«Қызылоба» – Алтын Орданың 750 жылдығына үлкен сый
Былтыр Солтүстік Қазақстанның Уәлиханов ауданындағы Береке ауылының маңындағы «Қызылоба» деген жерден Алтын Орда хандары мен ханшалары және басқа да төрелері жерленген оба табылғанын оқырмандар жақсы біледі. Еліміздің барлық ақпарат құралында бұл туралы кеңінен жазылды. Өзіміз де «Егеменнің» бетінде ол туралы 2-3 рет жаздық. Оны қазуды Павлодар мемлекеттік университетінің Margulan centre орталығынан Тимур Смағұлов пен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Анатолий Плешаков бастаған археологиялық орталықтар бастаған еді.
Ақмола облысында ағатын Сілеті өзенінің бойында ортағасырлық архитектураның, мәдениеттің ескерткіштері бар екенін алғаш рет Әлихан Бөкейханов өзінің «Ақмола уезі Қорғалжын болысындағы Сілеті өзеніндегі обалар тізімі» деген еңбегінде айтып кеткен болатын. Артынан академик Ә.Марғұлан да оны растаған. Өткен ғасырдың 80-90-жылдары осы жерлерді Солтүстік Қазақстан университетінің А.Плешаков бастаған архитектуралық тобы біршама зерттеген. Бірақ қазба жұмыстарын жүргізбеген. Өйткені мұндай обаларды зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізуге Кеңес Одағында 1944 жылы қатаң тыйым салынған. Барлық тарихты, өркениетті өмірді тек өздерінен бастағысы келген компартия билігі ежелгі тарихтың бәрін жоққа шығаруды қалап, осындай шешім жасаған екен.
Ал еліміз Тәуелсіздігін алған соң, 2003-2007 жылдары бұл жерді С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінен археолог Т.Смағұлов бастаған экспедиция қазған болатын. Алайда олардың қазбаларынан айтарлықтай ескерткіштер табылмай, тек былтырғы қазба ғана нәтижелі болып, бұл жерден кірпіш күйдіретін өндіріс орны, бірнеше төрелер мен хандардың мавзолейі, сонымен қатар әйелдердің әшекей бұйымдары сияқты артефактар табылған. Археолог Т.Смағұлов оларды 14-16-ғасырларда өмір сүрген Жошы хан династиясының хан-сұлтандары мен төрелері және олардың ханшалары деп болжаған. Қабірлерге жерлеу дәстүрі мұсылманша болғандығы да Алтын Орданың Ислам дінін қабылдағаннан кейінгі зираттар екенін де айқындаған.
Сонымен бірге мұнда жерді суару жабдықтарының сілемдері де табылды. Қазылған арықтар, су тартатын шығырдың іздері соны айқындайды. Мұндай жабдықтар спутникпен және пилотсыз аппараттармен түсірілген фотолардан да көрініп тұр. Керамикалық ыдыстардың қалдықтары, құмыралар да көптеп табылған. Ашық далада жатқаннан болуы керек, бұл обаларға бағалы заттарды қазып алуды ғана көздейтін «қаражүрек археологтердің» қолы жетпеген екен. Тың көтеруге келген ұры-қарылар да бұл обаға тиісе алмапты. Тимур Смағұлов бұл жерде 14-16-ғасырларда өмір сүрген кем дегенде 7 билеушінің өзі мен отбасы мүшелерінің мавзолейлері бар деген болжам айтып отыр. Осы жеті қорғанның әзірге солтүстік-шығысындағысы ғана қазылды.
Биылғы қазба жұмыстары мавзолейдің конструкциялары ортағасырлық құрылыстарға жататынын дәлелдей түсті. Жаман індеттің кесірінен жарияланған карантиннің жұмысты тежеуіне қарамай қазба жұмыстары жаз бойы жүргізілген. Жуырда биылғы қазба жұмыстарының есебі жасалды. Былтыр ені мен көлденеңі 30 және 40 метрді құрайтын обаның өзі қазылған болса, биыл оның солтүстік секторындағы 100 шаршы метр алаң қазылды. Ол мавзолейдің қабырғасы 25х25х5, 25х24х5, 24х24х5 см көлеміндегі кірпіштерден қаланғанын анықтады. Обаның кірпіштерін қалаған материалдар балшық және алебастер құйындылары екен. Солтүстік қабырғаның қалыңдығы 2,45 м, шығыс қабырғасынікі 2,3 м, биіктігі 0,92 м. Әйел адамның қалдықтары табылған бір обадан салпыншағы бар жарты ай тәріздес алтын сырға, күміс оқалар табылды.
Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры А.Плешаковтың айтуына қарағанда, ендігі қазбалар жерленген мүрделердің өзін қазуға арналады. Бұл жұмыстар келесі көктемде басталмақшы. Ғалымның айтуына қарағанда, сол кезде табылған артефактар Қазақстанның оңтүстік-батысында табылған қазба өнімдеріне ұқсас болуға тиісті.
Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан аумағында 100-ден аса нысанға қазба жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде ежелгі адамдардың материалдық және рухани мәдениетін көрсететін көптеген коллекция жиналды. Атақты Ботай, Долматово сияқты археологиялық ескерткіш орындары республикалық мәдени мұра қорына енгізілді. 2020-2021 оқу жылының көктемінде университет студенттерін Қызылобаға экскурсияға апару жоспарланған. Ал 2021 жылғы қазба жұмыстарына «Тарих» және «география-тарих» мамандықтарын оқитын студенттер мен магистранттар қатысатын болады.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраеваның айтуына қарағанда, археологтердің олжалары біз құрамында болған Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтетін биылғы жылға үлкен сыйлық болды. Оның билеушілерінің Қазақстан аумағында өмір сүргендігінің айқын көрінісі әрі негізгі орталығы бізде болғандығының бұлтартпас дәлелі болып отыр.
Бұл қазба олжалары Қазақстанның солтүстігіне келетін туристер санын молайтуға игі әсерін тигізеді деп болжауға болады.