» » Ел есіндегі Ерімбет

Ел есіндегі Ерімбет

Сексеуіл тасуға сол кезде «штанпопка» деп аталып кеткен машинамен Байдырахман, «ЗИС» деп аталатын 6 цилиндрлі өзі түсіретін машинаман Какпан сияқты жүргізушілер бөлініп, мектептегі сол күні сабағы аздау ер мұғалімдер мен «жоғары сынып» болып саналатын 7-сыныптың 4 ұлы Қажымұқан, Құрышбек, Рысбек және мен, 6-сыныптан Қоңырбай мен Сейтжан сабақтан босатылып, кезектесіп баратынбыз.
Қуаңдария ауылындағы No186 орта мектептің алғашқы жылдардағы жағдайынан хабардар ететін Қазекеңнің жоғарыдағы мақаласынан басталған мектеп тарихына үңілсек, ауылдағы бала тәрбиесімен айналысып отырған үлкен ұжымның 60 жыл бойы ауыл өмірімен сабақтаса өрілген өсу жолын көреміз.
Сонымен жаңадан ашылған No186 сегізжылдық мектептің алғашқы директоры Тілеген Әбдікешов деген кісі болды. Сол жылдары 50 жастың ол жақ, бұ жағына келіп қалған селдір қарабурыл шашын артқа қайырған дөңес мұрынды кісі өзінің өрлігімен, от ауыз, орақ тілді шешендігімен, жауапкершілігі мол, іскерлігімен ауданға танымал адам еді. Осыдан бұрын Жаңажол, кейін Энгельс атанған колхозды 10 жылдан астам уақыт басқарған бұл кісі белгілі қызметтер істеп, көпшілікпен араласқан мол тәжірибесімен кеңшар басшыларын да, ауыл халқын да ауызына қаратты.
Өзі Ұлы Отан соғысына қатысқан, осы күнгі тілмен айтқанда соғыс ардагері. Шығыңқылау қарнын алдына жіберіп, кең кеудесін кере ұстайтын, көнетоз сұрғылт кителін (пиджактың молдау пішілген иығы қомақталған етектілеу түрін ол кезде осылай атайтын) үстінен тастамайтын кісі еді. Өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Айтатын сөзін мақал-мәтелдермен тұздықтап, арқыраңқырап сөйлейтін.
Соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, түрлі қиындықтар көрген бұл адам сабақ беру үстінде болсын, басқа да реті келген жерде өзінің сөзі ме, әлде бір ақыннан оқып ұнатқан соң әдетке айналдырған ба:
«Аянбай кіріс жауменен,
Өлеріңді, өлмесіңді –
Тағдыр білер әзелде...» – деген өлең жолдарын үнемі айтып отырғанды жақсы көретін. Сірә, бұл ол кісі үшін майдан даласында кезекті шайқасқа шығар алдында талай қайталанып, дұғадай жатталған өлең тіркестері болуы керек. Барлық жұмысын да осындай «ірі турайтын» Тәкеңді сол кезде аудан халқы ерекше сыйлады.
Оқу ісінің меңгерушісі – Нұрадин Ибраев қолынан электротехникалық заттарын жөндеу келетін, ток жолының ережелерін білетін кісі. Шалғай мекенде радист қызметін атқарған да кездері болған. Тарих, география пәнінен сабақ берді. Қаз ГУ-дің тарих факультетін сырттай бітіріп алды. Сол кезде 40-қа келе қоймаған кезі болуы керек, «ИЖ-планета» маркалы мотоциклімен көлік болмай сабаққа келе алмаған балаларды жинап жүретін.
Шалғасқаттағы мектепке көшіп келген 1965 жылы интернат балалары кешкі тамағын ішіп, ертеңгі сабағына дайындалып болған соң мектеп мұғалімдері кезектесіп, балаларды мектептің акт залы атанған шеткі бөлмесіне жинайды. Бұл мәдени-көпшілік шаралар уақыты. Мектепте, мектепте емес-ау бүкіл ауылда жалғыз телевизор бар. Биіктігі 16-18 метр болатын 6 метрлік 3 шырғайды құрап, басын Төретам осы тұста-ау деген бағытқа қаратқан 7 элементтік антеннамен телебағдарламалар көруге отырамыз. Бірде дыбысы ғана естіліп, бірде быжырлаған толқындардың арасынан адамдардың кескіні көрініп қалатын телевизордың құлағын бұрап, әртүрлі тетіктерін басып, жиналған жұртқа бірдеме көрсету тек осы Нұрекеңнің ғана қолынан келеді.
