GGG vs «Канело»: үмітке толы үшінші мүмкіндік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кәсіпқой бокста жалғыз рет жеңілісі бар әйгілі GGG Сауль Альварестен есе қайтарудың соңғы мүмкіндігін алып отыр. Ертең өтетін үшінші жекпе-жектің алдында кейбір сарапшылар бұл бокс кешінен кейін Геннадий Головкин былғары қолғабын шегеге ілетіні туралы болжамдар айта бастады. ҚазАқпарат Қарағандының Майқұдығынан шыққан әйгілі боксшының 40 жылда басып өткен спорттағы жолына шолу ұсынады.
Чемпион қалай шыңдалды?
Боксшы 1982 жылы қарағандылық шахтердің шаңырағында өмірге келеді. Қазір оның соншалық танымал болғанына қарамастан, Қарағандыдағы балалық шағы туралы дәйекті деректер там-тұм ғана. Жанкүйерлері оның Майқұдықтағы бала күні оңай болмағанын аңыз етіп айтуға құмар.
Ол бокс үйірмесінің табалдырығынан сыңары Максиммен бірге 8 жасында аттайды. Егіздердің боксқа жазылуына Майқұдықтағы мазасыз кезең түрткі болған деседі. Сол кезде бұл аудан Қарағандыдағы ең қауіпті аумақ болғаны белгілі.
Кейін берген сұхбаттарында Геннадий Головкин әуелде бокс өзіне соншалық ұнай қоймағанын мойындаған болатын. Бірақ, спарингтен тайсалған кезі болмаса керек. Сол намысшылдықтың арқасында боксқа түбегейлі еті үйреніп, шаршы алаңға байлана түседі. Теледидардан Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Рэй-Шугар Леонард сияқты шеберлердің өнерін көрген сайын боксты да өнер деңгейінде меңгеруге болатынын түсінеді.
«Канелоға» дейін
Головкин кәсіпқой мансабында 44 жекпе-жек өткізді. Оның 42-сінде жеңіске жетіп, 37-сін нокаутпен аяқтады. Еншісіндегі бір теңбе-тең нәтиже мен жеңіліс ертеңгі қарсыласы Сауль Альвареспен өткізген кездесулерінде тіркелген болатын.
Геннадий Головкин орта салмақта үш санат бойынша әлем чемпионының белбеуін иеленген. Сол жолда 10 боксшыны жеңген.
Кәсіпқойлар арасында IBF, WBA және IBO тұжырымдары бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанғаны және бар.
IBF (2015-2018, 2019), IBO (2011-2018, 2019) және WBA (2010-2018, 2022) нұсқалары бойынша қазіргі әлем чемпионы.
Орта салмақта WBC (2016-2018), The Ring (2018) нұсқалары бойынша бұрынғы әлем чемпионы.
Қазақстандық боксшы жекпе-жектерінің көбінде мерзімінен бұрын жеңген, соққысы жойқын спортшы ретінде танымал. Ол 2008 жылдың 22 қарашасынан 2017 жылдың 18 наурызына дейін 9 жыл қатарынан 23 рет нокаутпен жеңіске жетті. Соның арқасында орташа салмақ тарихындағы нокаут көрсеткіші бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Головкиннің кәсіпқой карьерасындағы басты қарсыласы супер орта салмақтағы абсолютті чемпион мексикалық Сауль Альварес болды.
Головкин мен Альварестің 2017 жылы Лас-Вегаста өткен алғашқы жекпе-жегі тең нәтижемен аяқталды. Жекпе-жек 12 раундқа созылды. Ол кезде Головкин 35 жаста, Альварес 27 жаста еді.
2018 жылдың 16 қыркүйегінде Лас-Вегаста өткен екінші жекпе-жекте Альварес жеңіске жетті. «Канело» өзінің агрессивті тактикасымен танымал. Ал, Головкин тәжірибелі әрі ұстамды боксшы ретінде көрермен құрметіне ие болған. Сондықтан, екеуінің айқасы өте тартымды болып есептеледі.
Шешуші айқас
Ертеңгі үшінші жекпе-жек бокс әлеміндегі ең көп күттірген оқиғаның бірі болайын деп тұр. 18 қыркүйекте, Лас-Вегаста GGG мен «Канело» екінші орта санаттағы абсолютті әлем чемпионы атағына таласады.
Бұл – Головкин үшін есе қайтаратын қарымта мүмкіндік. Жасының 40-қа келгенін ескеріп, GGG-дің кәсіпқой шаршы алаңға жасаған ұзақ жорығының түйіні қойылатын жекпе-жек деп топшылайтындар көп.
Альвареске де бұл жекпе-жек оңай болайын деп тұрған жоқ. Өйткені, жанкүйерлер арасында екеуінің алғашқы айқастары туралы ортақ пайым жоқ. Әсіресе, Головкиннің көзсіз жанкүйерлері төрешілердің бүйрегі Саульге бұрғанын айтып даурығады. Сол сөздің бәрін жоққа шығару үшін «Канелоға» айқын жеңіс қажет. Ал жеңіліп қалса, өмір бойы жинаған белбеулерінің бәрінен айырылмақ.
Головкин бұл айқасқа зор сеніммен шығатынын үнемі айтып келеді.
«Қазіргі күйім жақсы. Күшім толып тұр. Мен бұл жекпе-жекке дайынмын. Жеңісіме, өзіме, өз тобыма, мені қолдайтын адамдарға сенімдімін. «Канело» екеуміз де кәсіби спортшымыз. Оның стратегиясы агрессивті, менікі — тәжірибеге негізделген. Ринг кімнің үздік екенін көрсетеді. Бұл өмірде бәрі мүмкін», - деді Головкин Лас-Вегастағы баспасөз мәслихатында.
Ал, «Канело» Головкинді тағы да құрқол қайтаруға уәде берді.
«Мен көп жұмыс істедім және бұл жекпе-жекті 12 раундқа жеткізбей аяқтай алатынымды сеземін. Бұл қиын болатынын білемін, бірақ өмірде ештеңе оңай емес. Мен әрқашан қиындықтарды жеңуге ұмтыламын. Бұл жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға ынталымын. Сонымен бірге, менің алдымда қиын қарсылас, мықты әрі ақылды спортшы тұрғанын білемін», - деді Сауль Альварес.
Сондай-ақ, ол үшінші жекпе-жек өткізу әуел баста ойында болмағанын, бокс жанкүйерлерінің өтініші мен DAZN компаниясының ұсынысын орындау үшін ғана шаршы алаңға шығатынын айтты.
«Шындығында, біздің бәсекеміз екінші айқастан кейін аяқталды деп ойлағанмын, яғни бұл айқас жоспарымда болған жоқ. Сайып келгенде, үшінші жекпе-жек болатынына қуаныштымын. Бұл жанкүйерлердің қалауын орындап, бәрін біржола аяқтауға мүмкіндік береді», - деді «Канело» сұхбатында.
Головкин мен DAZN стримингтік сервисі 2019 жылдың наурыз айында алты жекпе-жекке келісім жасайтынын жариялаған еді. Соның аясында Геннадийге 100 миллион доллардан астам қаражат төленуі керек болған. Бірақ, келісімшарт ертең өтетін бесінші жекпе-жектен кейін аяқталатын болды.
Сарапшылар екі дарынды боксшының қайсысы жеңсе де, «Даңқ залына» екеуі қатар кіретінін айтады.