» » Тамыры терең бәйтерек

Тамыры терең бәйтерек

Көшпенді еліміздің өркениетінің бір болмысы ретінде ертегілері мен аңыздарында айтылып, жыры мен дастандарында жырланып келген бәйтерек ағашы халқымыздың санасында жақсылықтың киесі ретінде сақталып қалған. Тамырын тереңге жіберетін бұл ағаш жапан далада кездескен жолаушыға суықта пана, ыстықта көлеңке, жауыздықтан қорғайтын, биіктігі адамға да, аң-құсқа да қорған болуымен бағалы. Жиі бұтақтап жапырағын мол жайған бәйтерек өсіп өнудің, дамудың белгісіндей болып көрінетіні де керемет. Биіктігінен алыстан менмұндалап қол бұлғап тұратын қасиеті тағы бар.
Ел дамуына орай жоғарыдан қабылданып жататын сансыз бағдарламалар ішінде маған ұнағаны да, сол бағытта жұмыс істеуіме үлкен бетбұрыс жасағаны да ең алғаш рет 2001-2004 жылдарға арналып жасалған республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы болды. Осы бағдарлама қабылданған тұста Қармақшы ауданына әкім болып Рзақұл Сәденұлы Нұртаев келген екен. Мен бұл уақытта Тараз қаласындағы қазақ-түрік ұлдар лицейінде қарапайым қатардағы мұғалім едім. Сабақтан үйге оралған бетім еді, анам:
– Мына қара, сенің «Қармақшым ғажап өлкесің» деген өлеңіңді телевизордан беріп жатыр, – деп шақырды. Қарасам, шынымен менің өлеңімді Шаһизада Омаров деген кішкентай бала Жиенбай жырау мақамымен керемет орындап отыр екен. Бірнеше күн өткеннен кейін сол кездегі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ұ.Махамбетова үйге телефон соғып:
– Сені аудан әкімі Р.Нұртаев шақырып жатыр, – деп хабарласты. Мен аң-таң болып:
– Нұртаев деген кім? Мен ондай әкімді танымаймын, не үшін шақырады? – деп сұрадым. Телефондағы дауыс:
– Не үшін шақыратынын келген соң білесің, – деп қысқа жауап берді.
Әрі ойланып, бері ойланып жүргенімде оқушылардың күзгі каникулы да келіп жетті. Осы қысқа демалысты пайдаланып, өзім өскен өңірге барып қайтудың сәті түсті.
Иә, сол уақытта жаңадан аудан әкімі болған Р.Нұртаев мені танығанымен, мен бұл кісіні танымадым және оны бірінші рет көрген едім. Екеуара таныстықтан соң оның маған жасаған ұсынысы:
– Адамның ең үлкен бақыты – өзінің туған еліне қызмет ету. Егер менің ұсынысымды қабылдасаңыз, мынау жаңа бағдарламаға сай еліңізге қызмет етіңіз, – деді.
«Ойланып, көрейін» деп әкім қабылдауынан шықтым. Тараз қаласындағы мектепке конкурс арқылы енді ғана қабылданып, енді ғана қала өміріне көндігіп келе жатқан маған мына таңдау аса қиынға соқпады. Сол оқу жылын аяқтап, жазында өз туған ауданым Қармақшыға қайта оралдым. Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жұмыс істеу кім-кімге де тың серпін беретін бағдарлама еді.
Қызылорда қаласында мәдениет саласында жұмыс жасап жүрген Арнұр Көшеней де шақырылып алынды. Екеумізде де үй жоқ. Жалақымыз мардымсыз. Тапқан жалақымыз үй-жай мен шәй-пәйімізден артылмады. Арнұр екеуміз оңашада «мына әкім қызық екен? Берген жұмысының жалақысын біле ме екен? Бізді неменеге әуре қып шақырып алып жүр.Осы жұмысты осы жерде де істей алатын адамдар бар ғой» деп қоямыз. Жұмысты тастап қайтып кетуге елден ұят. Шегінерге жол жоқтың кері келді басымызға. Дегенмен, екеуімізді шақырып алып ақылдаса береді. Әкіміміздің айтатыны: «Сыр елі – Жыр елі» деп аталатын елдің өнерін осы атқа лайықты биіктету керек, таныту керек. «Жүз жыраудың Отанын» басқа жерден кезіктіре алмайсың, ол бізде ғана бар – бренд. Осыны бағалау керек, – дейді. Екеуміз бас шұлғып шығып кетеміз де, сыртқа шығып:
– Бұл бізге не дегені, не істе дегені, – деп күлеміз. Көп уақыт өтпей-ақ аудан әкімі Р.Нұртаевтың ойын, мақсат-мұратын түсіне бастадық. 2003 жылдың жазында болу керек. «Жыр керуені» фестивалінің алғашқы концертін Алматыда берген аудан мәдениет қызметкерлерінің алдына 2005 жылы осы концерттің кеңейтілген, дамытылған түрін Астана қаласында беру межеленді. Астана қаласы көрермендерінен жоғары баға алған бұл концерттің репертуарлары жыл сайын жаңаруға бет алды. Осы сапарда әкім аудан ардагерлері мен жағдайы төмен отбасы мүшелерінің де Астана қаласының сәулетті құрылысымен танысуына мүмкіндік жасады.
