» » АЛТЫН МАҚАННАН ҚАЛҒАН БІР БЕЛГІ

АЛТЫН МАҚАННАН ҚАЛҒАН БІР БЕЛГІ

Менің кейіпкерімнің үш есімі бар. Әуелде азан шақырып қойған аты Мақан екен. Алайда кедейлігімен қатар, түрінің қаралығы ескеріліп Қарамақан атанған. Бұл есім ресми құжаттарда көрініс береді. Кейіннен байлығы және жомарттығын ескерген жұртшылық оны «Алтын Мақан» атаған.
Сонымен, Мақанның (архивтік құжаттарда Қарамақан деп жазылған – Т.Д.) арғы-бергі ата-тегіне шолу жасасақ, Алтын руының Мәметек, оның Есеке бөлімінен тарайды. Есеке бабаның Рай деген баласынан Бабақ – одан Түйітбай (архивте Тұмтыбай) болып жазылған. Түйітбайдан – Шегебай, Жиенбай, Айнамкөз, Қалымбет, Әбдіхалық, Ноғайлар өмірге келіпті (Алтын шежіресінен алынды – Т.Д.). Мендегі Перовск уездік құжатта (232 қор), Шегебайдан Итбайды тудырған (1868 ж.), осында Қарамақанның есімі кездеспеді. Демек, Қарамақан бұл кезде 2-3 жастағы бала болғандықтан, түтін, пұл жинау дерегіне ендірілмеген. 1907 жылғы «Тургайская» газетінің №46 санында Қостанайдың әйелдер училищесіне Мақан Жиенбаев 10 сом аударған.
Қарамақан Жиенбаев 1928 жылғы 14 қыркүйекте тәркілеуге түседі. Сондағы бір деректе оның 1856 жылы туғанын жазған. Қарамақаннан – Қарабала (Оразгүл), Омар, Мария өмірге келген. Оразгүл де түрінің қаралығынан Қарабала атанып кеткен (ресми құжатта солай жазылған). Заманның тыныштау кезінде тереңөзектік Қыпшақбайға қазақы салт-дәстүрмен ұзатады. Қыпшақбай Нұрмағамбетұлы да Сыр еліне белгілі байдың бірі болған. Сол тәркіленген байдың баласы (1927 жылы туған) Иса Қыпшақбаев үлкен ғалым болса, оның жолдасы – атақты Лапиндер ұрпағы Әлима Жағыпарқызы. Үйіне шақырып әңгіме үстінде әкесі, нағашы атасы жайлы азды-көпті айтқан-ды. Сол күні Қарабаланың (анасының) немересі Әбделді алдына алып түскен суретін беріп еді. Ол сурет менің жеке архивімде сақтаулы. Анасының 66-67 жасында 1959 жылы Алматыда өмірден өткенінен де хабардар болдым.
Бұрынғыдан үзіліп жеткен әңгімелердің бірінде «Қазанындағы қара су, қайнай-қайнай ұйып қалады. Мұны көрген Мақан «... Кемпірім-ау, Алла-тағала ырзық берейін деп тұр ғой» депті. Аңызға ұқсас әңгіме болса да шындыққа жақын. Содан бастап шаруасы жүріп, бай бола бастайды. Алдымен Жосалы кентіндегі бұрынғы пошта болған жерде Қарамақан шағын керуен сарай ұстапты. Бұдан кейін Қызылорда қаласының орталық алаң маңында Қарамақанның тұрған үйлері және керуен сарайы орналасқан. Ұмытпасам, 1977 жылы жаз айының бірінде алаңнан Сарқырама каналына қарай өтіп бара жатып, ағаш қада, мал байлаған орынды көргенім барды. Қасымдағылар «бұл Алтын Мақанның қора-жайы болған жер» деген-ді. Мақан байдың үйі 1930 жылдан мемлекет қарамағына алынып, кейіннен Қызылорда қалалық емханасы болғанын сонда қызмет жасаған жас дәрігерлер (бүгінде ардагер) Сағындық Шамшиев, Кәрібай Төлеутайұлы айтты. Мұны немересі Ұмсын да мақұлдайды. Әр бөлмеде бір адам жататын, ұзын дәлізі де болды. Бірде 1975-1976 жылдар шамасында Қармақшыдағы әкесі Омарға Қызылорда қаласынан бір кісі келіп, әкесінің салдырған үйінің бұзылайын деп жатқанын, мұрагер ретінде сол үйдің құнын төлейтінін айтқанда, әкем марқұм «... бұрынғының сөзі бар, бүлінгеннен бүлдіргі алма» демекші, менің сол қоражайға еңбегім сіңген жоқ» деп мұрагер болудан бас тартыпты.
