Жамбыл облысының тас жолында полицейлер әйел адамды босандырып алды (видео)
Жамбыл облысының полицейлері баланың дүниеге келуіне көмектесті. Олар босануға шақ қалған әйел адамды перзентханаға апара жатқан, бірақ толғақ кенеттен басталып кеткен деп хабарлайды өңірдің ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
2 тамызда Алматы-Ташкент тас жолының 183 шақырымында аға лейтенант Сейімбетов пен лейтенант Наурызбаев бұзылған автокөлікті байқап қалған. Көлікте отырған Салимбаевтар отбасы Қордай аудандық перзентханасына бара жатқан.
Полицейлер әйел мен оның жұбайын перзентханаға жеткізу туралы шешім қабылдады. Алайда үлгермей қалды. Әйел адам дәл қызметтік автокөлікте босана бастады.
Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, келіншекті босандырып алды. Қуанышқа орай, бәрі сәтті өтті. Дүниеге ұл бала келді. Содан кейін оқиға орнына жедел жәрдем келіп, отбасын перзентханаға алып кетті.