Осы жылдың күзінде дін қайраткері, исі мұсылман баласының танымында болған Марал баба Құрманұлының 225 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілді. Бұл айтулы шараға Алматы, Тараз, Ақтөбе, Қостанай қалалары мен Өзбекстаннан шығыстанушылар, мәдениет пен өнертанушылар, дінтанушылар, әдебиетшілер, тарихшылар қатысып, аудандық Мәдениет үйінде ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияда әдебиетші – ғалым Т.Кәкішев, Т.Тебегенов шығыстанушылар Ө.Күмісбаев, И.Жеменей, Ә.Дәулетқазы, жазушы А.Мекебай және журналистер өз ой-пікірлерін бөлісті. Аудан әкімі Р.Нұртаев өз әкесі Сәден ақсақалдың талай жылғы ізденісінің жемісі болған «Ислам және Марал баба», «Дін кереметі» деген кітаптарын құрметті қонақтарға сыйға тартты. Осы шара ауқымында өткен ақындар мүшәйрасында бас жүлдені Тұрмағамбет ауылының еңбек ардагері ақын Ү.Өңдібаева иеленді.
Бізге уақыт жетпейтін жағдайға келдік. Алдымызға үлкен мақсат қойылды. 2006 жылы даңқты Сыр сүлейлерінің дүлділ жырауы атанған Жиенбай жыраудың немересі Көшеней Рүстембекұлының 60 жылдық мерей-тойын атап өту аудан әкімінің аудан мәдениеті саласындағы ең негізгі жұмысының бірі болып табылды. Ауданның зиялы қауым өкілдерінен жасақталған комиссиясы іске кірісті. Іс-шара жоспарындағы жұмыстардың басы-қасында болғандықтан атқарылған жұмыстар әлі жадымнан кете қойған жоқ. Арнұр Көшенейұлы екеуіміз бұл айтулы шараны өткізу туралы ұсынысымызды айтамыз «Жоқ» демейді. Мүмкіндігін қарастырамыз, жасаймыз» дейді аудан әкімі.
Менің аудан әкімі Р.Нұртаевқа деген құрметім – оның Сыр сүлейлерінің мұраларына деген адалдығынан басталды. Бірде Арнұр екеуімізді үйіне шақырды. Барсақ шығыстанушы Ө.Күмісбаев қонақ болып отыр екен. Дастарқан басында ол кісі Мәскеу қаласында 1969-1973 жылдар аралығында Көшенеймен бірге болғаны туралы әңгіменің майын тамызып айтып берді.
Көшеней Рүстембеков оқыған Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы бүкіл дүниежүзілік әдебиет және өнер институтын, Ленин атындағы кітапхана, Малый Бронный жатақханасы Көшеней жүрген іздерді көзімізге елестетті. Мына керемет дерек көздері бізді Көшенейді тануға жетеледі. Көшенейден қалған мұраларды жинақтап, ол туралы кітап жазуға құлшыныс пайда болды. Бұл міндет ақыры келіп маған жүктелді. Жүрексінсем де сеніп тапсырғандықтан бас тарта алмадым. Мен Көшенейді тануға отырдым. Жырау деген кім? Оның түп негізі қайда жатыр? Көшенейге бұл өнер қайдан келді? Қым-қуыт сұрақтар төңірегі күні-түні жаныма маза бермейтін болды.
«Ізденіс» деген қандай кереметке жетелейді. Оның бақытын бастан кешкен адам ғана сезеді. Осы жолда бізге Абайтанушы ұстазым, ғылым докторы М.Мырзахметов, мектеп жасынан ұстаздық еткен Т.Бекпанов, мәдениеттің нағыз майталман жанашыры С.Сармолдин, шығыстанушы ғалымдар И.Жеменей, Ө.Күмісбаев жол нұсқап, бағыт бергенін аса сүйіспеншілікпен еске аламын.
