» » Нұр-Сұлтан зираттың үстінде тұр ма?

Нұр-Сұлтан зираттың үстінде тұр ма?

Кез келген елді мекенде тылсым құпияға толы, жұмбағы көп орындар кездеседі. Олар жайлы алып-қашпа әңгімелер көп.
Тіпті қорқынышты елесті көргендер де бар болып шығады.

Қорыққанға, әрине, қос көрінеді. Бірақ белгісіз бір тылсым күштің бары анық.

Астанада да шын-өтірігі аралас қорқынышты аңыз-әңгімеге арқау болған жер көп.

Мәселен, балауыз майшамға ұқсастығынан ел арасында "Свечки" аталып кеткен тұрғын үй кешені, "Қараөткел" қабірі, Абай – Жеңіс – Сейфуллин көшелері аумағы, Ақ жол көшесіндегі "Астықжан" сауда үйі маңы.

Мұнда болды деп жиі айтылатын қорқынышты хикаялар құлаққа сіңісті болып кеткен.

Шыңғырған дауыстар естимін

Нұрсапа Ноғайбек Бөгенбай көшесі бойындағы тұрғын үй кешенінде ("Свечки") жеті жылдан бері тұрып жатыр. Көзіммен елесті көрмесем де, түсініксіз дауыстарды жиі естіп тұрамыз, дейді. – Үйде тыныштық орнап, демалуға жатқан кезде ащы дауыстар естіліп, үрейлендіреді. Көбіне таңғы сағат үш пен бес аралығында шығады. Мен ғана естимін бе десем, әйелім де, балам да, келінім де естиді екен. Бірақ бәрімізге бірдей бір уақытта естілмейді, бір күні мен естісем, ертесіне олар естіп жатады.

Жыннан қатты қорқамын

Сәния бұл үйге жуырда ғана Орал қаласынан көшіп келген. Үйді сатып алар кезде елестер туралы әңгімені құлағы шалған, кейін отбасының досы әңгіме басқа мұнара жайлы деп сендіреді.

Сәния Орал қаласында өскен. Баскетболмен төртінші сыныптан бастап айналысады. 11 сыныпта Жанқалаға (Батыс Қазақстандағы аудан орталығы) баскетболдан жарысқа барғанда өз басынан өткен оқиғадан кейін елес пен жыннан қатты қорқамын дейді.Жарыста болған оқиға жүрегімді ұшырды

Қандай мектеп екені есімде жоқ. Бірінші, екінші ойынды жақсы ойнап шықтық. Кешке сол мектептің спортзалында төсек салып, бізді жайғастырды. Түннің бір уақытына дейін әңгіме-дүкен құрып жатқанбыз. Енді ұйықтайық десек, төбеден түрлі, дүрсілдеген дыбыстар естіле бастайды. Құдды билеп жатқан сияқты. Әбден маза бермеген соң шығып, қарасақ, ешкім жоқ, – дейді Сәния.

Не болғанын білмеген қыздар бісмілләсін айтып, жатып қалады. Сонда да таңға дейін маза болмайды. У-шу, тарс-тұрс дүрсілден ұйқы қашады.

Финалға өткен командалар арасында ойын басталғанда, түсініксіз жағдай болыпты.

Сәниямен командалас Айдана тегіс жерде сүрініп, жығылады. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанады. Оған да мән бермей ойындарын жалғастырады. Бірақ лақтырылған доп басқа жаққа ұшып кете береді. Оны сол жердегілердің бәрі де байқаған. Және қайталана бергендіктен төрешілер ойынды біржолата тоқтатқысы келеді.

Қыздар ойынды жалғастыруды талап етеді. Ендігісі одан да қызық болады. Лақтырған доп баскетбол себетіне түспей қояды. Түссе де айналып-айналып сыртқа шығып кетеді. Команда жеңіліп кері қайтады.

Әрине, мұның бәрін қарсылас команданың мықтылығына, бұлардың жолы болмағанына саяр ма еді. Оқиға әрі қарай басқаша өрбімегенде.

