Бапкерліктен алыстағаным жоқ
Марат АСЫЛОВ, аудандық удандық дене шынықтыру шынықтыру және спорт бөлімінің бөлімінің «Спорт клубы» КММ-нің директоры иректоры. Самбодан амбодан ҚР спорт шебері.
Әлемді індет жайлағалы қоғамның жұмысына кері әсерін тигізгені рас. Соның ішінде спорттың дамуына да кедергісін келтірмей қоймады. Көптеген ауқымды шаралар тоқталып, кейінге шегерілді. Ал аудандағы спорттың ахуалы қалай? Биыл карантин талаптары жеңілдегелі қандай іс-шаралар жоспарлануда. Осыны білмекке аудандағы спорт клуб үйінің директоры Марат Мұханғалиұлымен сұқбаттасқан едік.
– Марат аға, ел-жұрт сізді басшылыққа дейін спорт шебері, бапкер ретінде таныды. Сауалды төтесінен қойсам, жаңа қызметке ауысқалы сізге не қиынырақ болды: басшы болу ма әлде бапкер болу ма?
– Жалпы жұмыстың оңайы жоқ. Ал басшы мен бапкерлікке келсек, екеуі екі түрлі жол. Бірақ мен айтар едім бапкер болу ол қиын жұмыс. Себебі шәкіртіңді чемпион қылу үшін бірнеше жыл еңбек етесің. Оны кішкентайынан бастап тәрбиелеп, фун даментін қалыптастыруың керек. Баланың спортқа бейімді және икемсізі болады. Оларды жаттығу арқылы шынықтырып, оң жақ, сол жаққа құлауды үйретіп, өсе келе күресіп кетуіне еңбектенуің керек. Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар ғой. Міне сол бақ пен баптың қоса шабу жолында үлкен тер төгетін бапкерліктің жұмысы оңай емес екенін айтқым келеді. Ал басшылық қыз меттің де өзіндік қиын тұстары бар. Жаңа айтқандай бапкер шәкіртімен жұмыс істегендей мұнда да ұжыммен жақсы тіл табысып, ауызбіршілікте болуың керек. Бірақ басшы болдым деп бапкерлікті тастап кеткенім жоқ. Кезінде Әділбек Серікбаев ағамыздың өзі басшылық қызметпен қатар бапкерлікті қоса атқарып, талай Азия, әлем чемпионатына шәкірт дайындады. Ол кісі «жүз шайыр шыққан жерден жүз спортшы шығарамын» деп айтып отыратын. Сол арманына да жетті. Мен де сол кісіге ұқсап шәкірттеріме көзқырымды салып, бапкерлігімді жалғастырып жүрген жайым бар. Қазір Мейіржан Қуаңбаев, Бауыржан Райсов, Шыңғыс Мұханғалиев, Ғалым Ержанов, Қайрат Үсенов, Қайрат Жалғасбаев секілді шәкірттерім чемпион атанып көпке танылды.
– Былтыр карантиннің әсерінен жұмыстарыңыз көрінбеді. Биыл қандай жоспарларды қолға алып отырсыздар?
– Ол рас. Пандемия жалпы спортшыларға теріс әсерін тигізді. Былтыр спортшылар болып самбо күресінен Ақтөбе қаласына чемпионатқа бара жатқанбыз. Содан карантин басталды деген хабар келіп барлығымызды кері қайтарды. Басқа облыстардан Ақтөбеге жетіп қойған спортшыларға да кері билетін алдырып, әлекке салды. Біз қайта орта жолда Қазалыдан түсіп қалып үлгердік. Содан кейінгі жұмыстар онлайн жүрді ғой. Бапкерлер спортшыларына тапсырмаларын үйден беріп, жаттығуларын жасатып жатты. Онлайн челлендж ұйымдастырып, турникке тартылу мен гір тасын көтеруден жарыстар өткіздік. Биыл енді тағы шектеуге байланыс ты жоспарлар орындалмай жатыр. Жыл сайын ұйымдастырылатын Кеңес одағының Батыры Т.Көмекбаевтың халықаралық деңгейдегі мемориалы осымен екінші жылға тоқтатылуда. Себебі ауқымды жарыс болғаннан кейін оның көрермені де үлкен. Сондықтан онлайн өткізуге де келмейді. Енді мамыр айында өту керек деген қатып қалған заңы жоқ. Егер алдағы уақытта карантиннен аман-есен шығып жатсақ күзде өткізіп қалармыз (уақыттың еншісінде). Өзімізде шаралар өтпегенмен спортшыларымыз басқа облыстарға чемпионатқа қатысып жүлдемен оралып жатыр. Оған ауданымыздағы №16 спорт мектебінің үлесі зор.
