Қазақстан мен Өзбекстан ортақ ақпараттық байланысты дамытпақ
Өзбекстан Қазақстанмен арадағы ақпараттық байланысты дамытуға ниетті. Өйткені көршілер біздің ғарыш саласындағы жетістігімізді жоғары бағалап отыр. Оған қоса ала тақиялы ағайынды Қазақстанның жерді қашықтықтан зондтау жүйесі ерекше қызықтырып келеді. Бұл туралы Ақпараттық технология және коммуникацияларды дамыту министірлігінде өткен кездесуде айтылды. Тараптар өзара жоғары технологиялар мен бағдарламалық жабдықтау және маман дайындаудағы іскерлік байланысты одан ары нығайту жайын талқылады. Кездесуде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында елдегі атқарылып жатқан ілкімді істер сөз болды. «Қазақстанның кеден, денсаулық сақтау, зейнетақы жүйесі мен пошта байланысындағы бірыңғай ақпараттық технологиялардан үйренеріміз көп», – деді министірліктегілер. Кездесуде өзара тәжірибе алмасу мен болашақта ортақ IT парктер құру мәселесі көтерілді. Ерік Өтембаев, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі: – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен Өзбекстанда қолға алынған инновациялық технологиларды дамыту әдістері, Орталық Азиядағы екі ірі мемлекетке ортақ ақпараттық платформа құруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік деңгейдегі қолға алынған жобалардың жүзеге асуына негіз болады. Сонымен бірге бизнес қауымдастықтардың арасында ортақ ақпараттық кеңістік құруға мүмкіндік береді.