы кентінде қайтыс болып, сонда жерленгені нақтыланған. Ал Тінжібек (әкесі) хақында ол кісінің 1896 жылы туғанын, колхозшы болып жүріп, домалақ арыздың кесірінен атақты Тұрмағамбет ақынмен бірге 1934 жылы айдалып, түрмеге қамалған, 1937 жылы елге оралып, колхозшы кезінде 1953 жылдың қысында өмірден өтіпті. Ал Көмекбай палуанға келсек, ол кісі 1870-1871 жылдары туған. Оның есімі Ақмешіт, Қазалы, Ырғыз, Торғай өңірінде палуандығымен белгілі болыпты. Кезінде «Түйе палуан» атанған.
1963 жылғы 10-12 мамыр аралығында Шымкент қаласында өлкелік «Оңтүстік Қазақстан» («Южный Казахстан») газеттерінің құрметіне ұйымдастырылған өлкелік палуандар күресі өткен. Бұл турасында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 15 мамырдағы санында «Палуандар белдесті» атты көлемді мақала жарияланған. Онда Шымкент техникалық институтының студенті Айысбек Тәуенов (ауыр салмақ бойынша) жеңіске жетіп, чемпион атанғаны және суреті қоса берілген.
1966 жылы институттың арнайы жолдамасымен Қарағандыдағы №1 кірпіш зауытында шебер, өндіріс бастығы қызметін атқарып, құрылыс ісінің қыр-сырына қаныға түседі. 1968 жылдың маусым айында Құрылыс материалдары өнеркәсібі министрлігінің шақыртуымен Алматы қаласындағы №3 кірпіш зауытының №1 цехтың өндіріс бастығы, зауыт директорының орынбасары, бас инженер болады. 1978 жылдың сәуір айында Министрлер кеңесінің ұйғарымымен Мәдениет министрлігіне қарасты «Казреставрация» кәсіпорында бас директор болып бекітілді. Бұл жұмыс оң жамбасына келгендіктен, іскерлігі артып, жұртшылыққа таныла бастады. Өзбекәлі Жәнібековтің ақыл-кеңесін үнемі басшылықта ұстапты. Екі жыл ішінде Жаркенттегі Уали-Бай мешітін, Семейдегі екі минаратты мешітті, Жамбыл Жабаев, Сәбит Мұқанов, тағы басқа музейлеріне күрделі жөндеу жүргізді.
«...Ұмытпасам, 1979 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін жөндеу кезінде, карбид таусылып, жұмысымыз тоқтауға аз-ақ қалғанда, әріптесім Сатыбалды (Сәкен) өзінің карбидті Қарағандыдан табатынын айтты және ол уәдесін орындады. Сөйтіп, тығырықтан шыққанымыз бар» – деп ой бөліскен.
А.Тәуенов 1980 жылы «Ниистром проект институтының тәжірибеэкперимент жасау зауытына» бас инженер, кейін директоры болады. 1995 жылы Бұрындайдағы қабырға қалау өндірістік бірлестік президентінің орынбасары, 2001 жылдан «ОАО» Стройэнерго» монтаж кәсіпорнының бас директоры сияқты жауапты қызметтердің тізгінін ұстады. Құрылыс саласында ұзақ жылғы еңбегі министрлік, басқа да ұйымдар тарапынан бағаланып, сыйлық пен мақтау қағазын, алғыс хатын алған. КСРО Жоғары кеңесі Президумының Жарлығымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
А.Тәуеновтің жұмысқа берілгені сонша зейнеткерлікке жасы келіп тұрса да зейнетке шықпай өмірден өтті. «Айеке, неге зейнетке шықпайсың?» дегендерге күлетін де қоятын. Сонымен қатар А.Тәуенов өндіріс саласы, рухани тақырыпқа мақалалар да жазды. «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Түркістан» газеттерінде дін, жастар туралы, атақты екі Мұхтардың Шыңғыс хан туралы мақалаларына аралық сөз айтқан тұлға. Сондай-ақ республика көлемінде өткен ақындар Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 125, Дүр Оңғардың 150 жылдық мерекелік іс-шарасында сөз сөйлеген азаматтың бірі болды. Бір деммен өлең де шығарып тастайтыны тағы бар. Елден келген Қуандық Бүрлібаев, Шамшат Төлепова, Көшеней, Бидас Рүстембеков, тағы басқа өнер адамдарының шын жанашыры бола білді. Оларды қолдады, насихаттады, демеушілік жасамаса да, жебеушісі бола білді. Айысбек өлеңдері сан алуан тақырыпты қамтыған. Ата-анасына, балалары мен немерелеріне, Құдай қосқан қосағы Қадишаға, құдажекжаттарына, енесі, Қармақшыға есімі белгілі Сомкеге, тағы басқаға арнаған өлең жолдары бар.
