» » Ақсақ қыз кесенесі қәм Қорқыт пен қырық қыз аңызының сарыны

Ақсақ қыз кесенесі қәм Қорқыт пен қырық қыз аңызының сарыны

Қорқыт ата ескерткіш-кешенінен оңтүстікке, сегіз жүз елу метрдей жерде Ақсақ қызға арналып кішігірім ескерткіш қойылған.
«Қорқыт ата» ескерткіш кешенінің авторы, сәулетші Бек Ыбыраевтың журналистерге берген бір сұқбатында: «...Аңыз бойынша, Қорқыт қайтыс болғаннан кейін Ақсақ қыз судың ортасында қалған Қорқыттың қобызын әкеліп, дарияның жағасына қояды. Жел соққанда қобыздың ішектері азалы үн шығарып тұрады. Содан Қорқыт атаның басына белгі тұрғызу туралы идея пайда болды...» дейді. Ал, Ақсақ қыз кесенесінің салыну тарихына келер болсақ, бұл кісі тағы былай дейді: «...біздің айналамызда жүргендердің туыстары арасынан 11 адам о дүниелік болды. Өзім өлімнен қалдым. Содан мектепте оқитын кішкентай бақсы қызға бардық. Болған жағдайдың бәрін баяндап, себебін айтып беруін сұрадым. Сонда әлгі қыз баланың айтқаны: «Бір әжені көріп тұрмын, аяғы ақсақ, сол кісі назалы, ажалдың себепшісі сол». Есіме Қорқыт жайлы аңыздағы Ақсақ қыздың сап ете қалғаны. «Ақсақ қыз ба?» десем, «Атын қайдан білесіз? дейді кішкентай бақсы қыз.
Ақсақ қыздың бірнеше жыл бұрын тұрған мұнарасын солдаттардың қиратып тастағанын естігенмін. Дереу пойызға отырып, Жосалыға келдім. Қармақшы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ө.Мұхамбедиевке кіріп, жағдайды түсіндіріп: «Ақсақ қыздың мұнарасын қайта тұрғызбасақ, бәрімізде ана жаққа кетеміз» дедім. Кірпіш, цемент тауып берді. Мұнарасын қалап біткеннен кейін Ақсақ қыздың әруағынан тізерлеп отырып кешірім сұрадым. Содан кейін тынышталды ғой. Ажалдың бәрін әкеп жүрген Ақсақ қыз болып шықты» дейді. Біз бұл жерде Ақсақ қыздың киелі, әулие кісі болғандығын байқауымызға болады.
Қорқыт туралы айтылатын қазақ аңыздары өте көп. Оның бірі «Қорқыт пен қырық қыз». Қазақтың аса көрнекті ғалымы әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» атты ғылыми-зерттеу кітабында ол былай айтылады: - Қорқыт қашан дүниеден көшкенше өлімге мойын ұсынбаған. Өлімнен қалай құтылудың емін іздейді, ылғи дүние кезіп жүрген. Бірақ қайда барса да алдынан «Қорқыттың көрі» шыға берген. Қара жерде тұру қорқыныш бола берген соң, Қорқыт су үстінде тұрып көрейін деп, кілемін Сыр суының бетіне төсейді, қарындасын қасына алып, кілемнің үстінде отырып өмірге, еліне, жеріне арнап мұңлы күйлер тартады. Сарнап шыққан Қорқыттың қобызының даусын естігенде өзен бойында отырған елдер үйінде шыдап отыра алмайды. Олар тобымен өзеннің екі жағалауына жиналып, Қорқыттың күйін емірене тыңдайды. Қобыздың дауысы кешкіқұрым Сырдариядан алыс жатқан Арқадағы елдерге де жетеді. Қобыз дауысымен елегізген Арқаның қырық қызы Қорқыттың күйін тыңдауға құмартып үйлерінен жүгіре шығады. Басында қобыздың даусы жақыннан шыққан сияқты еді, бірақ қыздар күндіз-түні жүріп жете алмады. Бетпақтың шөліне кездеседі. Жол-жөнекей ел таба алмай, 39 қыз өкпесі өшіп өледі. Тек қырқыншы қыз аяғынан айрылып, Сыр жағасына жетіп, Қорқытты көріп өледі.
Және де тағы бір аңыздарға үңілетін болсақ, Арқадан іздеп келген Ақсақ қыздан Қорқыт бір перзент көріпті дейді. Бірақ күндіз-түні ажалдан қашып, қобызын сарнатқан Қорқыт баласы мен зайыбына көңіл бөле алмайды. Ал, баласы мен зайыбы Сырдың жағасында өмірлерін өткеріп, Қорқыттың тілеуін тілеумен болады. Содан бала есейе бастағанда анасының бағып-қағып алдандырғанына місе тұтпай, қобыз тартып отырған әкесіне талпынуды шығарады. Уыздай білегін созып, бұлқына ұмтылып, неше түрлі қызық көрсете бастайды. Бұған Қорқыттың да жүрегі елжіреп, бауыры аяғының басына түскендей күй кешеді. Бірақ, амал жоқ, қобызын тоқтатып, жағалауға шықса, ажал тұзағына ілігетінін біледі. Сонда Қорқыт баласына телміре қарап, көзі көріп тұрса да, емірене иіскей алмай, бауырына қысып мауқын баса алмай мұңаяды. Мұңая отырып баласын алдандыра жұбататын «әупбай-әупбай» күйін тартады. Осы көріністің куәсіндей болып ұрпақ есінде «әупбай» күйі сақталған.
Қазіргі таңда Ақсақ қыз кесенесі мемлекет қорғауына алынып, алдын ала тарихи және мәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілген. Ескерткіштің географиялық координаттары 45۫ 35 ۫47,9 Е 063 55 ۫ 46,3. Құлаған төрт қабырғасы төрт құбылаға қараған. 7х7 м. көлемді. Ескерткіштің орны бастапқы бейнесінде 1,5 м төбе түрінде сақталған. Қыш кірпіштен қаланғанға ұқсайды. өлшемдері: 23х23х3 см, 25х25х7 см. 1998 жылы археолог Т.Мәмиев жан-жағын топырақтан аршып, зерттеген. Ол қабір үсті құрылыстың күмбезді түріне жатқызылады.
Қазақ халқының ғасырдан ғасырға ұштасқан тарихи мұрасын сақтау, өткені мен бүгінін жақындастырып байланыстыратын құнды жәдігерлерді қорғау және жас ұрпақтың өздерінің тарихын жете білуіне ұйытқы болу-бүгінгі біздің басты міндетіміз бола бермек.

Айдынбек СКЕНДИРОВ
11 қаңтар 2024 ж. 512 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031