» » Адамзаттың ардағы – Абай

Адамзаттың ардағы – Абай

ЖОСАЛЫ, 16 ақпан – qarmaqshy-tany.kz (Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай ой-пікір)
    Таяу арада баспасөз бетінде жарық көрген Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқи отырып халқымызға жіті мойын бұрып ақылға, кеңеске алатын тұстарын нақтылап көрсеткені, өткеніміз бен бүгініміз және болашағымыз үшін Абай мұраларының құндылықтарын қайта қарап, қайта оқып зерделеу керектігін тапсыруы сүйсіндірді. Президентіміз ұлы ақын, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын мемлекеттік және халықаралық деңгейде өткізудің бізге берер тағылымы туралы ойларын бұл мақаласында тақырыптарға бөле отырып, әр тақырып бойынша Қазақстан халқының назарын қандай құндылықтарға аудару керек екеніне басымдық берген. Абай көздеген мұраттың асқар шыңы ол – білім алу, ғылым іздеу. Бүгінгі Қазақстан елінің әлемнің озық елдері қатарына енуінде елеулі орын алатын осы құндылықты қайталап айтудың сыры мәлім. Бүгінгі ұрпақ бұрынғы аталарымыз арман еткен аманаттарға қаншалықты дайын? Көп тілділік тіпті аңның, құстың, соққан желдің де тілін білу халық аңыздарында қаптап кездеседі емес пе? Ендеше Абай көп тілді болуды неге қалады? Өзінің 25 қарасөзінде: «Әр біреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдеңгейлік дағуасына (араб сөзі: талас, тартыс, айтыс) кіреді, аса арсыздана жалынбайды» дейді. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ел ұрпағына сапалы білім, салиқалы тәрбие беруде және оны пайдалы еңбекке баулуда халық мұғалімдерінің, ұлағат иесі ұстаздардың қызметіне де тоқталып өткен. Тоқырау жылдарының тежеуіші іспетті мұғалім мәртебесінің төмендеуі, оның халық алдындағы абырой беделінің арзандауы да білім беру жүйесін тығырыққа тірегені рас. Сондықтан осы мәселе бойынша «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы құптарлық қадам болып отыр. Мұғалімнің рухани да, материалдық та жағдайын жасау мемлекетіміздің кезек күттірмейтін мәселесі болды. Мемлекетіміздің осындай мол қолдауына ие болған мұғалімнің мойнында бүгінде сәт сайын өзгерумен дамуды басынан кешіп отырған кезең үшін жас ұрпақты заманауи үлгідегі біліммен жарақтандырудың жауапты міндеті тұр. Білім алу, іздену, талаптану, ғылым іздеуде жас ұрпаққа Абай үлгісін ұсыну – мұғалімге жан-жақты іздену мен толық жетілуді жүктейді. Абайдың шығыстық білімінің өзінде қаншама дүние жатыр десеңізші?! Ал батыстық үлгідегі білімді өз ізденісінің нәтижесінде алды емес пе? Ендеше дүниенің білімі Абайда жатыр. «Абайды оқы ерінбе!» дейтініміз осы.
   Біз сөз етіп отырған мақаланың келесі бөлімі «Мемлекет ісінің мүддесі» тақырыбымен айшықталған. Абайдың ел және оны басқарушылардың ісіне көзқарасын айқындайтын тұстарын тап басқан мақала иесі бүгінгі ХХІ ғасырдағы Қазақстан халқы мен оны басқарушы әкім қаралардың таным түсінгі туралы ой бөліседі.
     – Абай сынаған, Абай мінеген елдің бүгінгі болмысын өзгертудің құрылымы – татулық пен бірлік, ұлы достық болмақ, – дейді Қазақстан Президенті.
      Мақаланың «Жаңа қоғамның жан ашыры», «Әлемдік мәдиниеттің тұлғасы» тақырыптары Абай хакімнің даналығы мен философиялық ой толғамдары жайын және Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі, өнеріндегі тұлғасын таныту арқылы біз көтерілер биіктің берері зор екені талданған. Бүгінгі Қазақстанға ең қажеті Абай нұсқаған жолдың бірі – еңбекпен мал табу керектігі. Бұл жолда Абай қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен, өтірікпен, жаламен мал табу емес, тазалықпен, адамгершілікпен, ізденіспен еңбек етіп мал табуды қолдайды.
– Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып білім алған.
Би болған болыс болған өнер емес
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған
және
Асаған ұртағанға ез жұбанар,
Сенімді дәулет емес сен қуанар.
Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы сықылды тез суалар, – дей отырып, толық адам формуласын ұсынады. Толық адам, ол – өз жеке басының жайын ойлайтын тоғышар емес, ол адами қасиеттері толысқан жан-жақты ақыл иесі. Абай бұл туралы өлеңінде де, 17 қарасөзінде де қайталайды.