Қызылорданың көнекөз қариясы Битілеу Қожбанұлы Байділдаев (1924 жылы туған) «Ата салтын аздырма, қалқам» атты (2002 ж) кітабында былай жазыпты: «Қызылордада ол кезде екі қабат үйлер мүлдем жоқ (1945 ж). Ең көлемдісі де көрікті ғимарат Мақан, Мырқы, Алпысбай, Жұпарбай тамдары мен пошта кеңесі және есі ауысқандар ауруханасы». Бір өкініштісі, сол үйлердің суреттерін де кездестірмедік. Оны айтамыз-ау, Кеңес үкіметіне белсене қызмет атқарған қоғам және мемлекет қайраткерлері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Алма Оразбаевалар тұрған үй кезінде тарихи ескерткіш ретінде есепке алынса да, бұзылып кетті. Қазақстан үкіметінің 1927 жылдың тамыз айындағы шешімімен бай мен жартылай феодалдарды (700) тәркілеу 1928 жылдан бастау алды. Сондай-ақ 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулысымен байдың қай жерге жер аударылатыны алдын ала нақтыланған. Мысалы, Қызылорда округінен – Адай округіне, Қостанайдан – Семей округіне жер аудару алдын ала белгіленіп, арнайы ережемен атқарыла бастайды. Сол ірі байдың бірі болып Қарамақан Жиенбаевтың малын алдымен Қызылорда округінде, кейіннен Қостанай жерінде тәркілеу іске асырылады. Қ.Жиенбаев туралы істе, оның мал-мүлкін есепке алу, тәркілеу 1928 жылдың 14 қыркүйегінде басталып, 1929 жылғы қаңтарға дейін жалғасқан. №135 қордағы істе Қ.Жиенбаевтың Қармақшы ауданының Жамансыр болысының №2 ауыл тұрғынын тәркілеу кезінде Жітіқарада болғаны жазылыпты. 1928 жылғы қаңтардағы қаулы Қ.Жиенбаевтың жайлауға көшпей тұрғанында шығарылған. Осы шешіммен (№17 протокол) Қарамақан, күйеу баласы Қыпшақбай және құдасы Сейіт Нұрмағамбетовтер 1-группамен тәркілеуге жатқызылған. Қаулыға Қали Бұхарбаев қол қойған. Қ.Жиенбаевтың ұрпақтары айтып жүргендей, шынымен де Қарамақанның үш рет тәркіленуге ілінгені шындыққа жанасады. Біріншісі – Қармақшыда, екіншісі – Қостанайда, үшіншісі – Семей округінде өтеді.
