» » Қазаққа астана болған қалалар

Қазаққа астана болған қалалар


Кез келген мемлекеттің астанасы саяси-әкімшілік орталық қызметін атқарады. Қазақ жерінде де астана мәртебесіне ие болған қалалар аз емес. Тарихымыздың түркілік кезеңіне жататын Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағандықтарының астанасы Суяб қаласының іргесі қазіргі Қырғызстан Республикасының аумағында V-VI ғасырларда қаланған.
Шу алқабындағы Баласағұн қаласы Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемлекеттерінің бас қаласы ре­тінде жазба деректерде Х ғасырдан бас­тап белгілі. Тараз қаласы Х ғасырдан бас­тап Қарахан мемлекетінің астанасы және Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болды. Тарихы VII ғасырдан басталатын Түркістан облысындағы Сайрам, Х ғасырдан бастап белгілі Отырар қалалары да өте көне астаналардың қатарына жатады. IХ-ХI ғасырларда қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданының аумағында орналасқан Жанкент қаласы оғыздар мемлекетінің өркендеген астанасы болды. Сонымен бірге, Орталық Қазақстандағы Орда-Базар, Сыр бойындағы Женд, Сауран мен Сығанақ қалалары да сан рет бас қаланың рөлін атқарған. Мысалы: Орда-Базар қаласы Жошы ұлысының астанасы болған. Қазір ХIII ғасырда қала орналасқан жерде Жошының мавзолейі бар.
Қазақ хандығының 1456-1457 жыл­дардағы алғашқы астанасы – Шар қаласы. Қаланы Қозыбасы тауының маңынан Шу өзенінің жоғарғы жағынан қазақ сұлтан­дары салдырған. Қала жаңа құрылған мемлекеттің сыртқы және ішкі қауіпсіздігі үшін құпия қала болып есептеледі. Көп жағдайда іргетасы ХІІІ ғасырда Қаратау мен Мойынқұмның Бетпақ-Даламен шектесетін тұсында қаланған көне Созақ қаласы астана ретінде қарастырылады. 1480-1511 жылдары қазақ хандығының бас ордасы Сығанақ қаласында болды. Қаланың орны қазіргі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Сунақ ата» елді мекенінде орналасқан.
1511-1523 жылдары Сарайшық Сыға­нақтан кейінгі Қазақ хандығының астанасы. Қасым хан өзі уақытында ел астанасын Сығанақтан Сарайшыққа көшіреді. Қала Атырау қаласының солтүстігінен 55 шақырым жер­де Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Іргесі XI ғасырда қаланған көне қаланың жалпы аумағы 100 гектар.
Көне қала аумағында қазақ халқына толықтай мойындалған 12 әулиенің, жеті ханның сүйегі мен бір ханның басы жерленген.
Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласының тарихи орны ерекше. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке, Әбіл­мәм­бет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хандардың тұсында қазақтардың айбын­ды астанасы болды. Жоғарыда аталған қалалардың кейбірі бүгінде тарих қойнауына сіңіп, археологиялық зерттеу объектісіне айналса, енді бірі сан ғасырларды артқа тас­тап бізге дейін жетіп отыр.
ХVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап Қазақстан Ресейдің құрамына өтіп, саяси тәуелсіздігінен айырылды. Ресей 1822 жылы Орта жүзде, 1824 жылы Кіші жүзде хандық билікті жойды. Қазақ халқы ұлттық мемлекеттілігі мен астанасы жоқ бодан елге айналды. Ресей империясы жау­лап алу саясатының нәтижесінде қазақтар өздерінің байырғы қонысынан айырылады. Осы туралы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген айтыскер ақын Мұрат Мөңкеұлының:
«…Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,
Сарытау, Аштарханның жерін алды, – деуі тегін емес. Сарытау, Аштархан деп отырғаны қазіргі Ресейдің Саратов және Астрахань облыстарының жерлері. Одан әрі қазақтың басқа жерлері «генерал-губернаторлық – облыс – округ – болыс – ауыл» болып, бес сатылы әкімшілік басқару жүйесіне көшеді. Сырдария және Жетісу облыстарының орталығы Ташкенттен, Орал мен Торғай облыстары Орынбордан, Ақмола мен Семей облыстары Омбыдан басқарылды.