Сол кездегі аудан әкімі Р.Нұртаев К.Рүстембековтің 60 жылдық мерейтойы құрметіне бұрынғы жабылып қалған «Комсомол» кинотеатрының ғимаратын жай жөндеуден өткізіп жырау К.Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйі етіп ашты. Алдына оның ескерткішін соқтырды.
«Жұлдыз боп аққан жыр ғұмыр» кітабын Алматы баспасынан шығарттырып халыққа таратты. Бұл шара соңында құрметті қонақтар мен келген өнер жұлдыздарына қонақасы берілді.
Қонақасы тек ас-су ішумен шектелмей бұл жерде де өлең мен ән-жырдың додасы қызу өтті. Ортаға атақты ақын Иран Ғайып шығып; «Бәрі бар менде, адамға тәннің бәрі бар» деген өлеңін оқып қонақтарды өзіне керемет өлеңімен тәнті етсе, Ө.Күмісбаев парсы поэзиясын сол тілде оқып таңдай қақтырды. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, өзінше бағамдап отырған аудан әкімі Р.Нұртаев Т.Көмекбаев атындағы қордың директоры Дүйсен Жақсығұловты маған қарай жұмсапты.
Қамсыз отырған мен алғашқыда ыңғайсызданып барып, ортаға шығып әкім тапсырмасы бойынша өлеңді жатқа оқуға ыңғайландым. Арнайы шақырылған өнер жұлдыздары ортасында өлең оқу әрине маған оңай болған жоқ. Осы шара бойынша өткен ақындар мүшәйрасында бас жүлде алған сиясы әлі кебе қоймаған «Көшеней десем» деген ұзақ өлеңімді абырой болғанда кідіріссіз жатқа айтып шықтым. Қонақтар өте риза көңілмен қабылдағандықтан болу керек қол шапалақтау ұзақ болды.
Мен орныма кеп отырып жай ғана Р.Нұртаевқа қарасам, жүзі балбұл жанып «Міне, көрдіңдер ме, поэзияны біз де танып, біз де жырлай аламыз» дегендей, қонақтарға бір рақат сезіммен қарағанын аңғардым.
Кейін ойлап отырсам, өз туған жерінің таланттарымен марқаятынын, махаббатқа бөленетінін байқадым. Талай жерде домбырасын ұстаған кішкентай бүлдіршіндерді «жассың» деп байқауға қатыстырмай ығыстырғанда бұртиып арыз-шағымдарын Рзекеңе айтатынын көрдім де.
К.Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйін ашып, оның алғашқы директоры етіп А.Көшенейді, орынбасары етіп мені тағайындады. Айлығымыз қалыпты жағдайға келді. Төрт елді мекеннен жыраулық класын және К.Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйінен шеберлік класын ашты. Көлік мәселесін де аз уақыт өтпей шешіп берді. Бұл да іс басында жүрген аудан әкімінің іскерлігінің арқасында шешілді деп ойлаймын.
Р.Нұртаев бойындағы өзім байқаған ізгі қасиеттердің бірі — оның кеңдігі мен кешірімділігі. Көшенейдің ғұмырнамалық кітабын жазу үстінде оның хаттарындағы жағымсыз кісі туралы айтқан ойларын сол қалпында кітап бетіне түсіруді ойладым. Бұл ойыма әкім қарсы пікір білдірді. Көшеней аға да ет пен сүйектен жаралған пенде. Ол кісінің пенделік ойын алмай азаматтық ойларын алайық дегенге келтірді. Енді бірде өткізіліп жатқан ауқымды шаралардың біріне құрметті қонақ болып қатысқан танымал кісіміздің жаман судан ұрттап алып сахнада аудан әкімі Р.Нұртаевқа тіл тигізбесі бар ма?! Рзекең болса, халыққа қараған кейпін өзгертпестен мыңқ етпей отыра берді.
