» » БАЛА ТІЛІ БАЛ БОЛМАЙ ТҰР

БАЛА ТІЛІ БАЛ БОЛМАЙ ТҰР

Баласын бақытына балаған ата-ана үшін оның денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Өкініштісі сол, он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай болып туған торсық шекеден де кейін келе денсаулығынан кінәрат шығып, бір үйлі жанды әбігерге салып жататыны бар. Осындай науқастылықтың бірі – тіл мүкістігі. Шындап келгенде, мұның бүгінгі қоғамның басты мәселесіне айналып отырғаны ешкімді де назардан тыс қалдырмайды. Ескерерлігі сол, тіл бұзылысы бірден байқалатын ауру емес. Анасынан туғанда барлық бала бірдей көрінеді.
Сыртқы кейпі де дұрыс секілді. Әйтсе де, арада бірер жыл салып немесе нәрестенің өзге қатары былдырап сөйлегенде ғана әке-шеше сәби тілінің кемшілігін аңғарады. Көбіне осылай уақыт өткізіп барып, кеш біледі. Оған себеп те жоқ емес. Әдетте, қазақ отбасы әдепкі туғанын «тұңғышым» деп, кенжесін «сүткенжем» деп немесе неше қыздан соң ұл туғанда «аққошқарым» деп шектен тыс еркелетіп жүргенде баланың ендігі шығуға тиісті тіліне мән бермейді. Тілі тұтығып, болмаса кекештенсе – «еркелігінен ғой, әлі-ақ тап-таза сөйлеп кетеді» деп өздерін алдарқатады. Сөйтіп жүргенде, балаға белгілі бір дәрежеде диагноз қойылып, дефектологтың алдына баруына тура келеді. Бұл тұрғыда мамандарымыздың айтар өз уәжі бар.
– Бала тілінің бал болмауының негізгі себебі – жүйке жүйесі ауруы, сөйлеу аппаратының патологиялық өзгерісі, сондай-ақ бала кездегі тәрбиенің жетіспеуі мен ағзаның невралогиялық күйін атаймыз. Сөйлеу қызметінде басты рөлді мидың доминантты жарты шарында (оңақайларда сол жақ, солақайларда оң жақ жарты шар) орналасқан сөйлеу-есту және сөйлеу-қимыл зонасы атқарады. Сөйлеу – баланың психофизикалық даму үрдісінде қалыптасады. Дыбысты бұзып айту, фонетикалық есту қабілетінің дамымауы, сөздік қор мен грамматикалық сөйлем құрылысының артта қалуы – сөйлеу  тілі дамыған баланың барлығына тән кемшілік, – дейді Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің дефектолог маманы Жансая Өтегенова.
Тіл бұзылысының 2 тобы барын айтады мамандар. Олар: биологиялық және патогендік. Бірі – сәбидің ана жатырында жатқанда, сонымен қатар толғақ кезіндегі гипоксия, жарақат алуынан орын алса, енді бірі – туғаннан кейінгі алғашқы айда ми инфекциясы мен түрлі жарақат секілді патогендік науқастылық әсерінен болады. Қазіргі уақытта медицинада жаңа туған бала тілінің астыңғы желісінің тартылуы көп кездесуде. Бұл дегеніміз – дүние есігін енді ашқан бүлдіршіннің ана көкірегін еме алмай, қиналып жылауы. Тіласты желісінің қысқалығы сәбидің психологиялық дамуын тежеп, кесірін тигізеді. Мұнан бөлек, тілі бұзылысына әкеп соқтырады. Сол себептен де баланың 3 айлығына дейін стоматолог немесе ортодонт маманына барып, қидырған жөн. Бұл мәселе 1 жасқа дейін аталған маманмен шешілсе, одан асқан соң тіласты желі отамен кесіледі.
Дефектологтың айтуынша, кейбір ата-ана 3-4 жастағы баланың тілі түсініксіз болса да, «мүлде сөйлей алмайтын жағдайда емес, оқуға барғанша бір сөйлер» деп өз-өзін жұбатады. Мұндай түсінік мүлде дұрыс емес. 1 жасар бала кем дегенде 10 сөз айтуға тиіс болса, 2 жастағының сөздік қоры 300-ге жуықтауы керек. Ал, 3 жастағы бала күрделі сөйлем құрауға қабілетті. Сол үшін де кез келген ата-ана баласы 1 жасқа толысымен онымен етене сөйлескені дұрыс. Онда да баланың былдырына еріп, соның «тілімен» емес, түсінікті тілде сөйлеуге үйреткені абзал.
Сақаулық еліктеуден де болатын құбылыс. Балаға сөйлеу тілі әлі дұрыс қалыптаспаған сәбидің қасында үнемі бірге ойнау зиянды. Сонымен қатар баланың тілі мүкіс немесе өте жылдам сөйлейтін адамдардың қасында көп болуы  да жақсы емес.
Сала маманы баламен бір тілде ғана, яғни өз ана тілінде сөйлескені ретті дейді. Бірде қазақша, бірде орыс тілінде сөйлегені сәбидің еркін сөйлеу қабілетін әлсіретіп, екіұштылыққа әкеледі. Бұған қоса, тілі мүкістенеді. Соның салдарынан сөздің дыбысталуы ұқсас әріптерді ажырата алмайтынға ұқсайды. Мұндайда тиімдісі – сәбиге жаңылтпаш айтқызу.
– Тілінде бұзылысы бар баламен дер кезінде маман түзету жұмысын жүргізуі қажет. Баланың сөйлеу тілін жетілдіруде саусақты жаттықтыра отырып, мидың жұмыс істеу қабілетіне ықпал етіледі. Сол секілді қолдың жазуға икемі  артады. Баланың дыбысты дұрыс айтуын түзетуге кіріспес бұрын, оның жеке тұлғалық белгісін білген қолайлы. Кейбір баланың сөйлеу тілінің бұзылуымен қатар, жүйке жүйесі мен психологиялық ауытқушылық болатынына назар аудару керек. Сол себепті баламен күнделікті жұмыста әр баланың жеке қабілетін ескеріп, жалпы және арнайы моторикасын дамытуда түрлі ойын мен тапсырма беріп отыру ләзім, – дейді дефектолог Жансая Өтегенова.
Түйін
Тіл мүкістігі орын алған жағдайда ең тиімдісі – баланы ермек сазбен ойнатып, сурет салу мен графикалық жаттығуды жасату. Отбасында қамырмен жұмыс істеу де өте пайдалы. Оны домалату, сығу, бөлшекке бөлу арқылы да саусақ жазуға дайын болады. Мұнымен бірге, моншақ пен түймені жіпке тізу де бала денсаулығына айтарлықтай септігін тигізбек. Әрине, бұл балаңыз ауырған жағдайда жасалатын қарекет. Ең тиімдісі – балаңызға ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолын іздеу.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы». 
19 маусым 2019 ж. 1 394 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031