Дүрбелең жылдар дүмпуі
Жалғасы.Басы
qarmaqshy-tany.kz Бұл құжаттардың ішіндегі біз үшін маңызды болып отырғандары облыстық мемлекеттік архивтен алынған ревком төрағасы Қабылан Қашқынбаев пен оның хатшысы Саврейдің қолымен жөнелтілген қатынастардың, телеграммалардың облыстық мемлекеттік архив директоры куәландырып, мөрін басқан көшірмелері. Және тарихшы Іскендір Бағатовтың өз қолымен жазылған 17 беттен тұратын қолжазбасы.
Белгілі тарихшы ағамыз Іскендір Бағатов Қашқынбайұлы Қабылан туралы облыстық мұрағаттан іздестіріп көптеген мәліметтер тапқан. Сол жылдары Қабылан жасағында болған көнекөз қарияларды іздестіріп солармен көп әңгімелескен. Жинақталған материалдарды сұрыптап, газет тілшілеріне берген және өзі де бірнеше мақала жазып, нәтижесінде ел ішінде аты аңызға айналған Қабылан батыр жөнінде көптеген жайлар белгілі болған. Бұл әрине елеулі еңбек.
Осындай ізденісті жұмыстың қорытындысымен Жосалы кентінің шығыс бетіндегі мөлтек ауданның бір көшесі «Қабылан батыр» атымен аталды. Төменде сол Іскендір ағаның қолжазбасынан Жосалы кентіндегі жұрт білетін тарихи ғимараттарға қатысты жазылған мына бір жолдарды да өзгертпеген қалпында оқырманға ұсынғанды жөн көріп отырмын:
«Қабылан Қашқынбаевтың жәрдемшісі, сардары болған әрі жиені, сексеннен асқан шұңғыр алтын Қармақшы қыстағында тұратын Сұлтан Қаражігітов ақсақал былай дейді: Бала кезім, елдегі болып жатқан жағдайды толық білемін. 1916 жылғы дүрбелеңде Қабылан жасақ жинап күні-түні жоғарыдағы аталған ұсталарға Төлебаевтар Әбілқасым, Мәтқасым және ағайынды Жәнкенеев Міржақып, Әбулерге қару-жарақ соқтырып жатты. Жасағы екі мыңнан асты. Көптеген істі, шараларды жүзеге асырғанының куәсімін.
1.Мағзұм Зәріпов (ноғай) ірі қалталы сәудагердің дүкенін май айында ортаға салса, ноябрь айының бас кезінде оның өзі отырған үйін ауруханаға алып берді. Бұрынғы хирургиялық аурухана. Қыш там.
2. Жанайдың баласы Шәңкімелден Жәкен туады (шұңғыр алтын) ірі бай еді. Соның малдарын түйе, жылқы, қой, астықтарын алып қызыл әскерге, жарлыларға бөліп таратып берді. Отырған үйін НКВД-ға алып берген еді. Бұрынғы милиция мекемесінің үйі. Қыш там». (Қабылан Қашқынбай баласы туралы тарихшы І.Бағатовтың қолжазбасынан).
Осындағы Мағзұм Зәріповтың үйі деп отырған ғимарат ерекше еңселі, мықты, сәулетті үй еді. Іргетасының биіктігі адамның кеуде тұсынан келетін бұл ғимаратқа екі басындағы 4-5 сатылы басқыш арқылы кіретін. Сапалы қыштан салынған үй кеше, 2000 жылдардың басына дейін аудандық аурухана, кейінірек аурухананың хирургия бөлімі болып, халық игілігіне қызмет етіп келді.
Жәкеннің үйі деп аталатын екінші үйге байланысты әңгіме аудандық полиция бөлімінің мына бір мәліметтерімен сәйкес келеді:
«Совет үкіметі құрылған жылдары жас мемлекеттің алдында тұрған негізгі мәселенің бірі ішкі және сыртқы жаулардан қорғану, қауіпсіздікті сақтау мәселесі болды. Алғаш ішкі істер органдары осы тұста ашыла бастады.
Алғашында тұрақты мекен-жайы болмаған бұл тәртіп мекемесі сол кездегі Су көшесінің (қазіргі Т.Рысқұлов көшесі) бойындағы 10 бөлмелі үйге орналасады. Бұл Жәкен деген байдың үйі екен.
Қам кесектен өрілген биік дуал ішіндегі үлкен үйден басқа алдында сарайы және ат, түйе сияқты күш көліктерді ұстайтын атқорасы болды. Электр жарығының орнына керосин шамы, көлік ретінде салт мінетін аттар мен шана, түйе арба пайдаланылды» (Ауданның 80 жылдығына орай кітап дайындау кезінде жинастырылған мәліметтерден).
