» » Бейжіңде бағымыз жанбады

Бейжіңде бағымыз жанбады

Жексенбінің кешінде төрткүл дүние көз тіккен Бейжіңдегі қысқы ақ Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Сарапқа салынған 109 медаль осылайша бағы жанған елдің қоржынында кетті. Өкінішке орай елден ең таңдаулы деп іріктелген 34 атлетіміз Бейжіңнен жүлдесіз оралды. Иә, бүкіл ел болып көгілдір экранның ар жағында жанымызды шүберекке түйе қолдағанымыз рас. Алайда үкілеген спортшыларымыз ойын барысында жеңіске біршама жақындағанымен
биіктен көріне алмады.
Ұлттық құрама қысқы спорт ойындарының ішінде шаңғы жарысы, фрис­тайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен ел намысын қорғаса, осы спорт түрлерінің арасында тек шорт-трекшілеріміз ғана Олимпиадада өздерінің ең жоғарғы көрсеткішін көрсете алды. Үздік нәтиже бойынша Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта өнер көрсетіп, жарысты 4-ші орынмен аяқтады. Ал 1500 метр қашықтықта Әділ Ғалиахметов 8-ші орынға табан тіреді. Сонымен қатар эстафеталық сында тағы да шорт-тірекшілеріміз 5-орынға қол жеткізді. Бұл Бейжің Олимпиадасындағы Қазақстан ұлттық құрамасының ең үздік көрсеткіші. Конькимен жүгіруден масс-стартта біліктіліктен сәтті өнер көрсеткен Надежда Морозова 14-орынға тұрақтады. Шаңғы-акробатикасынан Ақмаржан Қал­мырзаева аса жоғары нәтиже көрсетіп, 98,68 ұпайды еншіледі. Бұл оған үздік 12-ге кіруге мүмкіндік болды. Қысқы Олимпиада ойын­дарында Қазақстан тұңғыш рет шаңғы қоссайысында бақ сынады. Аталған сында Шыңғыс Рақпаров жалғыз өзі ел намысын қорғады. Алғашқы сайыста ол жақсы өнер көрсетсе, қорытынды есепте орташа ұпай жинап, жарыс жолынан шығып қалды. Олимпиада ойындары кезінде ол жарыстан алған алғашқы әсерімен былай бөлісті: «Жарыс өте ауыр өтті. Бәсеке өтетін жердің тым биікте орналасқаны әсерін тигізді. Жалпы спортшы ретінде бәріне де шыдауға болады. Қолдан келгенше бар күшімді салып, тырысып бақтым. Енді алдағы жарыстарға дайындаламын. Құрлықтық кубокке қатысу жоспарымда бар» деді ол тілшілерге берген сұхбатында.
Бұл – Қазақстан спортшылары үшін тәуелсіздік алғаннан кейінгі жүлдесіз қалған үшінші олимпиада. Мұның алдындағы қысқы ойындарда ұлттық құрама 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен ХІХ және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы ХХ ойындарында екі рет осылай жүлдесіз қалған болатын. Осы орайда Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов айтулы жүлдеге қатысты мән-жайды түсіндіріп берді. «Спортшыларымызға патриоттық сезім туралы үнемі айтып отырамыз. Жалпы қысқы спорт түріне келсек, бізде 2 кешен бар. Бірі Алматыда, екіншісі Шучинскіде. Негізінде қысқы спорт түрі мен әр алаңның өзіндік қыр-сыры бар. Яғни спортшы сол жерге барып дайындалмаса болмайды. Демек отандық спортшылар шетелге жиі шығып, дайындалуы тиіс» деді ол Бейжіңнен тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында. Бәлкім сөзінің де жаны бар шығар. Болмаса біздің елде балаларды жастайынан дайындайтын қысқы спорт мектептерін көбейту керек пе еді? Олай деуге негіз бар. Мәселен, Норвегия елі кешегі олимпиада ойындарында 16 алтын, 8 күміс, 13 қола медаль жеңіп, алтын жүлде саны бойынша рекорд орнатты. Бұрын қысқы олимпиадада бір ел мұнша алтын алмаған. Норвегияның бұл феноменінің құпиясы неде деп сұрағанда жүлдегерлердің барлығы спортты бала кезінен тұрғылықты жеріндегі спорт клубтарынан бастағаны айтылған. Яғни бұл елде балаларға арналған 10 мыңнан аса спорт клубы бар. Қысқы спортпен айналысатын балалар мен жастардың үлесі 93 пайызды құрайды екен. Пекинде екі алтын, бір күміс, бір қола иеленген 33 жастағы биатлоншы Тарьей Бё жарыстан соң тілшілерге сұхбатында «көптеген норвегиялықтар секілді тәй-тәй басқаннан бастап-ақ шаңғы тептім» деген болатын.
Бұдан кейін ХХV қысқы Олимпиада ойын­дары қай елде болатыны да жарияланды. 2026 жылы қысқы Олимпиада ойындары Италияның Милан және Кортина-д᾽ Ампеццо қалаларында өтетін болып шешілді. Бейжің Олимпиадасының жабылу рәсімінен кейін Олимпиада эстафетасын Италия елі қабылдап алды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
22 ақпан 2022 ж. 930 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 292

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 388

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930