Автобуста отырған қыздар, Айдананың түрінің өзгеріп кеткенін байқаған. Ол беталды сөйлей бастайды. Бір мезгілде дәл қазір болатын нәрселерді бұлжытпай айта бастағанда құрбылары қатты үрейленеді.

"Мына жерде жол апаты болады. Біздің көлік сынып қалады" деген сөздерін алғашында сандырақ деп қабылдаған олар, кейін айтқаны дәл келгенде бойларын тіптен қорқыныш билейді.

Ауылға жете сала құрбыларын дем салатын емші әжеге апарады. Біраздан кейін күтіп тұрған қыздар Айдананың шыңғырғанын естіген, аз уақыттан соң жаттықтырушылары да жандауысы шыға айқайлайды.

Емші әжеден шыққан Айдана жақсарып қалады. Бір қызығы бірінші күнгі ойын ғана есінде, қалған жарыстар мен ауылға қалай жеткені жадынан мүлдем шығып кеткен.

"Зираттың үстіне салынған мектеп шығар. Бойында тұмары, аузында "бісмілләсі" барларыңа ештеңе жоламапты", дейді емші әже.

Мейрамханада ақ көйлекті әйел жүреді

Рок әншілер тобын музыка аспабында сүйемелдеуші Ия Шарипова Конституция көшесіндегі шығыс стиліндегі мейрамханада елес барына сенеді. Олай деуіне себеп те бар.

Бірде, ол әріптестерімен екінші қабатта отырғанда тұсындағы терезені біреу жұдырықтап ұра бастаған. Бірақ осы уақытқа дейін аспаздар мен даяшылардан мұнда көрінетін елес туралы неше түрлы қорқынышты әңгіме естіп жүрген және оған мән бермеген.

– Ал тағы бір күні сол ресторанда ақ көйлек киген әйел қарсы алдымда отырды. Бірақ сол отырған күйінде жоқ болып кетті, байқап үлгермедік, әпсәтте ғайып болды. Оны мен ғана емес сол жерде жұмыс істейтін көп адам көрген, – дейді Ия.
Монша орнына салынған үй

Ш.Уәлиханов пен А.Иманов атындағы көшелердің қиылысындағы "Москва" тұрғын үй кешені туралы да қорқынышты әңгімелер көп. Сол үйдің орнында бұрын монша болған деседі.

Монша мен оның айналасындағы кір жуатын жер мен отын жағатын үй қоса сүріліп, жері тегістеліп жатқанда жергілікті орыс кемпірлер келіп, "арам жер, үй салуға болмайды" деп, ескерткен екен. Бірақ сөздерін елеген ешкім болмапты.

Үй бірден тұрғызыла қоймайды, кедергілер көп кездеседі. Біресе жердің астынан су шығады, біресе құрылысшылар өзара келісе алмайды, сақалды құрылысқа да айналады. Сөйтіп жүріп, әйтеуір, бір жылдары салынып бітеді.

Тапсырысқа бергенде де іс бірден жүріп кетпейді. 2007 жылы өрт болады. Бір жылдан соң тағы да өртеніп, 40-қа жуық адам тірідей жанып кете жаздайды. Байырғы тұрғындардың айтуынша, бұл жерде 60-70 жылдары бір жас әйелді зорлап-қорлап өлтірген деген әңгіме тараған.

Сенбейін десең, бұндай оқиғалар жалғасып жатыр.

Мысалы, 2008 жылы осы үйде тұратын құрбысына келген Қазақ музыка және драма театрының 35 жастағы актрисасы да түсініксіз жағдайда қаза табады.

Айтуларынша, құрбылар 15 қабаттан лифтіге кіре бергенде, актриса лифт қабырғасындағы үлкен жырыққа назар аударған.

Сол сәтте құдды біреу суырып әкеткендей, еш дыбыс шығармай жоқ болып кетеді. Құрбысы қайда кеткенін білмей де қалады. Тек денесін жұмысшылар шахтадан тауып алған.

Күзетшіні қорқытқан белгісіз дыбыс

"Астықжан" сауда үйі маңындағы бір ғимараттың екінші қабатында күзетшінің басынан өтіпті деген мына бір оқиға да үрей туғызады.