1916 жылғы көтерілісте Қармақшы аумағының түрлі ауылдарынан қосылған жасақ жауынгерлері Қабылан батырға адал болғандығы байқалады. 1919 жылдың жазында Қарақұм жерінде аз ғана қолмен келе жатқан Қабыланды ақгвардия әскерлері ұстап алып: «Бізге Амангелді батырдың дерегін айт» деп қысым жасайды. Ешқандай дерек ала алмаған соң Торғайға айдап алып кетеді. Жағдайды есіткен Сауин деген кісі бастаған отряд Жосалыдан шұғыл аттанып, көп күшпен батырды босатып алады.
Осы оқиғадан көп ұзамай ақтар отряды 18 адамымен Қабыланды қоршауға алады. Басқа еш ылажы болмай, қарүйде отырған Қабыландар атысты бастап кетеді. Екі жақтан да шығын болады. Соның ішінде құрдасы Тәжібаев Құттымұрат пен жаппас Қараман оққа ұшады. Ақжарлық қожагелді Құттығұл Қауысов ауыр жарақат алып, кешегі қайтыс болғанға дейін осы жарақаттың зардабын тартып жүрді, – дейді қарулас достары Қаражігітов Сұлтан ақсақал.
ХХ ғасырдың 17-ші жылында алып империя – патшалық Ресейді құлату жолында бүкілресейлік жұмысшы-шаруалармен бірге Орта Азия елдерінің шаруалары да сол кездегі коммунистік партияның және оның көсемі Лениннің шақыруымен атқа қонғаны белгілі.
Осы кезеңде Жосалыда жасақталған Хилковский бастаған партизан отряды жаңа үкіметке тұс-тұстан шабуыл жасап жатқан шетел басқыншыларына қарсы күш біріктіріп, Перовск партизандарына қосылды. Ақтөбенің Қандыағаш даласында елеулі күш алып тұрған атаман Дутов әскеріне қарсы Жосалыдан алғашқылардың бірі болып майданға аттанған Нұртаза Көлбаев, Өмірзақ Мерістемов, Нұрбай Айтбаев, Қоңырбай Жүрімбетовтер арнаулы бронепойызда жүріп, пойыздардың, темір жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне араласты.
Ақ гвардияшылар тарапынан майдан даласына әскер, қару-жарақ, азық-түлік әкеле жатқан пойыздарға тұтқиылдан шабуыл жасалатын. Темір жол бекеттерінен алыстау елсіз жерлерде жолды бұзып кету жағдайлары жиі кездесетін. Жол бойындағы бейбіт тұрғындардың өміріне сан түрлі қауіп төндіретін. Осындай қысылтаяң кездерде бұзылған жолдарды дереу жөндеу, пойыздардың тоқтаусыз және қауіпсіз жүріптұруын қадағалау кезінде табан астынан кездескен жауға тойтарыс беру ісі жосалылық Нұртаза Көлбаев, Қоңырбай Жүрімбетовтер бастаған шағын отрядқа оңай болған жоқ.
Бұлар кеңес үкіметін құру ісіне белсене қатысушылардың бірі болып «Қызыл партизан» атанды. Жосалылық Илияс Егізбаев, Құлмахан Бимаханов, Жүсіп Қаратаевтар бұлардың қатарын толықтырып, ақгвардияшыл Колчак әскерлерін талқандауға да қатысты.
1904 жылдардан бастап Орынбор-Ташкент теміржолының салынуына қатысқан жосалылық Алтыру Махамбетов те 1917 жылғы Қазан революциясы басталысымен бұрынғы патша үкіметінің жергілікті органдарын құлату ісіне араласты. 1918 жылдан бастап жаңа құрылған милиция органында қызмет етіп, 1919 жылы атаман Дутовтың әскеріне қарсы Ақтөбе майданында партизан отряды қатарында үлкен ерліктер көрсетті.
1920 жылдың мамыр айында Гурьев арқылы Москвадан келген азамат соғысының батыры, командир Әліби Жангелдинмен кездесті. Сол жазда 500-дей қарулы әскермен көмекке келген Әліби отрядымен бірге Ақтөбе, Торғай даласында ақгвардияшыларды жеріне жеткізе талқандап, жеңіспен елге оралды.
Азамат соғысында ерлік істерімен көзге түсіп, қиян-кескі ұрыстарда қажырлылық танытқан «Қызыл партизандар» Нұртаза Көлбаев, Қоңырбай Жүрімбетов, Алтыру Махамбетов пен олардың қаруластары жас совет үкіметін нығайту ісіне, соғыста бүлінген тіршілікті қалпына келтіруге белсене араласты. Жаңа үкімет құру, жаңа қоғамдық жүйені нығайту ісіндегі еңбектері бағаланып, партия қатарына алынды. Алдыңғы қатарлы еңбекшілер ретінде құрметке бөленді, кейінірек 1960 жылдарға қарай еңбек демалысына шығып, «дербес пенсионер» атанды.