Сондағы көретініміз, (онда да сәті түсе қалса) – Төретам арқылы Москваның бірінші каналынан берілетін орыс тіліндегі хабарлар мен әртүрлі көрсетілімдері. Көбісіне түсініп те жатқан жоқпыз. Бірақ жақсы ермек. Төретам деп отырған себебім ол кезде Ленинск деген қала барын ауыл адамдарының көбі біле де бермейді.
Осындай кезеңде телевизор көрсетіп, ол болмағанда 16 милиметрлік киноаппараттан оқушылар бағдарламасы негізінде мектепке алынған киноленталардан фильмдер көрсетіп оқушылардың бос уақытын шамасы келгенше тиімді, мазмұнды пайдалануға Нұрекең көп жұмыс жасайтын.
Физика-математика пәнінен сабақ беретін – Раушан Тәжіғұлова апай. Өткен жылы Ақжар мектебінде 6-сынып оқып жүргенімізде оқу жылының соңына таман келіп физикадан сабақ берген. Осы кісінің келуіне сәйкес өтейін деп тұрған сабағымыздың тақырыбы «Қатынас ыдыстар» екен. Жаңадан келген апайымыз бір қолына класс журналын, екінші қолына көрнекілік үшін бір шыны түтікті прибор ұстай келіпті. Төрт тармақтан тұратын түтікшелердің біреуі – жуан, екіншісі – жіңішке, үшіншісі – ирек-ирек, төртіншісі де сондай, өзгелеріне ұқсамайтын астындағы көлденең түтіктен тарап жатқан бір ыдыс түрі. Сабақты түсіндіріп тұрып, әлгі түтіктің біріне су құйып еді формасы әртүрлі болғанына қарамастан құйылған сұйық төртеуінде бір деңгейде тұрғаны! Бұл қатынас ыдыстардың негізгі қасиеті екен. Келесі сабақта ең бірінші қол көтеріп, қатынас ыдыстар туралы айтқаныма жаңадан келген апай «5» деген баға қойды. Бес алып жүргенім жаңа емес, бірақ осы сабақ есімде қалыпты. Осыдан кейін физиканың не екенін түсіне бастадым десем де болады. Міне сол апай жолдасы – совхоздың бас зоотехнигі Сламбек Жақсылықов ағамыздың қызмет бабымен Қуаңдарияға келіп, Ерімбет мектебінің алғашқы жоғары білімді мұғалімі болды.
Махамбет Құлахметов, Қойтан Әбдікәрімов деген ағайлар бастауыш сыныптарға сабақ берді. Махаң сол жылдары Қызылордадағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне сырттай түсіп, біздерге еңбек пәнінен де беріп жүрді.
Қойтан ағай болса сабағымен қоса мектептің шаруашылық жағын басқарды. Интернат балаларына асханаға қант, шай, какао, күріш, қарақұмық, жарма ботқасы, тағы басқа тағамдарды даярлау үшін күнделікті таразыға салып өлшеп, аспаздарға беріп жататын. Бұл екі кісі әрі көрші, әрі үнемі бірге жүріп, бірге тұратын болған соң жұрт «Қойтан мен Махамбет» деп екеуін бір-ақ айтады. Көбіне мектептің шаруашылық жұмыстары осы екі кісіге тапсырылады.
Оқу жылының басында орыс тілінен Иван Иванович Серебряков деген кісі сабақ берді. Интернатта ұлдар жататын бөлменің шет жағына керует, тумба қойып, бізбен бірге жатты. Киген киімдері көнетоздау, жағаларын өзі бір шыны ыдысқа құйып алған авиа бензинмен тазартып жүретін. Кескін-келбеті сол кезде мұғалім деуге келе бермейтін бұл кісі бір ауыз қазақша білмейтін еді. Ал біз болсақ орысша білмейміз. Бүкіл Ерімбетте онымен сөйлесетін Сламбек, Раушан апай, Нұрадин ағай сияқты 4-5 адам ғана бар.
Кейін естуімше Ұлы Отан соғысында сол кездегі облыстық оқу бөлімінің бастығы Уәли Төрәлиевпен майдандас болса керек. Қызылорда қаласында отбасы жағдайы дұрыс болмай жүрген жерінен о баста мұғалімдік курс бітірген қаруласын «күнін көрсін, елді жерде түзеліп кетер» деген оймен шалғай елді мекендегі мектепке жіберген ғой. Бұны қиын шақтарда қимас дос болған, көзкөрген, қаруластардың бір-біріне деген қамқорлығы деп түсінген жөн болар.
