Өкінішпен өткен өмір
Күн күркіреп, жауынның да құйған шағы. Кешелі самал жел ескен, қақ шекеңнен тескен күн райы күрт өзгерген. Жауын жауса, еңсе түсіп, көңілді мұң шалатыны бар емес пе? Гаухардың жасы егде тартып, төсекке таңылғаны қашан. Әр жауын жауған түн өткеніне өкінішпен қарап, ішқұса болатыны бар еді...
Бүгін таңмен таласа оянған Гаухар вокзалға қарай жүгірді. Жаз айы болатын. Әлсін-әлсін нөсер жауын себелеп тұр.
– Келдің бе? – деді Арман қуана.– Келмегенде ше? Өзіңді күтетін боламын. Хат жазып тұршы, – деген Гаухар көз жасына ерік берді.
Арманның бүгін әскерге аттанған күні. Жүрдек пойыз жылжи түсті. Сүйгеніне орамалын ұсынған ару пойызбен ілесе жүгіріп келеді. Қолын соза иісі сіңген, көз жасын сүрткен көк орамалын Арманның қолына беріп үлгерді. Қара түтінін будақтата жүйткіген пойыз тым алысқа кете барды.
«Мен серт беремін. Өзіңді күтемін» деген Гаухар іштей жылап, жауын астында жаяулата жүріп келеді. Арманмен көңіл қосқанына көп болған. Ауыл таңдана қарайтын шын ғашықтар еді.
Арада жылжып 3 жыл да өте шықты. Арманның келуіне небәрі үш ай қалған. Күн артынан күн санап жүрген жас ару сүйгенін асыға күтуде. Кешқұрым. Аспан астындағы кинодан қайтқан Гаухар үйіне қарай беттеді. Кенет өзі танитын Кеңес алдынан шықты.
– Үйіңе дейін жеткізіп салайын? – деді ол.
Бойжеткеннің «жоқ» дегеніне қарамастан ізінен еріп келеді. Бұрыннан танитын адам болған соң Гаухар одан сескенбеп еді. Бірақ онысы бекер болды. Аяқ асты тынық даланың астан кестеңі шықты...
...Гаухар Кеңестің үйінде. Алып қашып келгені осы. Кетемінге салып қасарысса да басына орамал жауып әуре бәрі. Қалды. Әке-шешесі «Бірінші бақ – бақ» деп қызын тастап кете барды. Келіндік өмір. Тынымсыз тіршілік. Тек ойында Арманның оралуы еді. Не айтады, не дейді, басы қатып әлек. Жүрек шіркін де сол жанды аңсап барады ғой, қайтсін.
Сырт жақтан қатты дауыс естілді. Аула есігін тарсылдата қағып жатыр екен. Аяғына тәбішкесін іле-шала кие сала тысқа жүгірген Гаухардың алдында алғашқы махаббаты, сүйгені тұр. Иә, Арман әскерден оралыпты. Екі көзі жасқа толы. Жүрегін мұң шалып, ішіндегі айқайын көзбен ессіз түсіндіріп тұр.
– Мен мұны қаламадым, – деген Гаухар ішке жиғанын бір сәтте ақтарып, ағыл-тегіл жылай жөнелді.
– Білемін, бәріне көнемін. Ештеңеге де қарамаймын. Осы күйіңмен қабылдаймын. Менімен ерші, – деді Арман баяу үнмен.
– Жоқ. Ол мүмкін емес. Кешегі бойжеткен бүгінде келін. Бір үйдің түтінін түтетіп, қара шаңыраққа қызмет етудемін. Енді кете алмаймын. Мені кешір, – деген Гаухар жүгіре үйге кірді.
Одан кейін де Арманның келген күні көп. Сондағысы сүйгенін өзіне қайтару еді. Әскерден кейінгі өмірі жұмыс істеумен басталды. Содан бері арада үш ай өтті. Бір күні Арман көзден тасада қалды. Ешкім көрмеді, білмеді. Өзінің жақын-жуығы, ағайыны, әке-шешесі жоқ тұл жетім еді. Көршілері алаңдап үйіне іздеп барса, жас жігіт шалқадан түсіп жатыр екен. Қимылдамайды. Ішқұсадан бұл фәнимен қоштасып кете барыпты. Ауыл іші азан-қазан. Өрімдей жігіттің өмірі, жас жүрегі осылайша ерте тоқтады.
Ал мұны естіген Гаухар тіпті тірі өліктің күйін кешті. Күндіз күлкі, түнде ұйқысы жоқ. Жаны күйіп барады. Ақтарыла, айқайлай дауысын шығарғысы келеді. Бірақ әттең, жұбайы бар, отбасы бар. Көндігуден өзге қолдан келер шара жоқ.
Уақыт жылжып өте берді. Алайда Гаухардың өмірі қиындықтан құралған, азаппен өткен шақтар еді. Кеш бата тыста отырған Гаухардың тас төбесінен қатты соққы келеді. Тіпті көз ілеспес жылдамдықпен не болғанын аңғармады. Сөйтсе әлгі Кеңес атты күйеуі ішіп келіп, аулада тұрған күрекпен Гаухардың басынан қойып қалған екен. Күнде осы. Ішіп келу, жанжал, ұрып-соғу. Көзінің асты көгеріп, тағдырдан бір, адамнан бір жеген таяғы оны Кеңестен ажыратпады. Бізде «ұят болады» деген бар ғой.
Уақыт дегеніңіз зырғып жатыр. Бала-шаға қамы. Тіршілік. Баяғы сұлу бойжеткен ақ жаулықты әжеге айналған. Денсаулығы сыр беріп, төсек тартып жатып қалды. Бүгін міне, жауын шелектеп құйып тұр. Өмір мен өлім арасында қорғансыз жатқан Гаухарға күйеуі Кеңес келіп, қасына отырды.
– Мені кешір! Жастығыңды ұрладым. Сүйген жаныңнан айырдым. Азапты өмір сыйладым. Барлығы үшін кешірім сұраймын, – деп еңкілдей кетті сақалын ақ шалған Кеңес.
«Иә» дегендей басын ауық-ауық изейді Гаухар әже де. Айтарға, сөйлерге тілі күрмеліп, ештеңе дей алар емес. Тек жауынмен қоса аққан тамшы жас ақ самайынан сырғып түсе берді, түсе берді.
Таң. Кешегі қара бұлт әлі аспанды торып тұр. Кетер емес. Себелей түскен жаңбыр. Әрі-бері жүгірген адамдар. Гаухар көз жұмыпты...
...Шын ғашықтар қосылмайды деген рас-ау, сірә?! Бірнеше жылын азапқа арнап, тағдырын өзге ұрлап әкеткен өмір Гаухарға бір сәт қуаныш сыйламап еді. Тек балаларым деп жүріп-ақ уақытын жұмсады. Иә, өкінішпен өткен өмір осылайша өрілген болатын...
Айнұр ӘЛИ