» » СУРДЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

СУРДЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ

Ақжолтай жаңалықты алғашында әлеужеліден көріп, бөркімізді аспанға атқан жайымыз бар. Бұл қуанышымыз жайданжай емес-ті. Жүлдегер де, оның жаттықтырушысы да – өзіміздің қасиетті топырақтан түлеп ұшқан азаматтар. «Туған жер – алтын тұғырың» демекші, көп ұзамай-ақ бапкер ағамыз өзі де қоңырау шалып, ерекше жаңалықпен бөлісті.
Бүгінде спортсүйер қауымның төрт көзі түгел жапон астанасы – Токиоға түскені белгілі. Себебі онда төрт жылда бір мәрте өтетін «Сурдлимпиада – 2025» ойындары 15 қарашада басталып кеткен. Дүниежүзінің 81 мемлекетінен 3 мыңнан аса спортшы спорттың 21 түрінен жарыс жолына түсіп, мемлекетінің намысын қорғауда. Осы әлемдік байрақты бәсекеде қармақшылық бауырымыз, АзияТынық мұхиты ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрсұлтан Көлдеев жеңіл атлетикалық онсайыста 5725 ұпай жинап, қола жүлдені қанжығасына байлады. Жеңіл атлетті бүгінде Қармақшы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Алматыдағы «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының басшысы, жерлесіміз Найзабек Сағымбаев жаттықтырады.
– Нұрсұлтан – Алматыдағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының спортшысы. Айтулы додада қола жүлдеге ие болып жатыр. Біздің клубқа келгеніне биыл төртінші жыл болады. Менде жаттығады. Бұл үлкен жауапкершілік.
«Найзабек ағайымызға маңдай тіреп келіп едік» деп келгесін, мойынға жүк түсетіні белгілі ғой. Ауылда мұндай жоғары бәсекелерге төтеп бере алатындай материалдық жабдық та, маманның да тапшы болатыны және бар. Әуелі келген кезімен қазіргі спорттық әлеуетін салыстыруға келмейді, әрине. Арнайы мамандарды тарттық. Бапкерлердің айлығын төлеп, жұмысқа алдық. Кедергімен жүгіру, сырықпен секіру деген ауылда жоқ нәрсе. Соның орнын толтыруға тырысып, жүйелі де тынымсыз жаттығулар жасадық. Ядролық дискі лақтырудың техникаларын үйрету үшін сонау Ресейден Мәскеу олимпиадасының қола жүлдегері Лисовскаяны шақырып, жұмысқа орналастырдым. Соның бәрін ұйымдастырып, тасымыз алысқа ұшсын деп, бір жұдырық болып жұмыс істедік. Сурдлимпиада ойындарының әр кезеңі өзінің күрделеніп келе жатқанымен ерекшеленеді. Алдыңғысынан кейінгісінің көп айырмашылығы бар, қойылатын талаптар да еселеніп өсіп кеткен. Алдыңғысына қарап қалуға болмайды. Онсайыстың 5-еуі бірінші күні, қалған 5-еуі екінші күні өтті. Бірінші күні 5 спорт түрінен тоғызыншы орында тұрамыз. Көңіл күй түсіңкі. Елге қалай бос қайтамыз деген ой ғой. Ертесіне таң атпай баламды жеңіске жігерлендіріп, рухтандырдым. Сөйтіп жарысты бастадық. Ауылда жеңіл атлетиканың біраз түрі болмағандықтан, Алматыдағы үш жылдық жаттығуымызбен жарысқа шығуымыздың өзі де ерлік. Кедергімен секіруден жақсы нәтиже көрсетіп, тоғызыншы орыннан сегізінші орынға жылжыдық. Дискі лақтырудан да үздік нәтиже көрсетіп, жетінші орынға сырғыдық. Сырықпен секіруден 3,90 смге секіріп, нәтижемізді тағы жақсартып алдық. Найза лақтыруға келгенде, мұнда да жоғары көрсеткішпен үшінші орынды бағындырдық. Қарсыластарының ұпайлары бір-біріне жетеғабыл болып тұрды. Ең соңғы сайысымыз – 1,5 шақырымға жүгіру. Оны да жақсы алып шықты. Нұрсұлтанның жоғары нәтиже көрсетемін деген ниеті болды. Ең бастысы ол – бапкерлердің айтқанын істеп, тапсырмасын орындап шықты. Осылайша, қоладан алқа тағынды, – дейді бапкер.
Сонымен қатар ол Қармақшыдан осындай спортшының шыққанына марқаятынын да жеткізді.
– Мен өте қуаныштымын. Қарсыластары осал болмады, бірі – әлем чемпионы, бірі – олимпиаданың күміс жүлдегері, бірі – бесінші орын иегері. Ресей мен Беларустың спортшылары бабында келді. Әлемдегі ең күштілер қатысты. Дегенмен, шәкіртімнің ерікжігерінің, дайындығының арқасында үштікке кірдік. Елімізден, оның ішінде туған жеріміз – Қармақшының топырағынан бір олимпиада жүлдегері шықса екен деп армандап, тілеуші едім. Міне, сол арманым орындалып, сурдспортшы шықты. «Қабыл ал, Қармақшы олимпиада жүлдегерін» деп ыстық ықыласымды білдіремін, – дейді Нұрсұлтанның жаттықтырушысы Найзабек Бекетұлы жерлестеріне игі сәлемін жолдап.
Жалпы жаттықтырушының айтқанынан түсінгеніміз, онсайыс – бұл спортшыдан ең мықты қажырлылық пен қайраттылықты қажет етеді. Себебі онда спорттың бір ғана емес, он түрінен сайысып, бақ сынау шынымен де мықтының мықтысының қолынан келетін іс. Ол үшін спортшы әмбебап болуы керек.
Жақсы жаңалық тез тарайды. Жерлестеріміздің атына құттықтаулар толассыз айтылып та, жазылып та жатты. Жүрек тебірентерлік жазбалар да жетерлік. «Құрметті Нұрсұлтан, сені және басшымыз Найзабек Бекетұлын шын жүректен құттықтаймыз! Бұл жүлде – сіздердің төккен тер мен тынбай еткен еңбектеріңіздің жемісі» деп жазды әріптестері Инстаграм желісінде.
Сәрсенкүл АҚКІСІ

22 қараша 2025 ж. 298 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10460)

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (10459)

29 қараша 2025 ж.

№90 (10458)

25 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 005
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 679

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031