Енді ғана жұмысқа тұрған жас жігіт кешкі асын ішіп отырып, біреулердің орындықтарды жылжытып жатқанын естиді. Қауіпті аудан екенін білетін күзетші, есік-терезені түгел тексеріп қарайды. Бәрі жабық. Қолына таяқ алып, бұрышқа тығылып ұзақ тұрады. Ешкім жоқ.

Келесі күні дамылдап жатқанда, рациядан "жиырмасыншы, жиырмасыншы", – деген өте бәсең әйел дауысын естиді. Өзімен бірге кезекшіліктегі оператор қыз екен деп ойлаған ол, оны шақыра бастайды. Жауап болмаған соң, рациясына қараса, қосулы тұрғаны – ешқашан байланыс орнатылмайтын арна. Оператор қыз тек біраз уақыттан кейін байланысқа шыққан.

Қызығы ел арасында аңыз-әңгіме көп тарайтын аудандарда жол-көлік оқиғалары да жиі болады екен.

Осы көшелерде жол-көлік оқиғасы да жиі болады

Астана – үлкен қала. Көшедегі көліктердің бірін бірі қағып, соғып кетуі қалыпты жағдай десек те болады. Жүргізушілер өзара келісіп, тарап кетіп жатады.

Дегенмен, бір жерде оқиға бірнеше мәрте қайталана берсе, оны жағымсыз, тылсым күштің кесірі деп жатамыз. Содан барып,адамды үрейлендіретін әңгіме тарайды.

Мысалы, Сарыарқа мен Бөгенбай көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы жиі болып тұрады. Бұл жер жоғарыда айтылған "Свечки" аталып кеткен тұрғын үйдің қасында.

Жол полициясының қызметкерлері жол апатының Ақжол көшесінде де жиі болып тұратынын айтады. Бірнеше рет адамдар мерт болған. Ол жердің "Астықжан" сауда үйінің маңында екенін білгенде таңданбасқа шара қалмады.– Жеңіс даңғылы, Кенесары, Абай, Уәлиханов көшелерінде жол оқиғасы жиі болып тұрады, – дейді полиция капитаны Қуаныш Еркінов.

Биыл да бұл көшелерде жол-көлік оқиғалары болған. Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша 6800 жол-көлік оқиғасы тіркелген, бұл былтырғымен салыстырғанда 9% көп. Тек биыл ғана жол-көлік оқиғасынан жеті адам қаза тауып, 250-ден астам адам әр-түрлі дене жарақатын алған.

Астана зираттың үстінде тұр ма?

Ақмола қорғаны салынады деп алғаш белгіленген орын Нұра өзені бойындағы қорымның жаны болатын деседі. Ақмола деген атауының өзі бұрындары зираттың орнына тұрғызылғандықтан деген де жорамал бар.

Бейресми деректерге сүйенсек, қазіргі Абай – Жеңіс – Сейфуллин көшелері маңында 1830 бен 1915 жыл аралығында православтар зираты болған. Кейін ол жердегі қабірлер бұзылып, орнына түрме салынған. Әңгімеге арқау болған Бөгенбай көшесі бойындағы тұрғын үй ("Свечки") салынған жерінде де зират болған-мыс.

Ал Астанадағы ең көне болып саналатын "Қараөткел" зираты әлі де болса қаланың қақ ортасында тұр. Айналасындағы тұрғындардың оған бойлары үйреніп кеткен. Елес пен қорқынышты оқиғалардан ада.Кейбір деректерде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында мұнда оба, тырысқақ, сүзек, күйдіргі және шешек сияқты жұқтырмалы аурудан өлгендерді жерледі делінген. Сондықтан болар билік осы уақытқа дейін мұнда қандай да бір құрылыс жұмыстарын жүргізбепті. Қайта жөндеп, қоршап қойды.