– Жалпы аудан спорттың қай түрінен мықтылық көрсетіп жүр, бізде қандай спорттың түрлерінен жаттығу сабақтары өтеді?
– Қазіргі таңда ауданымыз күрес түр лері жақсы дамыған. Әділбек ағамыз мық ты шәкірттер шығара жүріп, осы күрес ауылының қабырғасын қалап кетті десем артық айтқаным емес. Сонымен қатар жеңіл атлетикадан да жақсы нәтиже көрсетіп жүрміз. Қазақстан Республикасының чемпио наты мен Азияға дейін шығып жатырмыз. Одан бөлек бокс, таэквандо, зіл темір көтеру, тоғыз құмалақ, қол добы, футбол, волейбол, баскетбол, қол күрестен өркен жайып келеміз. Паралимпиадалық жарыстарға қаты сып, жоғары орыннан көрініп жүрген спортшылар да бар.
– Әлемдік спортта садақ ату, найза лақтыру деген бар. Бізде неге осындай ұлттық спорттар кенже қалып бара жатыр. Осыны ауданда неге дамытпасқа? Бұған не дейсіз?
– Ауданда ұлттық спорт түрлерін дамытуға болады. Бірақ садақ ату еліміздің біраз облысында жоқ. Оның өзінде санаулы ғана. Садақ атудың арнайы маманы келіп үйретпесе жайданжай ата бермейсің ғой. Оның да өзіндік қыр-сыры бар. Үлкен төзімділікті қажет ететін спорттың түрі бұл. Сол үшін тәжірибелі маман керек. Ал енді найза лақтыру жеңіл атлетикаға жатады. Ол көбіне бессайысқа кіреді. Бізде тек президенттік тесттерде оның орнына гранат лақтырады. Алдағы уақытта маманы болып жатса бәлкім қолға алармыз.
– Әңгімемізді бапкерлікке қарай ойыстырсақ. Спортшының үлкен додада жеңіске жетуі бапкеріне байланысты. Жалпы бапкер қандай болу керек?
– Мен айтар едім бапкер деген ең алдымен мықты стратег болуы керек. Алдыңа келген жүз баланың ішінен өзіңмен бірге от-су кешіп, спорттың шыңына бірге шығатын баланы таңдай білу, көп баланың ішінен тап басып тани білу ол – кез келген бапкердің қолынан келетін шаруа емес. Жалпы шәкірт тәрбиелеу қиын емес те шығар. Көптің бірі етіп, әйтеуір спортқа келген екен деп, күнделікті жаттығуын жасатып, жалақыңды алып өмір кешуге болады. Бірақ алдыңа келген баланы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар етіп, спорттың дара жолына салу қиын іс. Тіпті кез келген бапкердің дәті жетіп, мойнына жүктей алмайтын жұмыс десем қате айтпаған болар едім. Бапкердің бойында үш нәрсе қайнап жатуы тиіс. Бірінші – кәсібилік. Яғни өз ісіңнің шебері болмасаң сен чемпион түгілі дұрыс шәкірт тәрбиелей алмайсың. Екіншісі – темірдей төзім мен жан төзбес шыдамдылық. Былай айтқанда біреудің баласын тәрбиелеп жатсың ғой. Тәрбиелегенде де басынан сипап, қолына тәтті ұсынбайсың. Қаққанда қанын, соққанда сөлін аласың. Өйткені спорт – әлсіздікті көтермейді. Үшінші – нағыз бапкер жаңа айтып өткендей мықты стратег, алдыңдағы баланың болмысын дөп тани алатын түйсігі мықты ұстаз болуы керек. Міне осы үш мінезді бойына жинаған бапкер қай уақытта да тек чемпион тәрбиелеп шығаратын болады. Мұндай бапкерлер ауданымызда бар. Мен аға буын бапкерден Дархан Алмахановты айта аламын, одан кейін Қайрат Үсенов, Жандос Топаев, Абай Тұрғанов, Гүләйлім Нұрмаханова, Сымбат Оспанов, Бақберген Тәтімбетов секілді бапкерлеріміздің шәкірттері бүгінде жоғарыдан көрініп жүр.
