Жылдың үздіктері
Өтіп бара жатқан 2017 жыл өзінің тарихи оқиғаларымен, ұмытылмас сәттерімен есте қалады. Әсіресе қазақ спортшылары үшін. Биыл ел спортында елеулі жеңістер, толайым табыстар аз болған жоқ. Әр спортшы бабы мен бағы келгенше бәсекеге түсіп, қадери-халінше ел қоржынына медаль салуға тырысып бақты. Әр маусым, әр кезең және әр жыл аяқталғанда жылдың үздіктерін анықтап жатамыз ғой. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газеті де спортшыларымыздың Тауық жылында жеткен жетістіктерін саралап, үздіктерді анықтады.
Футбол
2017 жылдың үздік командалық ұжымы – елорданың «Астана» футбол клубы. Өйткені «Астана» қазақ футболының 104 жылдық тарихына өзгеріс жасап, тұңғыш рет УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты. Биылға дейін қазақ футболының жанкүйерлері «Астананың» Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққанын мақтаныш ететін. Ендігі мақтаныш деңгейі өзгерді. Дұрысы, «Астана» деңгейін бір саты жоғарылатты.
Бұған дейінгі «Астананың» Еурокубок додаларында тапқан табысын есепке алмағанда, елорда ұжымы 2017/2018 жылғы маусымда қазірге дейін 8 миллион 180 мың еуро көлемінде табыс тапты. Бұл көрсеткіш плей-офф кезеңінен кейін тағы да өсетіні анық. Бұған клубтың жарнама мен телекөрсетілім бойынша табатын табысын қосып қойыңыз.
Сондай-ақ «Астана» футбол клубы Еурокубок ойындарындағы нәтижесінде рекорд жаңартты. Елорда ұжымы УЕФА-ның клубтар рейтингінде үш маусым ішінде 400 орынға жоғарылаған. Дәл қазіргі уақытта «Астана» аталған рейтингте 67-орында тұр.
Садақ ату
Жылдың үздік құрамасына – мамыр айында Қытайда садақ атудан өткен Әлем кубогының бірінші кезеңінде алтын медаль жеңіп алған садақшылар құрамасы лайық. Себебі атқан жебелері желмен жарысып, нысананың ондығына дәл тиген Денис Ганкин, Ойрат Сайдиев және Санжар Мұсаев үштігі финалда Рио Олимпиадасының чемпиондары, садақ атудан әлемдік держава саналатын Оңтүстік Корея құрамасын 5:4 есебімен жеңді. Бұл – Қазақстанның садақ атудан әлем кубогы тарихында алған тұңғыш медалі.
Теннис
Жылдың үздік спортшысы – Зарина Диас. 24 жастағы теннисші биыл қазақ теннисшілері арасында WTA тұжырымына енетін Japan Open турнирінің тұңғыш рет жеңімпазы атанды. Ол 2015 жылы WTA рейтингінде үздік 50 теннисшінің қатарына еніп, 2016 жылғы Олимпия ойындарына баратын сәті туып тұр еді. Алайда спортшы жарақат деген екінші «қарсыласқа» «есе жіберіп», Олимпиадаға барар жылы рейтингте құлдырап, ақыр соңы 148-орынға бір-ақ сырғыды. Мамандар бұл жарақаттан соң Заринаның екі жыл бұрынғы биігіне көтерілетініне сенімсіздікпен қараған еді. Дегенмен Диас ерік-жігер танытып, биыл әр жарысында мейілінше ұпай жинап, рейтингте саты-саты бойынша көтеріле бастады. Оның биылғы жеңіске деген ынтасы, талабы мен таланты теннистен халықаралық әйелдер рейтингінде 66-орынға дейін көтерді.
Биатлон
Таяуда ғана Швецияның Эстерсунд қаласында өткен биатлоннан Әлем кубогының алғашқы кезеңінде аралас эстафетадан Қазақстанның тұңғыш қола медалін жеңіп алған Галина Вишневская мен Максим Браун дуэті жылдың үздік спорттық жұбына әбден лайық. Өйткені биатлоншыларымыз жоғарыда айтып өткен садақшылар секілді тарихта тұңғыш рет жүлдеге қол жеткізді.
Кәсіпқой бокс
Биыл еліміздің былғары қолғап шеберлері де халықаралық жарыстарда толайым табысқа жетіп, ел мерейін асқақтатты. Кәсіпқой боксшыларымыз да Қазақстанның имиджіне оң әсер ететін бірқатар жекпе-жектер өткізді. Соның бірі және бірегейі – Геннадий Головкин. Кәсіпқой бокстың орта салмағында бокстасатын отандасымыз Тауық жылында мексикалық «сары бала» – Сауль Альвареспен жұдырықтасып, төрешілердің шешімі бойынша тең түсті. Дегенмен кәсіпқой бокстың жілігін шағып, майын ішкен бокс сарапшылары мен мамандары бұл айқаста Головкиннің бәсі биік болғанын айтады. Сондай-ақ мамандар Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің кездесуін жыл жекпе-жегіне санады.
Грек-рим күресі
2017 жылдан бастап грек-рим күресі балуандарын баптаған Нұрым Дүйсенов аз уақыттың ішінде ауыз толтырып айтатын толайым жетістіктерге жетіп, жыл бапкеріне лайық екендігін дәлелдеді. Тамыз айында Францияның Париж қаласында өткен әлем чемпионатында Демеу Жадыраев пен Мейрамбек Айнағұлов күміс жүлде алып, алты жыл бұрынғы жетістікті қайталады. Сондай-ақ Ашғабадта өткен жабық ғимараттағы және жауынгерлік өнер бойынша V Азия ойындарында Данияр Қаленов (66 кг) барлық қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Әрине бұл жетістікке бас жаттықтырушы Нұрым Дүйсеновтің еңбегі орасан екені белгілі.
Шахмат
Жақында Әл-Аинде (БАӘ) Азия шахмат федерациясының (АШФ) ұйымдастыруымен Азиялық шахмат саммиті өтті. Ең ірі форумға ФИДЕ делегаттары, АШФ басшылары, Азия және Мұхит елдері президенттері мен шахмат федерациясы өкілдері жиналған болатын. Саммитке Қазақстан шахмат федерациясының (КШФ) вице-президенті Берік Балғабаев қатысты.
Іс-шараның қорытынды күнінде «4th Annual Asian Chess Excellence Awards» Азиялық сыйлықақысының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Атап өтетін жайт, қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова «Ең үздік ойыншы қыз-2017» болып жарияланды.
Сонымен қатар сол күні Азия шахмат федерациясы қазақстандық шахмат федерациясын арнайы сертификатпен марапаттады.
2017 жылы қазақстандық әйелдер құрамасы тарихта бірінші рет Азия шахмат ойындарында (Ашғабад қ. Түрікменстан) 1-орынға ие болды. 23 жасқа дейін жылдам шахмат бойынша командалық чемпионат финалында гроссмейстер Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік өкілеттілігімен біздің құрама Қытай құрамасын басып озды. Динара, сонымен қатар, Ашғабадта классикадан «қола» жеңіп, Ташкент (Өзбекстан) қаласында өткен Орталық Азия аймақтық чемпионатында үздік болып танылды.
Халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова (2460) – қыздар арасында төрт мәрте әлем чемпионы, бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы. Динара «Шахматтағы бірінші қадам» кітабының авторы. Биыл «ЮНИСЕФ Қазақстан» ұлттық еркін елшісі болып тағайындалды.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»