Қарамақан Жиенбаевты тәркілеу ісі 31 бетті құраған. Онда Қ.Жиенбаевтың Қостанай округі, Жітіқара ауданы №3 ауылының тұрғыны, осы ауданның №7 ауылында тәркіленгені қатталған. 1928 жылдың 14 қазанында оның малын екінші қайтара есептегенде мал басы – 1050 басты құраған. Алғашқы есептен айырмашылық бар. Оны былай түсіндіріп көрейік: 1929 жылдың басында жоғары ұйымдарға Өтетілеу Тайжанұлы арыз жазады. Онда Қарамақанның малымен бірге 318 бас қойы және 9 бас жылқысы қосыла есептеліп кеткенін, сол малды қайтаруды сұраған. Сол өтініш орындалып, содан да Қарамақан малының есептерінің әртүрлі болуы. 1928 жылдың 16 мизамында Қали Жұбайұлы мен ауылдық кеңес өкілі Исабайұлы қолын қойып, мына мазмұнда жазба қалдырған. Қарамақанның үлкен үйі, екі жер кепесі, қысқы үйі, сарайы, бірнеше шөп шабатын машинасы болғанын растайды (бұл Қармақшыда тексерілген кездегі деректер болды).
Қарамақанның жер аударылғанда отбасында 16 жан болғаны және ондағы ердің бесеу екені, ең жасы үлкені Қарамақан – 72 жаста, кішісі – 4 айлық бала. Әйелдің үлкені – 65 жаста, ол Қ.Жиенбаевтың үлкен әйелі және оның тағы да екі жары мен 1,5 жастағы қыз баланың болғаны нақты көрсетілген. Енді бес ер адам мен 11 әйелдің кім екеніне тоқталып өтпекпін. Ерлер – Қарамақан, баласы Омар, немересі Әбдісатқар, қалған екеуі туысы Шегебайдың немерелері деп ойлаймын. Әйелге келсек, үшеуі Қарамақанның әйелі, екеуі баласы Омардың әйелі, 1,5 жастағысы Омардың қызы Қоңырша, Мақанқызы Мария, қалған әйел Шегебай ұрпақтарының әйелдері болар. Қарамақан Жиенбаевтың тәркілеу ісінде оған мінездеме беріліп, анкета толтырылыпты. Оған қойылған сұрақ: «Патша кезінде әскери болмаса жауапты қызмет атқардың ба? Ақтарға болмаса, Алашордашыларға көмектесіп, мүше болдыңыз ба?» Тағы басқа қитұрқы сұрақтарға «жоқ» деп жауап беріпті. Сайланатын орын мен партиялық топқа кірмегенін, ірі байлар қатысқан жиынға қатыспағанын және қазіргі жүргізіліп жатқан саясаттың дұрыс екенін айтып, 1928 жылғы 14 қазанда қол қойыпты. Осы сұрақ-жауаптың өзінен-ақ Мақан байдың озық ойлы адам болғаны аңғарылып тұр. Ол кісі мал басын көбейтумен қатар, асыл тұқымды малды өсіруге көбірек ден қойған сияқты. Өйткені тәркілеуге түскен төрт түліктің аты-ақ айтып тұр емес пе? Мысалы, «Қарақасқа», «Құланаяқ», «Алаяқ», «Нарбота», «Бозінген», «Бознар» болып кете барады. Оның малының арасында асыл тұқымды айғырлар мен бұқалар және бура, тіпті бәйге аттары да болған сияқты. Сонымен, Қарамақан Жиенбайұлының тәркіленген малмүлкі жайлы есепте 300 бас түйесі, 2 503 бас қойы, 325 бас жылқы, (ірісі – 150 бас), 100 бұзаулы сиыр қатталған. Осы істерде бай малының түр-түсі, ұрғашы-еркегі, ірісімайдасы да назарда болған. Тәркілеу ережесіне сай, ірі қараға шағып есептегенде мал саны – 1266 басты құраған. Оның малын 11 жалшы бақты деген, соның төртеуімен келісімшартқа отырыпты (1928-1929 ж.ж.). Жалшылары – Байкеұлы Байділда, Дүйсен Указшаұлы, Қалымбетұлы Әбдіхалық және Пірімбетұлы Күзен. Шартқа сәйкес әрқайсысына әртүрлі сомада 115, 120, 150 сомға болмаса, малымен төлеуге келіскен. Қалған 7 жалшыға (малшы) келсек, олармен келісімшарт жасалмаған. Демек, олар Қарамақанның туысы болар деп шамалаймын.