Қазалы жерінде айтқан көңіл қосы, еліміздің Егемендігі туралы, Түркістанның 1500 жылдығына арнап өлең шығарды. Сол тұста Түркістанда жерленген бабасы Текей (батыр) Қарпықұлына арнайы ас беріп, үй тікті. Ара-арасында өзінің шыққан тегі туралы өлеңінде:
«... Киелі тұқымынан Аманқұлдың,
Демеймін «Мені өзгеден жаман қылдың!»
Қамкөңіл уақытша еткеніңмен,
Иә, Алла, әр істің ақырын бер, аман қылғын» – деп хабардар еткен. Сондай-ақ өзінің ойы мен тұжырымын қағазға түсіріпті.
«...Асауды міну қиын, қуды білу одан да қиын,
Құдайдың назарынан қорық,
Залымның амалынан қорық.
Іштарлық пен қызғаншақтық,
Байқап тұрсаң, екі жау.
Асқан байлық – дұшпан,
Өте кедейлік – сорлылық,
Өзіңе жетерлік – қанағат, зор байлық». Айекеңнің мұндай астарлы да қанатты сөздері жетерлік. Сонымен қатар аралас-құралас болған замандастарының қазасына орай: «Сұңғыла еді ғой ағамыз» (Рүстем Ахметов), «Өзі ғалым – әрі дана еді» (Өмірбек Жалбыров), «Қуандық жырау» (Бүрлібаев), «Сыр елінің абзал қызы» (Нәзтай Сермаханова), «Батыр ана – асыл сөз жинаушы дана» (Сомке Керуенбаева) атты естелік және көңіл қосын білдірген. Айысбек Тәуеновтің өзі де біраз адам туралы сөз еткен.
Ал Айысбек хақында Р.Ахметұлы, О.Ібірашұлы, З.Баймырзақызы, тағы басқа арнау өлеңін жазса, Айекең өмірден өткеннен кейін Ә.Асанов, Ү.Өндібаева, Т.Жайлыбайқызы, Ж.Асқаров, Н.Салықов, Т.Тебегеновтер естелік мақалаларын жазды.
Айекеңнің қосын жеккен жары Қадиша – көпшіл, жайдары адам. Оның жақсылығын асыра білген қадірменді жан. Сыр елінен ағайынтуыс, басқадай келген қонақтар болсын, барын дастарқанға қойып, бәйек болып жүретіні тағы бар. Алматы қаласындағы есігі жабылмайтын екі үйдің бірі. Ш.Айманов көшесіндегі 3 бөлмелі пәтерге бірі келіп, бірі кетіп жататын. Содан да болар, Айекеңнің бір інісі «бұл үй – штаб-пәтер» депті. Десе дегендей, Айысбектей қайраткер ағаның дастарқанынан кім дәм татпады дерсіз. Ең алдымен, студенттік шақтағы досы А.Тшан, академик М.Қаратаев, КСРО халық артисі Р.Бағланова, академикдәрігер К.Ормантаев, Түрікменстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Ойнарбаев, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Д.Ешпанов, сондай-ақ ел-жұртқа есімі белгілі азаматтар З.Бекжанов, Ә.Айсауытов, Қ.Қалиев, З.Бегімов, К.Дәулетбаев, Е.Қайназаров, Ө.Жалбыров, М.Оразбаев, И.Сейделов, тағы басқалар.
Айекеңнің балалары Қайрат, Марат, Қанат атты ұлдары ата-анасына ұқсап көпшіл. Аллаға шүкір, ұлдары түзу жолда. Ата-анасының атына кір келтірген емес. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, олар да ел тірлігіне белсене араласады. Айысбектің келіндері Жанар, Айнұр, Гүлшат, ал Сахи, Айша, Саят, Бекзаман, Айсана, Балайым, Анар атты немерелері де халқымыздың салт-дәстүрінен хабардар. Немеренің бірі Балайым домбыраның құлағында ойнаса, Медина тәп-тәуір ән салады екен. Олардың өнерін көріп, риза болып, батамды да бердім.
Айекең Меккеге барып, қажылық парызын өтеп қайтты. Кейінгі жылдарда Қадиша Асқарқызы да қажылық сапарға барып келді. Дайырдың әйелі Бұлбике мен Ран анасының тәрбиесін алған Айысбек Тәуенов бір қауым елдің емес, ел азаматы болып шықты. Айекеңнің осыншама биікке көтерілуіне жұбайы Қадиша ғана емес, ата-енесі Асқар Бектібаев пен Сомке Керуенбаеваның қосқан үлесі мол болыпты. Оны Айысбектің енесіне арнаған өлеңінен біле аламыз.
Республикаға белгілі азаматтың бірі болған Айысбек Тәуеновтің алып жүрегі 2012 жылы тоқтады. Ағайын-туыс, барша жұрт Айекеңді арулап, «Кеңсай» қорымына жерледі. Бейітінің басына ескерткіш-белгі орнатылды.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
