Психотерапевт: Өткенмен байланыс бар

Психотерапевт Гүлнұр Жексенбаеваға елес көрінеді деп келушілер бар. Кейде, психикалық ауытқуы бар адамдар галлюцинация мен елесті шатастырып жатады дейді.
Сондықтан, ең бірінші адамды шизофрения ауыруына шалдықты ма анықтап алу керек. Кейде айтып отырған әңгімелері ақылға қонымсыз болады, ондай жағдайда медициналық орындарға жібереміз дейді ол.
– Екіншіден, адамның жалпы күйі, денсаулығына мән береміз. Иммунитеті төмендеп, шаршаңқылық жағдайда жүрген адам кез-келген елесті тез қабылдайды.
Мәселен миға оттегінің қажетті мөлшерде жетпеуі салдарынан адамдардың тыныс алуға жауапты, көзді жұмып, ашу сияқты ойланбай жасайтын нәрселерді атқаратын ми бөлігі уақытша істен шығады. Салдарынан қорқынышты түстер, құлау, секіру, тұншықтыру сияқты әрекеттерді көреді.
Егер адамның психологиялық күйі мен денсаулығы жақсы болса, ментальды жағын қарастырамыз. Біз ата-баба аруағына қатты сенетін халықпыз. Аруақты құрметтеуге арналған салтымыз көп, мешітке барып, садақа беріп, жеті шелпек пісіреміз. Бұл ақпарат біздің қанымызда бар, миымыздың түкпірінен терең орын алған.
– Зираттардың үстіне үй салу біздің ментальды, мәдениеттілік дәстүрімізге қайшы. Қабірлерді ашу, ата-бабаңның атын қорлау бәрі бізге жат. Бұл көрсеткіш өзге елдерде төмен болуы мүмкін, себебі олардың сенімдері өзге.
– Елестер, энергиялар, өткен шақпен байланыс та бар. Бірақ адамның оны қабылдауы басқа мәселе. Адамның бос уақыты аз болған сайын тылсым күшпен байланысы төмен болады, – дейді психотерапевт Джексенбаева Гулнур.
Экстрасенс: Адамның жанын күнәлары жібермейді

Танымал экстрасенс Жанна Белозерова зират болған жерлерде ана дүниеде тыныштық таба алмай жүрген адамның жаны кезіп жүреді дейді. Ол сол жерде бір нәрсеге "жіпсіз" байлаулы. Отбасысын қимайды немесе тірі кезіндегі іске асыра алмаған мақсаты маза бермеуі мүмкін.
Осындай жағдайда адамның жаны жерге байлаулы болады, кете алмайды, тірі адамға кейде елес болып көрінеді. Немесе адамның тірі кезінде жасаған күнәлары оның жанын о дүниеге жібермейді, физикалық тұрғыда көрмесек те, олар бар. Адамдарды сол қорқытуы да мүмкін.
– Кейбір жағдайда көріпкелдік қасиеті дамыған адамдар оны көре алады, немесе адам бір транс күйге түскенде, ойланып отырып көріп, елес пе, жоқ па аңғармай қалуы да мүмкін, – дейді Жанна. – Бұрындары зираттардың орындарына ғибадатхана салатын, монастырь не басына барып дұға оқып тұру үшін арнайы жай орнатып қоятын. Ал қазір болса, тұрғын үйлер, ауруханалар, перзентханалар салады, сосын адам өлім көбейіп барады деп таңқалады. Аруақ болса, энергетикалық құрбанды іздейді.
Мен бір қалада болғанмын, зираттың орнына перзентхана салып қойыпты. Ол жерде бала өлімі өте көп екен. Адам өмірге келген бойда-ақ, оған аруақтар жабылып, энергиясымен қуаттанғысы келіп тұрады. Кішкентай бала оны көтере алмай өледі. Сондықтан, үй алмас бұрын, алдын ала бұл жерде бұрын не болғанына мән берген жөн.
Бір жерде жиі қайталанып тұратын жол-көлік оқиғалары да тысым күшке байланысты. Жалпы жол-көлік оқиғасы болғаннан кейін тура сол жерге адамды жерлеу дұрыс емес. Бұл жер негативті энергияны өзіне тартып тұратын болады. Сондықтан кейбір жерлерде үнемі жол-көлік оқиғалары қайталанып тұрады, – дейді Жанна Белозерова.
02 шілде 2019 ж. 2 041 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031