» » Биыл елімізде не өзгереді?

Биыл елімізде не өзгереді?

qarmaqshy-tany.kz Қоян жылы қазақстандықтар үшін жақсы жаңалықтарға толы болмақ. Елімізде биыл қандай өзгерістер болады? Нендей жаңалықтар күтуде? Биыл ең төменгі жалақы өседі, зейнет жасын ұзарту тоқтатылады, қарызын өтей алмай жүрген жандар өзін банкрот деп жариялай алады. Осы және өзге де жаңалықтарға бүгін толығырақ тоқталатын боламыз.

Кімдердің жалақысы көбейеді?
Жыл басталса "жалақы" өседі деп қуанады жұрт. Әйтсе де бұл барлық салаға қатысты емес. Дей тұра биыл бірқатар қызметкерлердің еңбекақысы көбейеді. Соларға тоқталсақ.
1 қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілері мен мектеп, колледж мұғалімдерінің сонымен қоса қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25%-ке өсетін болады. Президент тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бастап жыл сайын мұғалімдердің жалақысы 25%, 30%- ке көтеріліп келеді. Олардың жалақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, еңбек өтіліне, магистр дәрежесіне және өзге де қосымша төлемдерге байланысты есептеледі. Айта кетейік, бүгінде еліміздегі білім беру жүйесінде 500 мыңға жуық маман еңбек етеді.
Қалтасы қалыңдайтын қазақстандықтар қатарында ақ халатты жандарда бар. Осы жылы дәрігерлердің жалақысы 561 000 теңгеге дейін, ал медбикелердің айлығы 249 000 теңгеге дейін өседі деп жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай медицина қызметкерлерінің айлығы 2023 жылы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу мақсатында жыл сайын көбейіп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 76 400 дәрігер жұмыс істейді. Оның ішінде 32 мыңы – бейінді мамандар.
Жалақысы өсетін қызметкердің тағы бірі – өрт сөндірушілер. Осы жылы сала мамандарының ең төмен жалақысы 180 мың теңге болады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, үш жыл бұрын өрт сөндірушілер 65 мың теңге алатын. Қазір қызметке енді кіріскен маманның ең төмен жалақысы 110 мың теңге шамасында екен.
Биыл өрт сөндірушілердің жалақысын 10%-тен – 70%-ке дейін көтеру жоспарлануда. Қатардағы құрамның айлығы 70%-ке, ал басқарушы құрам – өрт сөндіру қызметі мен бөлім басшыларынікі 10%-ке өседі.
Сонымен қатар, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 20%-ке көтерілді. «Мәдениет қызметкерлері, қорықшылар, кітапханашылар, көлік жүргізушілердің жалақысы 2022-2025 жылдар аралығында 20 пайызға арттыру тапсырылды. Бұл бастаманың игілігін 600 мың отандасымыз көреді» деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
– Мәдениет саласы қызметкерлерін көтеру мақсатында 2022 жылдан бастап жалақымыз көтеріліп келеді. 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 100%-ке дейін өседі деген жаңалық бізді қуантып тастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл игі бастамалары сала мамандары үшін үлкен демеу болды. Сондай-ақ жалақының өсуі біздің жауапкершілігімізді арттырады. Яғни, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға жауабымыз халыққа сапалы қызмет көрсету арқылы көрінуі тиіс, – дейді аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Ғалия Әскербекқызы.
Зейнетақы өседі
Алдағы үш жылдық бюджетке қатысты заңға сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан ең төменгі зейнетақы 77 417 теңгеге дейін өседі. Соның ішінде ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы – 24 341 теңге болса, ең төменгі зейнетақы 53 076 теңгені құрайды. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 657 теңге болады. Сонымен қатар, жасына қарай және еңбек өтіліне байланысты зейнетақы төлемдерін 10,5%-ке арттыру жоспарлануда.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін ұзартылды
Жаңа жыл басталысымен аналар бірінен соң бірі "баламның несібесі ғой" деп жәрдемақының ұзартылғанын сүйіншілеп жатыр. Бала күтімімен үйде отырған аналар үшін бұл, әрине қуанарлық жағдай.
Осыған дейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы тек 1 жасқа дейін берілетін. 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін бір жасқа толмаған барлық бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға ұзартылуда. Ал 1 қаңтардан бастап туған балаға бірден 1,5 жасқа дейін жәрдемақы тағайындалады.
Сондай-ақ жаңа жылдан бастап бұл жәрдемақының мөлшері де ұлғаяды. Бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге. Екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге. Үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге. Төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты ала- тын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-тін құрайды.
Зейнет жасы көтерілмейді
Бұл көптің көкейінде жүрген мәселе еді. Соңғы жылдары зейнет жасын төмендету мәселесі қоғамда жиі көтеріліп жүр. Бұрын 58 жасында зейнеткерлікке шыққан ана-апаларымыз зейнет жасын төмендетуді талап етті. Соған сәйкес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде әйелдердің зейнет жасы көтерілмейді. 2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнеткерлік демалысқа шығады.
