» » Депозитке ақша саларда нені ескерген жөн?

Депозитке ақша саларда нені ескерген жөн?

Ақшаны үйде жинағаннан гөрі банкте жинау қауіпсіз әрі ақша көлемі өсіп отырады. Содан болар, әрбіріміздің кем дегенде бір банкте салымымыз бар. Алда-жалда екінші деңгейлі банк жабыла қалар болса, салымдарымызды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) қорғайды. Десе де қор басшылары «салымымыз қорғауда» деп алаңсыз отырмай, депозит түрі мен банкті таңдар кезде мұқият болуға, әбден зерделеп барып шешім қабылдауға шақырады. 



Қор бөліп-жармай бәрін қор­ғайды: жеке тұлғаны да, жеке кәсіпкерді де. Сондай-ақ депозит­тің кез келген түріне кепілдік береді – талап етілгенге дейінгі салымдар, шартты, мерзімді және жинақ салымдары (депозиттер), ағымдағы шоттардағы және төлем карточкаларындағы ақша дегендей. Қор кепілді өтемді салымшыларға қалай төлейді? Бұл төлем қордың арнайы резерві есебінен жүргізіледі. Ал арнайы резерв қор жүйесіне қатысатын банк­тердің міндетті жарнасы есебі­нен қалыптасады. Қазір банк жар­налары арқылы 847 млрд теңге жи­налыпты. Арнайы резервтің көле­мі заңнамамен белгіленген шек­тен 5 пайызға жоғары және са­лым­шылар шоттарының 99,8 па­йы­­зын толық көлемде жаба алады.
«Егер шетелдік депозиттерді сақтандыру қорларындағы арнайы резервтің көлемін салыстыратын болсақ, онда ҚДКҚ арнайы резервінің деңгейі жоғары және әлемдік озық практикаға сәйкес келеді», дейді ҚДКҚ төрағасы Әділ Өтембаев.
Енді кепілді өтемнің ең жо­ға­ры сомасы қандай дегенге ке­ле­йік. Бұл орайда кепілді өтемақының шекті сомасы кепіл­дік берілген депозиттің түрі мен валю­тасына байланысты еке­нін ұмыт­пау керек. Қазіргі кезде ұлт­тық валютадағы жинақ са­лым­­дары (депозиттер) бойын­ша кепілді өтем 20 млн теңге­ден; жинақ депозиттерінен басқа ұлт­тық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 млн теңгеден; шетел валютасындағы депозиттер бо­йынша 5 млн теңгеден аспайды. Сондай-ақ депозитордың бір қа­ты­сушы банкте түрі мен валюта­сы­на қарай әртүрлі бірнеше депо­зиті болған жағдайда, депо­зит­­тің әрбір түрі бойынша шек­тер­ді ескере отырып, жиынтық ке­піл­ді өтем 20 млн теңгеден аспайды.
«Халықтың ұзақмерзімді жи­нақ­­тары­ның сақталуын қамта­ма­­сыз ету мақсатында 2022 жылғы 11 қаңтардан бастап тең­гедегі жи­нақ салымдары бо­йын­ша кепіл­ді өтемнің ең жоғар­ғы сома­сы 15 млн теңгеден 20 млн тең­геге дейін арттырыл­ды. Бұл ретте салымшының бір банк­те түрі және валютасы әртүр­лі бір­неше депозиті болған жағ­дайда, жиын­тық кепілді өтем де 20 млн теңгеге дейін өсті. Бұдан басқа, биыл 11 қаңтарда халықтың тұрақты жинақтарының кірістілігін арт­тыру мақсатында, сондай-ақ қар­жылық тұрақты­лық­ты қол­дау шеңберінде ҚДКҚ жеке тұлға­лардың ұлттық валюта­дағы жинақ депозиттері бойын­ша сыйақының ең жоғарғы мөл­ше­р­лемелерін: 3, 6 айға – 2-тар­мақшаға және 12 айға 1-тар­мақшаға арттыру туралы шешім қабылдады», деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Ә.Өтембаевтың айтуынша, қаңтарда осындай салымдар ашқан салымшылар банк шартының бүкіл қолданылу кезеңіне жоғары кірістілікті белгілей алады. Бұл шара­­лар салымшылардың жинақ депо­зиттеріне деген қызығу­шы­­лы­­ғын сақтауға ықпал етіп, аза­мат­тарға олар үшін неғұрлым қолайлы шарттармен бір банкте көбірек қаражат ұстауға мүм­кіндік бермек.
