Леффлер: Головкин-Альварес айқасында білікті төрешілер қызмет етеді
Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер Сауль «Канело» Альвареспен өтетін екінші жекпе-жекте төрешілер асқан жауапкершілікпен іріктелініп алынатынын айтты.
«Әлбетте, осы тұрғыда аздап толқып жүргеніміз рас. Маңызды тапсырма. Бірақ кез келген мәселені шешуге тырысамыз. Соңғы айқаста Генаның белсенді жұдырықтасқан раундтарын төрешілердің бірі дұрыс есепке алмады. Енді реваншта екі тарап та төрешілерге барынша назар аударатынына сенімдімін. Жекпе-жек кеші әділетті әрі сенімді өтуі үшін жауапты тұлғалар іріктелініп алынады.
Мен Невада комиссиясы жетекшілік ететін төрешілер құрамымен толық танысып шығамын. Golden Boy-мен (америкалық промоутерлік компания) бірлесіп ең тәжірибелі, білікті мамандарды іріктеп алуға тырысамыз. Мұндай қадамға баруымыздың бірден бір себебі қыркүйекте өткен айқаста жұрт күткен нәтиже мен төрешілердің бірі берген баға мүлдем сәйкеспеді.
Екі тараптың да қалауы – ұпай санын әділ белгілеу. Бұл жолы нағыз мықтысы жеңіске жетсін деп тілеймін. Жұрт төрешілердің әділетсіздігін емес боксшылардың жанкештілігін, рингтегі жағдайды әңгімелеуі керек. Сондықтан бұл жолы Эрик Гомес (Golden Boy Promotions президенті) екеуіміз Невада комиссиясымен осы мәселені талқылаймыз. Барлық мәселені шешеміз деп үміттенемін», деді Том Леффлер.