Бірақ бұл кісі мектепте ұзақ жұмыс істеген жоқ. Қазан айының ортасына таман мұғалімдер алғашқы айлығын алған кезде ол кездің мұғаліміне тән емес, ерсі қылық болып есептелетін «100 граммның» кесірінен чемоданын жинап, келген жеріне қайтуына тура келді.
Оның орнына күзге таман Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі, әдебиеті факультетін бітірген Кәрен Ахметов деген ағай келді. Орыс тілінен сабақ берді. Артқа қайырған шашы екі айырылып, бір жағы шоқтанып тұратын осы кісі мектепте баян тартатын. Баян тартқанда да тек қана «Қарлығаш» деген әнді қайта-қайта ойнай береді, басқа ән тартпайды. Оның себебін өзі:
– Институтты бітіріп, диплом алар кезде мемлекеттік емтихандардан басқа болашақ мұғалім қандай да бір музыкалық аспапты меңгеруі керек деген институт басшылығының талабымен жатпай-тұрмай, біріміз домбыра, біріміз сырнай, біріміз баян, тағы басқа аспаптарда ойнауды еріксіз үйрендік, – деп түсіндіретін. Сонымен бұ кісі мектептегі жоғары оқу орнын студент аудиториясында отырып бітірген екінші адам болды. Әртүрлі себептермен бұл кісі де мектепте бір жарым айдан артық істеген жоқ. Орнына сол кезде Жосалыдағы орыс мектептерінің бірін жаңа бітірген Мәмбетәлі Байназаров деген ағайды алып келді. Бұл кісі бізге орыс тілімен бірге химия, биология пәнінен де сабақ берді.
Балайым Досмамбетова апай химия-биология пәнінен сабақ берді. Қазақы кең етек көйлекпен ырғала билеп басатын кісі еді. Ерімбеттегі мектепте сабақ басталған алғашқы уақытта Шалғасқаттан мектепке бала таситын Баян деген кісінің машинасының кабинасында отырып келетін. Күн суыта бастағаннан Шалғасқаттың балалары интернатқа орналастырылып, совхоздың бас бухгалтерінің жолдасы болған соң келімді-кетімді кісі көп, күнде Ерімбетке келе алмауына байланысты жұмысын уақытша тоқтатты-ау деймін. Қармақшыдан келген Мәмбетәлінің химиядан сабақ беруі осыған байланысты болған шығар.
Интернат тәрбиешілері болып Аманқос Ержанова, Әлила Тілеуқабылова апайлар істеді. Қысқа қарай келген Қарасай Ержанов деген кісі де тәрбиеші болды. Өзі суретті жақсы салатын. Әртүрлі бояулармен өрнектер мектеп залына, кластарға тақырыптық стенділерді, класс бұрыштарын безендіріп беретін, қабырға газеттерін шығаруға басшылық жасайтын. Қысқасы мектептің көркем безендірілуі сол кісіге тапсырылған.
«Коммунизм шамшырағы» газетінің 1964 жылғы 3 қараша күнгі санында «Ерімбеттегі сегізжылдық мектепте 88 оқушы бар» деп көрсеткен екен. Алайда алғашқы айда 8-сыныпта оқыған 2 оқушы – Алдамжар Әдиев, Күлән Ержановадан басқа бала болмауына байланысты сынып жабылып, 7-ші оқитын біздер жоғары класс оқушылары атандық.
Оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда мектеп директоры Тілекең өлкетану, жер тарихы, ел тарихы деген мәселелерге көбірек ден қоятын. Жылы күзде жүруге жарайтын 5-7 сынып оқушыларын мұғалімдерге ертіп Таңатар үйтамына жаяу апарды. Бұл Ерімбеттің солтүстік-шығыс жағында 3-3,5 шақырымдай жерде тұрған өзектің жағасындағы үйтам еді. Таңатардың кім болғаны жөнінде, айналасында жатқан өзі білетін адамдар жөнінде әңгіме айтты. Бір төмпешіктің жанындағы домаланған теп-тегіс тасқа жазылған арабша жазуларды оқып берді. Кім екені есімізде қалмапты, адамның аты-жөні мен дүниеге келген, қайтқан уақыты жазылған тас екен.
Күз айында бір жаңбыр жауған күні ертеңіне түс қайта Ерімбеттің түстік жағындағы шағын асарға апарып көрсетті. Жаңбырдың жаууын күткендегі мақсат, ылғал кепкеннен кейін дуал болған қабырғаның үсті кебе қоймай ызаланып жатады екен де, бос кеуек, бөлмелердің үсті тез кеуіп кетеді екен ғой. Мамыр айында Шалғасқаттан бала таситын машинамен Қарақ тауына апарды. Жаңақаладағы мектеп басшыларымен келісіп, сондағы интернат асханасынан тамақтандырды. Біздің заманымыздан бұрынғы IV-II ғасырлар ескерткішіне жататын Қосқаланы да сол жылы тамашаладық.