Сонымен қатар агенттік 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілді өтемді төлеудің басталу мерзімі қысқартылғанын айтады. Енді төлемдер банк барлық банк операцияларын жүргізуге лицензиясынан айырылған сәттен бастап 35 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Соңғы сақ­тан­дыру жағдайлары бойынша төлем­дердің басталуы рекордтық қысқа мерзімде қамтамасыз етілді. Осы­лайша, AsiaCredit Bank АҚ және Capital Bank Kazakhstan АҚ бойынша салымшылар лицензиясынан айырылған күннен бастап 8 және 6 жұмыс күнінен кейін төлемге өтініш бере алды.
2021 жылдың қыркүйегінен бастап азаматтар электронды портал арқылы да өтініш беру енгізілген. Тиімді цифрландыруға қарамастан қызмет көрсетудің дәстүрлі тәсілін қалайтын салымшылар үшін, сондай-ақ үшінші тұлғалар үшін (сенімхат бойынша өкілдер, мұрагерлер және өзге құқық иеленушілер) агент банктің бөлімшелері арқылы кепілдік берілген өтемді алу мүмкіндігі де сақталған. Өтініштерді қабылдау төлем басталған күннен бастап 1 жыл ішінде, ал таратылған немесе лицензиядан айырылған банктердің салымшыларынан 2022 жылғы 1 мамырға дейін (Capital Bank Kazakhstan салымшылары үшін 2022 жылғы 3 шілдеге дейін) жүзеге асырылады.
Айтпақшы, депозит бойынша кепілді өтемнің БЖЗҚ-ға аударылатын кезі де бар: Егер өтем төлеу мерзімі өткенге дейін салымшы өтем сомасын талап етпесе, ол автоматты түрде ашылатын ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына аударылады. Ал салымшы кепілді өтемді алу үшін дәлелді себептермен өтініш бере алмаса, онда ҚДКҚ-ға растайтын құжаттары бар жазбаша өтініш беру арқылы алу құқығы сақталады.
Қазіргі уақытта қор таратылатын 9 банктің депозиторларына кепілді өтемді төлеу бойын­ша жұмыс жүргізіп жатыр. 2022 жыл­ғы 1 қаңтардағы жағдай бойын­ша 147 мыңнан астам салым­шыға 113,1 млрд теңге сомасын­да кепілді өтем төленді. Бұл рет­те барлық таратылатын банк бо­йынша кепілді өтем сома­сы­ның негізгі көлемі, әсіресе ірі со­малар сақтандыру жағдайы бастал­ған күннен бастап бірінші айда төленді.
Банктің сенімділігіне байланысты ықтимал тәуекелдердің бір бөлігін депозиттерге кепіл­дік беру жүйесі өзіне алатынына қарамастан, салымшы өз жи­нақ­тарын сақтау үшін депозит­ті және банкті таңдауға жауапкер­шілікпен қарауға тиіс. Жоғары мөлшерлемені ғана бағдарға алу­дың қажеті жоқ, бірінші кезек­те салымшы депозит ашу мақ­­сатын анықтап алғаны жөн», деген кеңес береді Ә.Өтембаев.
Сонымен бірге, салым ашатын банктің қаржылық көрсеткіштерін зерделеп, оның кредиттік рейтинг­терімен танысып, банктің беделін бағалай білу де ерекше маңызды.



26 қаңтар 2022 ж. 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031