Кейін біраз уақыт өткеннен соң қайта бір оралған әлгі кісі сахнаға шығып:
– Уа, халқым өткен жолы шөміштеп төккен абыройымды, бүгін қасықтап жинауға келдім, – деп халықты күлкіге қарқ қып кеткен. Іргесінде Байқоңыр аэроғарыш кешені тұрған Қармақшы ауданының экологиясының өзі үлкен мәселе. 2006 жылдың жазында ғарышқа ұшқан корабльдің ақауы шығып жерге құлады. Бұл қазіргі Қуаңдария ауылы мен Т.Көмекбаев ауылының іргесіндегі жер. Халық үрейін басу, оның қаншалықты зардаптары бар екенін анықтау да оңай болмады. Күні-түні сол аумақта мамандармен болу, олардың кеңесін алып, халыққа жеткізу жұмысы қосымша болып жұмысын тым күрделендіріп жібергеніне қарамастан жоғары билікке өз ұсыныстарын әзірлеп, уақытылы байланыста болуы да – өз туған мекеніне деген сүйіспеншіліктің мызғымас кепілі еді. Мұнан соң аз уақыт өтпей-ақ Р.Нұртаевтың қызметі Қызылорда қаласына ауыстырылып, орнына жаңа әкім Б.Қаюпов тағайындалды. Өзі қызмет ауыстырып кеткенімен қай жерде, қандай қызметте жүрсе де Қармақшы ауданының мәдениеті мен өнеріне бей-жай қараған емес. Облыс әкімінің орынбасары қызметінде жүрген кезінде К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйін күрделі жөндеуден өткізуге бастамашы болып көмек көрсетті. Оның Т.Ізтілеуовтің 125 жылдығын республикалық деңгейде өткізсем деген жобасы, кенттің жаңа келбетін, жаңа қонысын жасаймын деген перспективалық жобалары кейінгі келген әкімдерге жол ашып нұсқа болды. Р.Нұртаев өзінің жастығына қарамастан өзінен кейінгі келген аға буын әкімдердің өзіне сабақ боларлық, үлгі-өнеге боларлық із тастады. Өз ісімен ұстаздық етті. Р.Нұртаевтан кейін Қармақшы ауданына әкім болып келген Б.Қаюпов, М.Ергешбаев, М.Имандосов, Н.Шамұратовтар (мен білетін) Сыр сүлейлері мұраларына сергек қарап, аудан мәдениеті мен өнері осы Сыр сүлейлері мұраларынан бастау аларын естен шығарған емес деп айта аламын. Айтар болсақ, Б.Қаюпов Сыр сүлейі Т.Ізтілеуовтің 125 жылдығын республикалық деңгейде өткізуге басшылық жасады. Дүр Оңғар жырау ескерткішінің кент орталығынан салтанатты жағдайда бой көтеруіне қамқорлық жасап, қолдау танытты. Н.Шамұратов та әкім болған жылдары Р.Нұртаевтың ізімен Сыр сүлейлері аркасын салдырып, этнографиялық ауыл паркін іске қосты. Тәуелсіздікке тағзым монументін қалдырды.
Осындай игілікті іс басында жүрген Р.Нұртаевтың өмірдерегіне зер салар болсақ, бұл кісінің төмендегіше өмір өткелдерімен таныса аламыз. Ол Қармақшы ауданының қазіргі Тұрмағамбет ауылында 1960 жылы үлгілі педагогтар отбасында дүниеге келген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақтың қанатты сөздеріне лайық өнеге көрген ұрпақ жас күнінен-ақ ата-анасының көз қуанышы, көңіл нұрына айналды. Әкесі Сәден Нұртаев КСРО «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері, тарихшы. Өз мамандығы бойынша атақты дін ғұламасы Марал баба Құрманұлы жайлы зерттеулерінің нәтижесінде «Ислам және Марал баба», «Дін кереметі» атты кітаптарын берді. Анасы Ақбалыш ұлағатты ұстаз, тыл ардагері. Ата мен ананы сүюдің, оны құрметтеудің өнегелі жолы Рзақұл Сәденұлының басты ұстанымы екенін оның іс-әрекетінен аңғарып, аса үлкен мейірімділіктің нұрына бөленгендей болатынымыз рас. Ол әкесі С.Нұртаевтың қызмет еткен Ақжар ауылындағы No28 қазақ орта мектебінен С.Нұртайұлы атындағы тарих кабинетін ашқызып, оны кабинеттік оқу құралдарымен, қажетті жиһаздармен, техникалық компьютерлік құралдармен жетілдіріп, заманауи үлгіде оқуға болатындай жағдайға келтірді. Жылма-жыл тарих пәнінен жас ұрпақтың білім негізін тереңдету мақсатында алғашқыда аудандық, кейіннен облыстық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар өткізуді дәстүрге сіңіріп келеді. Ал анасы Ақбалыш Жалғасқызы атындағы ақындар мүшәйрасы «Ардақтайық ананы» тақырыбымен аудандық «Мәдениет үйінде» әрбір аналар күні мерекесі қарсаңында өткізіліп отыр. Мақсат – бірінші анаға құрмет көрсетудің өнегесін егу болса, екіншіден Сыр Сүлейлерінің мұрагер ұрпақтарын жастайынан сөз өнеріне баулу. Оның көпшілік жиналатын алаң төрінен соқтырған «Ана мен бала» ескерткіші 1999 жылы күрделі жөндеуден өтіп, аудан халқының есіне күн сайын-ақ Ананы құрметтеудің үлгісін салып тұрғандай. Осындай отбасында дүниеге келген баланың болашағы баянды, келешегі кемел болатынына көзіміз жеткендей. Ол кент орталығындағы No183 орта мектепті «Алтын медальмен» бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының, «Таукен инженері» және Мәскеу экономика және статистика институтынан «Заңгер» мамандығы бойынша білім алды. Алғашқы еңбек жолы «Қазақвзрывпром» тресінің Алматы құрылыс басқармасында жерасты жұмыстарында ұңғушы болудан басталып, кейін Байқоңыр қаласындағы әскери бөлімінде, Мәскеу қаласының «Спецмонтаж» мекемесінде инженер, «Қазтеплоизоляция» Ленинск іргесінің шаруашылық есептеу учаскесінің бастығы қызметімен жалғасты. Аса жауапты қызметімен, білікті іскерлігімен басшылық назарына түскен Р.Сәденұлы Төретам кентінің әкімі, «Инфракос» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас директоры лауызымына тағайындалды. Табандылығы мен іскерлігінің нәтижесінде облыстық мәслихат депутаты болып сайланды. Қызметі көтеріліп, Қармақшы ауданының әкімі, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, облыс әкімінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, сондай-ақ облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарып келді.