«1928 жылы Совет органдарының бірінші сайлауы болды. Осы сайлауда партия, совет ұйымдары мен Жосалы поселкесінің халқы маған зор сенім көрсетіп, Жосалы поселкелік Советіне депутат және поселкелік советтің председателі етіп сайлады. Бұл жұмыста 1932 жылға дейін істедім», – деп жазды азамат соғысына қатысқан Нұртаза Көлбаев ақсақал «Өткен күнді еске түсірсек» деген мақаласында («Қызыл ту» газеті. 1961 жыл, 24 июнь).
1920 жылдың 26 тамыз күні «Қазақ АССРін құру жөніндегі декрет» деп аталған ерекше құжат дүниеге келді. Бұған Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитетінің Председателі М.Калинин мен РСФСР Халық Комиссарлары Советінің председателі В.Ленин қол қойды. Осыдан кейін-ақ Қазақ Советтік Автономиясы туралы ереже әзірленіп, республиканың революциялық комитеті кең көлемде жұмыс жүргізді. Революциялық комитет жанынан егіншілік, азық-түлік, әскер мәселелері, халыққа білім беру, тағы сондай-сондай бөлімдер мен басқармалар құрылып, кейін осылар халық комиссариатының құрылуына негіз болды.
Сөйтіп, Қазақстан Советтерінің бірінші съезі 1920 жылғы 4 қазанда Орынборда ашылды. Оның алғашқы құрылтай съезі «Қырғыз (Қазақ) АССР еңбекшілер праволарының декларациясын» бекітті. Аса маңызды саяси құжат саналған бұл декларация бойынша еңбекші халықтың, шаруалардың республикасы болып табылған бұл өлке Советтік республикалық федеративтік одағына автономия болып кірді. Осы құжатта баянды етілген тармақтардан Қазақ АССР-інің құрамына Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары мен Астрахань губерниясының қазақтар мекендейтін бір бөлігі енгендігін көруге болады.
Айта кететін жағдай, біз тұрған өлке 1918 жылы Советтерінің V съезінде Түркістан Республикасы болып, құрамына Сырдария, Жетісу облыстары енген еді. Түркістан республикасының Қазақ АССР-інің құрамына кіруі осыдан біраз кейін 1925 жылдары жүзеге асырылды. Бұл кезде республика астанасы Орынбордан Қызылордаға көшірілгендігін өткен мақалада айтқан болатынбыз. Сонымен бірінші құрылтай съезі адамды адамның қанауын жою жөнінде, барлық өндіріс құралдарын: фабрикалар мен зауыттарды, рудниктерді, банкілерді еңбекшілер мемлекетіне беру туралы қаулылар қабылдады. Сондай-ақ, бұл съезде социалистік құрылыстың аса маңызды мәселелері: экономикалық құрылыс туралы, совет юстициясын ұйымдастыру туралы, халыққа білім беру, денсаулық сақтау ісі және әкімшілік басқару сияқты бірсыпыра мәселелер жөнінде тиісті шешімдер шығарды. Бұлардың бәрі сайып келгенде жұмысшылар мен шаруалардың мызғымас одағын құру, халықтар достығын нығайту, елдің экономикасын жақсартып, мәдениетін көтеруге ұмтылыстың талаптары болатын. Алайда, бұл кезде елді тойындыру, сауаттандыру, денсаулық сақтау, шаруашылығын, өндірісі мен өнеркәсібін дамыту сияқты үкімет алдында тұрған мәселелер шаш-етектен еді.
ҚКП аудандық комитетінің бірінші секретары Көмекбай Қаракөзов республиканың 40 жылдық мерекесіне орай жазылған «Аудан экономикасы мен мәдениеті өркендей түсуде» деп аталған мақаласында: «...Алғашқыда 1717 майда шаруашылығы бар, 5136 адамы бар, ірі қарасы, уақ-жандығын қосқанда 33005 малы бар он ауылдық совет болды... Аудан көлемінде тұрған халықтың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысты да, олардың 10-15 пайыздай ғана бөлігі егін, бақша егумен шұғылданды. Октябрь революциясына дейін аудан көлемінде Ыбырай Қасымов деген бір мұғалім қызмет еткен жалғыз-ақ орысшақазақша бір бастауыш мектеп, бір дәрігері бар фельдшерлік пункт болды. Бұл уақытта аудан жерінде клуб, кітапхана, кино қондырғылардың және өнеркәсіп орындарының бірде-бірі болған жоқ» – деп жазды («Қызыл ту» газеті. 1961 жыл, 24 июнь).
Бұнда аудан жеріндегі халықтың 1920 жылдардағы жағдайы сөз болып отыр. Майда шаруашылық деп отырғаны сол кезде құрыла бастаған артельдер мен түрлі серіктестіктер болса керек.
Дүниені астаң-кестең еткен осынау дүрбелең жылдары екі ғасырлық бодандықтың езгісінен құтылу жолындағы алғашқы тұяқ серпулерге басшылық жасаған қармақшылық қаһармандардың ерлік істерін ұрпақ жадына жеткізіп отыру аға буын өкілдерінің парызы деп білемін.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
ардагер журналист