Қ.Жиенбаевтың тәркіленген мүліктері – 25 түрлі кілем (түкті, қалың кілемдер, тақыр кілем), 10 ұсталмаған текемет, 9-10 көрпе-жастық, 5 киіз үйі, 4 жай шапан, бір-бірден қасқыр және түлкі ішік, үйде тұтынатын: құман, тегеш-табақтар, самаурын, тағы басқасы. Сондай-ақ киіз үйдің бау-шулары, басқұр, шилер, шыт, сәтен, жібек және мауыты, морыты сияқты маталарда есепке алынып, қатталған. Туырлығы ақ киізбен жабылған екі 6 қанатты және бес қанатты 2 үйі, басқа да заттары тәркіленген. Ең қызығының бірі Қ.Жиенбаевтың отбасына тозығы жеткен (90%) дүниелер, арық-тұрық малының қалдырылғаны жайлы да ақпарат бар.
Құжатты қарап отырсам, малының да, дүние-мүлкінің де бағасын жазыпты. Есептеп көрген адам қаншама сомды құрайтынын білер еді. Тарихи құжаттарды тәркілеуге түскен адамның алыс жолдан діттеген жеріне жеткенше қаншасының өмірден өткені жайлы деректер кездеседі. Семейде Қарамақанды танитындар табылып, көмектескені және тәркілеуде жүрсе де қайта байығаны айтылады. Сол жақта қайта тәркіленген деседі.
Әкесінің ісіне байланысты Қарамақан балаларының көрген қиындығы аз болмаған. Оны ұлы Омардың өмір жолын саралап қараған кісілер бірден түсінеді. Омар бірде Бостандық ауданында, енді бірде Алматы облысы аймағында, тағы бірде Қырғызстанның Қызылқия, Қармақшыда тұрғаны, оның өмір жолының тақтайдай тегіс болмағанының нақты көрінісі. Омар ақсақал сонау 1928 жылдан кейін туған жеріне араға 33 жыл салып оралыпты. Бұл кісі де әкесі сықылды 2-3 әйел алған сияқты. Омар Мақанұлы 1894 жылы туып, 1992 жылы Жосалы кентінде өмірден өтіп, бабалары жатқан қорымға жерленіпті. Кейінгі әйелінің есімі Күләйім, жаңақорғандық Сунақ руының қызы.
Омардың қызы Сыр еліне белгілі ұстаз Ұмсын апа әкесінің Бостандық ауданындағы жұмысына этаппен барып қайтатынын және үнемі қара жұмыс атқарғанын қамыға отырып айтқан. Өзінің 1938 жылы Бостандық ауданында өмірге келгенін, онжылдықты Қырғызстанның «Қызылқия» мекенінде бітіргенін, жолы болып Алматыдағы қыздар педагогтік институтына түсіп, оны бітірісімен Қармақшы ауданында ұстаздық жолын бастаған екен. Осында сүйікті жанын тауып, үлкен отбасына айналған. Оны көзімізбен көрдік. Елге сыйлы болған Нәжімеддин ағамыз бен Ұмсыннан тараған ұрпақтардың өзі бір қауым ел. Олардан Ғалымжан (қыз), Бауыржан, Телжан, Жанар, Гүлжан өмірге келген. Олар республикамыздың әр өңірінде тұрып жатыр. Омекеңнің үлкені Қоңырша атты қызынан Нәмен, тағы басқа ұрпақтар өрбіген. Олардың басым көпшілігі Абай облысының «Шұбартау», «Аягөз» аудандарында тұратын көрінеді.