Р.Сәденұлы 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін мақсары майын шығаратын «АВ ИНВЕСТ Групп» ЖШС өндірісінің жетекшісі ретінде елге қызмет көрсетуін бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Экологиялық аймақта өмір сүріп жатқан өңір халқына сапасы таза өнім беру оның негізгі қағидасы болып қалып отыр. Жарасқан жұбы Аманкүлмен екеуі ата мен анасының өнегелі отбасы дәстүрін жалғап 1 қыз, екі ұлынан тараған немерелерінің ортасында бақытты ата, бақытты әже екеніне шүкіршілік етуде. Р.Сәденұлы ата-анаға қандай құрмет жасап қадірлеудің қаншалықты өнегесін көрсетсе, ал ата-ана ретінде ұл мен қызға, немерелеріне қандай үлгі-нұсқа қалдыруды назардан тыс қалдырмады. Бірі – дәрігер, бірі – бизнес саласында болса, үлкені – Қайрат Ырзақұлұлы әке жолындағы мемлекеттік қызметкер. Р.Сәденұлын елден ерекшелендіріп тұратын бір қасиеті – жомарттығы. Мұнан 30 жыл бұрын Одақ тарап тәуелсіздікке ұмтылған ел болашағының қысылтаяң күндерінің өзінде туып-өскен елінің жанашыры болып, игілікті іске қол жеткізіп жүрді. Ел ағасы бастаған қармақшылық азаматтар Германияның тәуелсіз кәсіподағымен аудан ауруханасына 39 тонна гуманитарлық көмек ретінде медицина жабдығын, құралсайман мен дәрі-дәрмегін алып келді. Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев және қоғам қайраткері Б.Сүлейменов атындағы республикалық, әлемдік деңгейдегі спорт жарыстарын өткізуде қаржылай көмегін көрсетіп келеді. Меценат республикалық «Қазақстан барысы» жобасының жүзеге асырушысы және қазіргі таңда облыстағы Қазақ күресі федерациясының төрағасы. Спорт саласының, соның ішінде қазақтың дәстүрлі спорт түрінен тұрақты демеушісі. «Әз Тәукенің бас сарбазы – Текей батыр» атты іс-шараның да демеушісі болған ол аудан, облыс қана емес республикалық деңгейде өтетін әдеби-мәдени шаралардың бел ортасында жүретін демеушіміз десе болады. Оның еткен еңбегі ел басшылары мен халық қалаулыларының назарынан тыс қалмай оған Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Ол «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған қоғам қайраткері.
Осы жылы Пайғамбар жасына жеткен Рзақұл Сәденұлы маңайына мырза мінезбен қарап, мерейлі көңілі шуақ шаша шырайлана түскендей. Имани жүзіне үйірілген адамдық қасиет рухани дүниесін байыта түскен сыңайлы. Иә, бәйтерек болмысты бұл азаматтың бітім тұлғасы тамыры тереңнен нәр алып, жылма-жыл бұтағы көбейіп, жапырағы жамырап тұратын алып бәйтеректің бейнесін танытады. Бәйтерек болмысты ел қамқоры бола білген Рзақұл Сәденұлының алар асуы, шығар биігі әлі де алда екеніне халық үміті, ел сенімі мол екені даусыз.

Т.ДОСЫМОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
10 қыркүйек 2023 ж. 953 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 022

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031