Сондай күндердің бірінде алғашқы директор ағай қасына екі-үш адамы бар Күндебай деген кісіні мектепке алып келді. Шамасы, түнде үйіне қонып шыққан болуы керек. Жасы сол кездерде 70-тен асып кеткен, қолында қаптаулы домбырасы бар осы кісі бізге қызық көрініп, соңынан қалмай жүрміз. Домбырасының пернелері әдеттегіден жалпақтау. Шамасы, ешкінің ащы ішегін шала кептіріп, ұршыққа иірмеген қалпы тартып тастаған-ау!
Кейін білгеніміздей, бұл кісі әйгілі Нартай труппасының белгілі актері болған, жырау Күндебай Алдоңғаров екен. Мектептегі үлкен залға кластардан парта әкеп қойып, жыр тыңдауға отырдық. Ауруханасы бар, дүкені бар, сол шұқырдағы оншақты үйдің адамдарымен зал әп-сәтте толды. Термелер айтылды. Тұрмағамбет пен Омар шайырдың жырларынан да бір-екеуін айтты-ау деймін, соның ішінде ерекше бір сазды ырғағымен есте қалған «Зілқараның әні» деген әнді мен кейін Сыр жырауларынан да, Батыс пен Арқа жыршыларынан да естіген емеспін. Арқалы жырау бұл әнге келгенде өзінің боздаған дауысымен ыңылдай қайырып, жетіспеген жерін төкпелей шертілген домбыра дауысымен толықтырып жіберіп отырады екен.
Бұдан басқа өзінің «Күндебайдың күлдіргілері» деген циклмен репертуарына кіргізген он шақты әңгімесін айтқан кезде залда отырғандар әлсін-әлсін қол ұрып, жырауды жібергісі келмей қалды. Арнайы концерт қою үшін емес, жай ағайыншылап жүрген зейнеткер кісі ғой, Күндекең жырын аяқтап, тұрғалы жатқанда көпшіліктің ыңғайын байқаған Тілекең жырауды иығынан басып отырғызып қойып:
«Айт, тағы бір, екеуін!» деген ғой.
Жырау бір күліп алды да, домбырасын қағып-қағып жіберіп, термелете жөнелді. Байқаймыз, басқа арнаға көшкен сияқты. Иығын қомдап қойып үстін-үстін төгеді келіп. Ұзақ сонар жырынан ұғып қалғанымыз, жаңа құрылып жатқан шаруашылықтың тайқазанын тасытып жатқан еңбек майталмандарына құтты қадам, берекелі тірлік тілеп жатқан сияқты. Ауыл азаматтарының әрдайым бірлік пен ынтымақта болып, жылма-жыл зор табыстарға жете беруіне тілек қосып жатқан сияқты.
– Қанша қашық дегенмен бұл өлке кешегі өзіміздің ата-бабамыздың өскен жері, жүрген жері. Мыңғыртып мал өсіріп, елдің ырысы мен несібесін молайтқан жер. Тусырап жатқан тың жер деп жүргендеріңмен бұл жердің ойы, шұқыры, даласы мен төбелері бізге ертеден таныс. Анау Мәстәд төбесінде талай мәслихатты құрғанбыз. Қожеке мен Тоғанасты басшы ғып хиуалықтарға да қарсы тұрғанбыз. Дін жолында құрбан болған Ақмырза мен оның мергендері – Төлеген, Абаттардың ерлік істерін ашық жырлай алмай ішімізден тынғанбыз, елі үшін жанын пида еткен асылдарымыздың рухын жоқтай алмай талай бармағымызды шайнағанбыз, – деп төкпе жырын бәсеңдетіп кеп, аяғын көңілді әуенге айналдырып, осы залда отырғандарға сипаттама берумен бітірді.
Әртүрлі мақамға салып сонша айтылып жатқан жыр-толғауларынан екі ауыз есімде қалғаны:
«Зәуіде осындай бір кездескенде,
Әдеті Тілегенжанның еркелейтін.
Қарамай шаршағанға, шалдыққанға,
Тұрғызбай орыныңнан желкелейтін» деп директор ағайға қарап күлген жері. Ақындардың ішінде осындай суырып салмалары да болатынын сонда білдік.
Қалай дегенмен, Ерімбет жерінде өткізген балалық шағымыз есте қаларлықтай қызғылықты болды.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
17 наурыз 2024 ж. 409 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031