1917 жылы Қазақстанда Алашорда үкі­меті құрылып, саяси-әкімшілік орталық ретінде Семей қаласы таңдалады. Алайда Алашорда үкіметі де алаш зиялылары астана деп таныған Семейде кеңес өкіметі тарапынан ресми мойындалмады.
Жалпы, ХХ ғасырда Қазақстан астанасын төрт рет ауыстырды. Алдыңғы үш астананы ауыстыру Мәскеудің пәрменімен іске асты. 1920 жылы 26 тамызда Бүкілресейлік ОАК мен РКФСР ХКК “Қырғыз автономиялы социалистік кеңес республикасын құру туралы” Декрет қабылдады. РКФСР ОАК-тің 1920 жылы 22 қыркүйектегі жаңа Декретімен Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы Қазақ АКСР құрамына қосылады. Орынбор Қазақстанның бас қаласы болып жарияланады. 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң Сырдария және Жетісу облыстары, Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енеді. Осы тұста ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан ауыстыру мәселесі көтеріледі. 1924 жылы қыркүйекте Қазақ АКСР-і ОАК-нің сессиясы ел астанасын Ташкентке ауыс­тыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы шығарады. Алайда, И.Сталиннің нұсқауымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады. 1925 жылы 9 ақпанда Қазақ АКСР-і ОАК мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарады. Сол жылы 15-19 сәуір аралығында Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі хал­қымыздың орысша “киргиз” деп аталуын “қа­зақ”, “Киргиз АКСР-і” атауын “Қазақ АКСР-і” деп өзгерту және республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылдады.
Сыр бойының экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз дегенді желеу еткен Ф.Голощекин басқарған Қазақ өлкелік комитетті ел астанасын Қызылордадан Алматыға ауыстыруды жөн деп тапты. 1927 жылы 3 наурызда «Қазақстан астанасын Алматыға көшіру туралы» республиканың ОАК мен ХКК-нің қаулысы жарияланады. Бұл қаулы 1927 жылы 3 сәуірде Қазақстан Кеңестерінің VІ съезінде бекітіледі. 1927 жылы 30 мамырда Мәскеу бұл шешімді мақұлдады. Ел астанасының Сыр өңірінен Жетісуға ауысуына Түркістан-Сібір темір­жолының іске қосылуы да әсер етті. Ауа райы қолайлы, табиғи көркем жерде орна­ласқан Алматы аз уақыт ішінде елдің сая­си, экономикалық, мәдени орталығына айналды. 1936 жылы Қазақ АКСР-ы РКФСР құрамынан бөлініп, Қазақ КСР-ы болып қайта құрылды. Алматы қаласы 1929-1936 жылдары Қазақ АКСР-ның, 1936-1991 жылдары Қазақ КСР-ының, 1991-1997 жылдары Қазақстан Республикасының астанасы болды.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін астананы елдің оң­түстік-шығысынан республиканың орта­лығы бөлігіне көшіру мәселесі көтерілді. Мемлекеттің жаңа астанасын орналастыруға оң­тай­лы қаланы анықтау мақсатымен рес­­публиканың бүкіл аумағы мұқият зерттеліп, талдау қорытындылары барлық нұсқалардың ішінен ең қолайлысы Ақмола қаласы екендігін көрсетті. 1995 жылы 15 қыркүйекте ҚР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заңдық күші бар Жарлығы жарияланады. 1997 жылы 20 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Қаланың халық­аралық таныстырылымы 1998 жылы 10 маусымда болып өтті. 2019 жылы 20 наурызда Астана қаласының атауы ресми түрде «Нұр-Сұлтан» деп өзгертілді.
Қазіргі Қазақстан – әлем таныған егеменді ел. Қазақ – қасиетті даласынан табан аудармаған көне дәуірдегі сақтардың, ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы. Сондықтан болашақта Нұр-Сұлтан әлемнің ең ірі, ең әсем де көрікті қаласына айналатынына кәміл сенеміз. Себебі, қазақ халқы – ертеңі үшін, келер ұрпағы үшін өмір сүріп келе жатқан халық.
Серік ТҰРЫМТАЕВ,
№30 орта мектептің тарих
пәнінің мұғалімі
07 қыркүйек 2021 ж. 2 595 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 996

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031