ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР – СПОРТ АЛАҢЫНДА
Ауданда мектеп оқушылары арасында «Ұлттық мектеп лигасы» жарысының аудандық кезеңі өтті. Спорттық дода оқушылардың дене дайындығын шыңдап, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, командалық бірлікті нығайтуға және үздік спортшыларды анықтауға бағытталған.
Жарыстың алғашқы кезеңінде жеңіл атлетика мен футболдан оқушылар өзара бақ сынады. Жеңіл атлетикадан 7-8-сынып оқушылары арасында ұлдар мен қыздар бөлек сайысқа түсіп, футболдан 9-11-сынып командалары өнер көрсетті.
Жеңіл атлетикадан 7-8-сынып ұлдары арасында №30 орта мектептің командасы I орынды иеленді. №279 мектеп-лицейі II орынға тұрақтаса, №106 орта мектептің оқушылары III орынды түйіндеді. Ал қыздар бәсекесінде №26 орта мектептің командасы I орынға ие болды. II орынды №30 орта мектеп, III орынды №272 орта мектеп иеленді.
Футболдан 9-11-сынып қыздары арасында №250 мектеплицейінің командасы I орын алды. Осы жас санатындағы ұлдар бәсекесінде №279 мектеп-лицейі қарсыластарынан басым түсіп, I орынға қол жеткізді. №250 мектеп-лицейі II орын алса, №274 орта мектептің командасы III орынға ие болды.
Аудандық кезеңде оқушылар спорттық шеберліктерін көрсетіп, командалық ойын мен жеңіске деген жігерлерін танытты. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар марапат төрінен көрінді.
Мұндай жарыстар жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың тәртіпке, табандылыққа және ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет етуге дағдылануына ықпал етеді.
Алан ЕРЕН