Ең төменгі жалақы мөлшері өсті
Қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайды. Бұған дейін оның мөлшері 60 мың теңге болған еді. Осының негізінде әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмысшының табысы өседі.
Ең төменгі жалақының көтерілуі, бірінші кезекте айлығы төмен қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.
Айыппұл көлемі артады
Жақында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойған еді. Соған сай елімізде жаңа айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3450 теңге болып белгіленді. Өткен жылы 1 қаңтарында оның мөлшері 3063 теңге болса, 1 сәуірден бастап 3180 теңгені құрады. Яғни АЕК өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдар да артады деген сөз.
Осыған орай айыппұл мөлшері де артады. Айталық, ең төменгі айыппұлдың өзі 10 мың теңгеден асады.
Тұрақ ақысын төлемегені үшін салынатын ең төменгі айыппұл (3 АЕК) 9189 теңгеден 10 350 теңгеге өседі. Жүргізушілер жылдамдықты 10-20 км/сағ асырғаны үшін (5 АЕК) енді 15 315 теңге емес, 17 250 теңге төлейді. Ал бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін салынатын айыппұл (10 АЕК ) 30 630-дан 34 500 теңгеге көтеріледі.
Көлікті бастапқы тіркеу ақысының ең төмені (0.25 АЕК) 765.75-тен 862.5 теңгеге, ал ең жоғарысы (500 АЕК) 1 531 500-ден 1 725 000 теңгеге дейін жоғарылайды.
Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап сақтандыру полисінің құны да өзгереді. Себебі базалық сақтандыру сыйақысы (1.9 АЕК) 5819.7 теңгеден 6555 теңгеге жоғарылайды.
Салық кодексіне өзгерістер енеді
Мемлекет басшысы Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл құжат бизнестің кейбір түрлері үшін, атап айтқанда зергерлік өнеркәсіп пен тұрмыстық электроника сататын бизнеске ҚҚС-ты төмендету немесе толық босату құқығын береді. Есептер бойынша қызметкерлердің саны енді салық құпиясы болып табылмайды.
Сонымен қатар салық міндеттемелерін орындау кестесі салық төлеушінің дәлелді өтініші бойынша жылына бір реттен жиі емес қайта қаралуы мүмкін.
Ал банктер мобильді аударымдарды қабылдайтын шенеуніктердің деректерін салық органдарына бере бастайды. Шарт – айына 100 немесе одан да көп аударымдар және олар үш ай бойы қайталанбауы керек. Бұл салық төлеуші деректеріне ашық қолжетімділік пен қоғамдық бақылау деңгейін арттырады.
Ауыл халқына бизнесті дамытуға 2,5%-пен несие беріледі
Осыдан үш жыл бұрын Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба басталды. Жаңа жобаның табысты болғаны соншалық, ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы жылдан бастап оны бүкіл өңірде енгізуді жоспарлап отыр.
Жоба аясында ауылдар мен шағын қала тұрғындары бизнес ашуға және кәсібін дөңгелетуге шағын несие ала алады.
Сыйақының жылдық мөлшерлемесі – 2,5%, мерзімі 7 жылдан аспайды, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 млн теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 млн теңге.
Министрліктің ақпаратынша, алғашқы шағын несиелер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды.
Осы жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 52,4 млрд теңге бөлу көзделген.
Жеке тұлғалардың банкроттығы
1 қаңтардан бастап ел-жұрт асыға күткен «Жеке тұлғаларды оңалту және банкроттық туралы» заң күшіне енді. Бұл құжат қарызға белшесінен батып, несиесін өтей алмай жүрген азаматтарға арналған.
Заң бойынша банкроттық процедурасының үш түрі көзделген: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттықтың шарттарына сәйкес берешек 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы керек. Ресми кіріс болмауы керек. Мүлік болмауға тиіс. Қарыз бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет. Осы санаттағы азаматтар сотқа жүгінбей өзін банкрот деп жариялай алады.
Ал сот арқылы банкроттық қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден асқан жағдайда қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы.
Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл процедура тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – азамат "банкрот" деген статус алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Сенат депутаттарын сайлау
14 қаңтарда сенат депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлау алдындағы үгіт 13 қаңтарда 00.00-де аяқталады. 13 қаңтар – тыныштық күні.
Конституцияға сәйкес, Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам парламент депутаты бола алады.
Айта кетері, халық сенат сайлауына тікелей қатыспайды. Депутаттарды жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар – мәслихат депутаттары сайлайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
07 қаңтар 2023 ж. 1 728 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031