– Кейде спортшыларға жарыс алдында көп шектеу қойып жатамыз, яғни салмақ қуу деген секілді. Мұндай шектеулермен оларды әлсіретіп алмаймыз ба? Оларға да күш керек қой?
– Спортшының салмақ тастайтын өзінің реті болады. Мәселен жасөспірімдерге салмақ қуудың қажеті жоқ. Оларға жарыс алдында 1 келі салмақты ұста десең ұстайды. Кейін жаттығу жасау арқылы өз қалыптарына тез келеді. Ал ересектерге үлкен додаларда шынымен салмақ тастайтын кезі болады. Жарыс алдында қарсыласының деңгейін болжап, мынау сенің салмағың деп айтып отырамыз. Ондай кезде спортшының өзі де біліп, дайын жүреді. Былай айтқанда салмақ ұстау кәсібилікке айналады. Яғни спортшы күндіз жаттығу кезінде салмақты ұстауға жұмыс жасаса, жаттығудан кейін сорпа тамақ, шайын ішіп, азанға дейін қалыпқа келеді. Ал енді жасөспірім кезінде салмақ қууға өзімде қарсымын.
– Өзіңіз самбо күресінің қай тәсілін жақсы көрдіңіз? Сізге ыңғайлы қандай әдіс болды?
– Маған жанбасқа лақтыру әдісі қатты ұнайды. Сонымен қатар тізерлеп отырып құлату өте ыңғайлы. Сосын маған ыңғайлысы сол жағы. Негізі күреске қатысатын спортшылардың көбісі оң жақ жанбасқа икемді келеді. Жарыстарда сол жақ жанбасқа лақтыру әдісімен жеңіске жетіп, чемпион атандым.
– Соңғы сауал болсын. Жыл басталғалы спорттан жақсы жаңалығымыз көбейіп, қанжығамыз қола жүлдеге майланып жатыр. Дегенмен бізге әлі не жетіспейді?
– Орынды сауал. Спортшыларға жалпы тәжірибе көп керек. Мысалы кеше қол күрестен аудандағы жасөспірімдер Қазақстан чемпионатына бірінші рет шықты. Үлкен жарысқа алғаш шыққаннан кейін кішкене қорқыныш, толқу болды. Бірақ сонда да намысты бермей Азия чемпионатына ілінді. Енді әрі қарай да жеңіске жету үшін көп тәжірибе алмасу керек. Ертең жасөспірімдер арасында Семейде самбодан Қазақстан чемпионаты өткелі жатыр. Соған бес облыс болып ішінде Қармақшы құрамасы бар Шымкентте жаттығу жасап, тәжірибе алмасуда. Спортшы деген өзге спортшыға еліктеп өсу керек қой. Бұрын Әділбек ағамыз «танымал спортшылардың қимылын қарап жүріңдер» деп айтып отыратын. Біз сол кісінің айтқанын тыңдап, спортшылардың әдіс-тәсілін үйреніп алатынбыз. Кейін ауылға келіп, жаттығу кезінде сол әдісті қайталайтынбыз. Сонда ағамыз «О-о Марат, сен пәленшенің әдіс-тәсілін ауылға әкеліпсің, жарайсың» деп қолдау көрсететін. Сол секілді балада қызығушылық болу керек. Дзюдодан жапонның бір атақты бапкері былай депті: «Әдістің мағынасын түсіну үшін оны мың рет жаса. Айла тәсілін білгің келсе он мың рет жаса. Сол әдісті арнайы жарыста қолданғың келсе жүз мың рет жаса. Егер сол әдіс саған жеңіс әкелсе миллион рет жаса» деген екен. Міне, шәкіртім жеңіс тұғырынан көрінсін десеңіз осындай қанатты сөздерді жиі айтып, оған қолдау көрсетіп отыру керек.
– Сұқбатыңызға рақмет, жеңісті күндерде жолыққанша.
Сұқбаттасқан Ерсін СӘДУҰЛЫ