Омардың ұлы Әбдісатқар архив жазбасындағы 4 айлық бала. Ол Алматы ауыл шаруашылық институтын оқып бітірген. Мамандығы бойынша Алматы облысының Түргенінде, Шымкент, Қармақшы, тағы басқа жерлерде қызмет атқарған. Әбдісатқар ұрпақтарының басым көпшілігі Алматы облысында тұрады. Әбдісатқардан – Серік, Мұрат, Марат, Нұрман туған. Оның үлкен ұлы Серік 2025 жылы қайтыс болды.
Қарамақанның кіші қызы Марияның өмір жолы да соқтықпалы-соқпақты болыпты. Тереңөзектік ардагер Манат Есенбаева, Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы Нахат Көшекбайұлы арқылы Мариямен аралас-құралас болыпты. Атасы Нахат Қарамақанның ағайындары екен. Қармақшыдан жыл сайын Мария қарындасына келетін Омармен де таныс болып шықты. Екі ақсақалға шай құйып беріп отырып, Омардың айтқан әңгімелерін естіген көрінеді. «Шай құйып отырып Омар ақсақалдың әкесінің үш рет тәркіленді» деген сөзін құлағы шалды» деген-ді. Сонымен қатар асқарлықтар Марияны «көккөз» Мария атандырған. Мария Таздар жігіті Әбдірахманмен бас қосып Рахима, Төлеміс, тағы басқа балаларын өмірге әкелген.
отырсақ, Қарамақанның қыз алып, қыз беріскен жері, өзі сияқты елге белгілі кісілер болатын. Мырқынның Мүсілімінің қызын ұлына, Нұрмағамбеттің Қыпшақбайына қызы Қарабаланы ұзатыпты. Жоғарыда жазып өткендей, Қ.Жиенбаевтың қаншама мал-мүлкі болды. Бүгінде солардың бірі жоқ. Тіпті Қызылорда қаласында Мырқы Жарасбаев, Қарамақан Жиенбаев, тағы басқаларының салдырған үйінің суреттері де жоқ. Тек ел арасында көнекөз қариялардың айтқан аңызға ұқсас әңгімелері ғана. Олардың айтуынша: «... үйлерінің дуалы саз балшықтан құйылған, қоршалған, төбелері шатырсыз тып-типыл үйлер еді. Қазіргі «Сарқырама» каналының маңында мөңіреген сиыр, боздаған түйе, маңыраған қой, кісінеген жылқының даусы жиі естілетін. Бұл дауыс Қарамақанның керуен сарайынан шығатын».
Осы зерттеу мақаламды жазу барысында Қызылорда облыстық, қалалық архивтері мен облыстық, қалалық музей басшыларына сұрау салып, іздеген едік. Еш нәрсе табыла қоймады. Әйтеуір көңілге жұбаныш Қарамақаннан қалған ХХ ғасырдың 20-жылдарында үйде басына киіп отыратын қалпағы. Бүгінде бұл құнды дүние немересі Ұмсынның сандығында.
Қарамақан Жиенбаевтың өмір жолы сан тарау. Оның жай ғана бай емес, малын асылдандырумен қатар, ағайын-туыстарына, айналасына қамқоршылық жасапты. Сондықтан да жұртшылық арасында Қарамақанның есімі құрметпен аталады. Халық «Алтын Мақан» деп есім берген біздің кейіпкеріміз көзі тірісінде-ақ аты Сыр еліне кеңінен жайылған. Сондықтан азаматты қадірлеу, еске алу сияқты игілікті істердің орайы келіп тұрған сияқты. Ол айдауда болғандықтан ба, Қарамақанның бел баласы Омар балалары мен немерелеріне әкесінің өмірі туралы ешнәрсе айтпаған сияқты. Немерелері әкесінің, шешесінің есімін де білмейді екен.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші-жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
26 қараша 2025 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10458)

25 қараша 2025 ж.

№89 (10457)

22 қараша 2025 ж.

№88 (10456)

18 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 951
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 637

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930