Қызылордалықтар балуан ұлдарын күтіп алды
Бүгін Қорқыт ата әуежайынан ұлттық жоба "Қазақстан Барысы" республикалық турнирінің чемпионы Мақсат Исағабылов пен Нұрым Сәлімгереевті салтанатты күтіп алу шарасы өтті.
Түскі сағат 13.55-те Қорқыт ата әуежайында бозкілем шеберін күтіп алуға келген Сырбойылық жанкүйерлердің санында шек болмады.
Рухты бәсекеге қатысушыларды күтіп алуға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Аманұлы, мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемұлы келді.
«Барша Сыр жұртшылығының сенімін ақтадыңыз. Жігерімізді жанып, рухымызды бір көтеріп тастаған сіздер нағыз батырсыздар. Мен сіздердің жаттықтырушыларыңызды және ата-аналарыңызды жеңіспен құттықтаймын. Жеңістен жеңіске жете беріңіздер», – деді өз құттықтауында облыс әкімінің орынбасары.
"Қазақстан Барысының" чемпионы Мақсат Исағабылов барша жиналған қауымға қолдау көрсеткендеріңе рахмет айтып, бозкілемде белдесу кезінде де Сыр елінің, халықтың жанкүйер, тілеулес болғанын сезінгендігін және Барысты бір емес бірнеше рет Сырға әкелуге және Әлем барысында да топ жаруға ниетті екендігін жеткізді.
Айта кетейік, "Қазақстан Барысы" жобасы тарихында Сыр спортшылары биылғы жылы ІІІ мәрте топ жарып, тайтұяқ пен алтын белдікті Сыр еліне тарту етуде.