Ақыл, қайрат, журекті бірдей ұста,
Сонда толық болысың елден бөлек, – деп алдыңғы екеуін жүрекке билетеді. Абай 13 жасында Семейдегі Ахмет Ризаның медресесінде оқып жүріп шығыс халықтарының тілдерін үйренді. Соның арқасында ол шығыстың асыл қазынасы саналған поэзиясымен танысты. 14 жасында
– Фзули, Шамси, Сайхали,
Науаи, Сағди, Фердауси,
Хожа-хафиз бу Һаммаси!
     Мәдәт бер, я шағири, фарияд, – деп олардан өзінің ақындық өнеріне медет сұрайды. Абайдың мұсылман діні туралы танымы терең, тағылымы ерең! «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», «Алла деген сөз жеңіл» өлеңдерінде және «Жиырма жетінші», «Отыз сегізінші» қара сөздерінде Алланы тану ілімін алға тартады. Мақалада: «Кәміл мұсылман ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұсылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне біздің ойшыл Абай, хәкім Абай әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға» деп көрсетеді. Абай жас күнінен Құнанбайдың Айқыз атты әйелінен туған Қалиолла деген өз інісі арқылы орыс әдебиетіне, оның мәдениетіне деген құштарлығын оятқан. В.Белинский, Н.Добролюбов сияқты әдебиет сыншыларымен, А.Пушкин, М.Лермонтов, И. Крылов, И.Тургенев, Л.Толстой шығармаларымен танысу арқылы өркениетті әлем әдебиетіне құлаш сермеді. Абайдың «Ескендір» поэмасындағы аталатын Аристотель грек ойшылы Сократтың шәкіртті. Ал «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін М.Лермонтов арқылы неміс ақыны И.Гетеден аударған. Ағылшынның ұлы ақыны Д.Байронды құнттап оқып, «Еврей күйі» өлеңін аударған.
      – Абайдың ақындық кітапханасынан әлем ақын жазушылары мен данышпан ойшылдарының мұраларын молынан кездестіруге болады, – дейді абайтанушы ғалым М.Мырзахметов.
     Оқып отырған мақаламызға қайта оралар болсам, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев: «Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы», – деп түйіндейді өз ой-толғаныстарын. Мұнан әрі мақала авторы Қазақстан халқын торқалы той тағлымды болу үшін халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде өтетін шаралардың саны мен тақырыбын, уақыты мен орнын, сол сияқты жасалатын игі істер желісімен таныстырып өтеді. Еліміз озық отыздыққа қосылуда Абай мұралары бізге не береді?! Абай өзінің «Сәулең болса кеудеңде» атты өлеңінде:
– Берекелі болса ел –
Жағасы жайлау ол бір көл...
Берекесі кеткен ел –
Суы ашыған батпақ шөл...
Берекеңді қашырма
Ел тыныш болса жақсы сол, – деп ел бірлігін, татулығын қалап, сол бірлік пен татулықты ұйыстырып ұйытқы болатын кім екенін былайша көрсетеді.
Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл...
Единица кеткенде
Не болады өңкей нөл?!
Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел, – деп ел билеу жүйесіндегі жеке адам тұлғасына ерекше мән береді. Қазіргі өзіміз айтып жүрген лидер, көшбасшы сөздері қазақи ұғымда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегенге саяды. Абай арманындағы единица болу – бес асыл іске зәру болу, бес дұшпаннан безу, бойына иман гүлін егіп, нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрекпен толысқан адам. Олай болса, Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы барысында қазақ халқы өзінің рухани әлеміне қайта үңіліп, Абай мұралары арқылы адамдық парасат биігіне көтерілуі қажет. Қазақстан Президенті Қ.Кемелұлы сынды Абай ақынның, Абай хәкімнің 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ел ағаларының, ел әкімдері мен мекеме, ұйым басшыларының, ағарту саласы қызметкерлерінің, әдебиет пен мәдениет және өнер жанашырларының бұл ұлы асуда көш басында болуын қалайтынымыз хақ.
     Өңіріміз «Сыр елі – жыр елі» деген атпен алты алашқа мәлім өлке. Рухани әлемі бай Қорқыт бабамыз жатқан жердің халқы Абайдың құндылықтарына терең бойлап, Абай хәкімнің ашылмаған рухани әлеміне еніп, ел игілігіне жарар жаңаруды жасайтынына кәміл сенеміз.

Талайлы ДОСЫМОВА
16 ақпан 2020 ж. 560 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031