» » ЖЫН БА, САЙТАН БА?

ЖЫН БА, САЙТАН БА?

Білім қуып, Жезқазғанға барған кезім. Жоғары оқу орнынан жолым болмай, біржылдық хатшы-стенографистің курсына оқуға шешім қабылдадым. Сырттан келгендерге кәсіптік-техникалық училищенің жатақханасынан орын берілді. Ауылдан барған үш қыз қуана-қуана орналастық. Бөлмеміз жоғары қабатта. Алғашында еш алаңсыз сабағымызды оқып, көппен бірдей болып жүрдік. Біртіндеп сырын білмейтін қаланың өмірімен таныса бастадық. Танысқанымыз бар болсын, кешке қарай жатақханаға қаланың «шпана» қыздары келіп, бірде ақша, бірде темекі сұрап, мазамызды алатын болды. Оңтүстіктен келгеніміз байқалып тұра ма, бізге көп келгіштейтінді шығарды. Үйге айтуға батылымыз бармайды. Айтқанда не өзгереді. Онсыз да институтқа түсе алмай, бетіміз қызарып жүргенде енді жетпегені жатақхананың жырын жырлау қисынға келмейтіндей. Оның үстіне «анамды босқа уайымдатып не істеймін» деген де ой болды.
Бірде түскі үзілісте сабақтан бөлмеме келсем, киім-кешек жерде шашылып жатыр. Шабадандар жайынның аузындай екі қаққа қарап қалған. Не де болса бұл қаланың бұзық қыздарынан келген болды ғой, деп ағаш керуетке отыра кетім. Өз-өзіме келген соң киімдерімді жиыстыра бастадым. Жарты шабадан киім жоқ. Үптеп кеткен. Азын-аулақ ақшам жанқалтамда еді. Оған да шүкір дедім. Қасымдағы қыздар сабақта. Бір кезде не болғанын түсінбей қалдым. Ыстық леп келіп, керуетте отырған мені жоғары көтеріп, қабырғаға жалп еткізді. Онсыз да ұрланған киімдерімді қайғырып отырғанда, мына жағдай тіпті қинады. Қабырғаға жабысқан күйі мелшиіп қалдым. Бір кезде барып аузыма: «Біссіміллә-рахман-рахим» деген сөз түсті. Алланың құдіретіне шек бар ма? Алланы аузыма алғаным сол еді, ыстық дем мені керуетке сылқ еткізіп тастап жіберді. Жүгірген күйі жанұшыра далаға атып шықтым. Денем дір-дір етеді.
Сол күні үш қыз затымызды жинап, «жатақхананы енді төбеміздің шұқыры көрсін» деп, туысқан жағалап кеттік. Мұндайды ешкімге де тілемеймін. Кейін естігеніміздей, жатақханада үнемі арақ-шарап ішіліп, жын ойнақ болады-мыс. Лас жерде не жаманның да жүретіні бар? Қалай десем де, мұны жақсылыққа балай алмадым. Міне, содан бері де арада отыз жыл уақыт өтті. Зымырап жылдар өткенімен, сол оқиға есімде жатталып қалды.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
13 қыркүйек 2018 ж. 3 338 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031