» » БАЛА КҮЛСІН ШАТТАНЫП...

БАЛА КҮЛСІН ШАТТАНЫП...

Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай орталық алаңда балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Шарада сөз алған аудан әкімі Сұлтан Мақашов жылы лебізін жеткізіп, балаларды мерекемен құттықтады. – Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Себебі өскелең ұрпақ елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматы. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып өсуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын, – деді аудан басшысы. Шеруге  әуез мектебі, аудандық оқушылар үйі, №26, №27, №30, №105, №121, №183, №250 мектеп-лицей ұжымдарының қызметкерлері мен оқушылары қатысты.
Бұл жыл сайын өтетін дәстүрлі шара.  Мереке барлық балалар мен жиналған жұрт­­шылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Балаларды қорғау күніне орай өтетін шаралар легі  жазғы демалыс саябағындағы «Нұрлы болашақ» тақырыбында бүлдір­шіндердің кешіне жалғасты.
Шараның ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Сұлтан Мақашов балақайларға жаз мезгілін тиімді өткізуге барлық жағдай жасалып жатқандығын айтып, мерекемен жиылған жұртшылықты құттықтады.
Саябақты жас кәсіпкер Салтанат Ұзын­­жасова басқаруына алып, ау­дан­ның көр­кеюіне өз үлесін қосам деуші кәсіп­кер­лердің басын қосты.
Сонымен қатар демалыс саябағында "Көше кітапханасы" бұрышы ашылды. Оның  ерекшелігі келушілер сөредегі кі­тап­ты алып оқиды, алған кітаптың орнына өзінің оқыған кітабын қойып кетеді.
Бұл күні жазғы демалыс саябағында ат­­­тракциондарға отырғызу тегін ұйым­дас­тырылып, тәтті балмұздақтар тегін үлес­ті­рілді.
Қызықты демалыстар да, кешкі серуен де бәрі осында. Мамыражай шақтың ең әсем көрінісі – әрине, жаз мезгілі. Бұл мезгілдің нұры мен рауаны кеуілге қуаныш сыйлайды. Әсіресе, балалар маусымы.
Арайлап атқан көктегі күннің сәулесі терезеден төгіліп, әрбір жас бүлдіршініміздің табанынан  қытықтап оятуда. Жүздеріне күлкі, сүйкімді бейнелеріне болмыс қоса білген жаз айының табиғи құпиясы өте зор. Шіліңгір шілдеде жауған жаңбырдың да, өңменінен өтетін аптап ыстық та қымбат. Жаз айының кереметтілігін сезініп, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін демалыс саябағына қарай ағылуда. Осы ретте бөбектеріміз бен жас жеткіншектерімізге шаттық сыйлауға арналған жазғы демалысты тиімді пайдалануға жағдай жасау мақсатында бірқатар іс-шара орын алып жатты. Мәселен, аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен "Нұрлы болашақ" акциясы аясында "Армысың, арайлы жаз!" тақырыбындағы салтанатты мерекелік кешке куә болдық. Шараға 250-ге жуық бала келді. Бұл кешке аудан әкімі Сұлтан Мақашов қатысты. Сондай-ақ жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ибрахим, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова қонақ болды.
Асфальтқа сурет салу байқауынан І орын тұғырына Ғазиза Сейілханқызы, ІІ орынға Нұрсипат Зиядин мен Тоғжан Асқарқызы көтерілсе, Инабат Алтынова мен Айым Айдарқұлова есімді балалар ІІІ орынды иеленді. Мұнан бөлек, ұлттық спортымыз тоғызқұмалақтан жарысқа 18 оқушы қатысты. Нәтижесінде, І орынды Арнұр Әлжан, ІІ орынды Батыржан Олжабай мен Ринат Ақбатыров, ал ІІІ орынды Арман Бөрібаев пен Алтынбек Сұлтанов қанжығасына байлады. Әрі қарай эстафеталық жарысқа жалғасып, мерекелік концерттің шымылдығы ашылды.
Сәнді сахна. Көздің жауын алатын әдемі безендірулер. Бұл жерден суға шомылу үшін арнайы бассейнді де, тәтті балмұздақтарды да, әуезді караокені де кездестірдік. Ондағы балақайлардың көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жасөспірімдердің бос уақытын мазмұнды өткізу үшін қолайлы сәт туды. Ғажайыпқа толы маусымның берер ырысы мен құты мұнымен толастамайды деп сенеміз. 
Ақнұр САҒЫНТАЙ.
 Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА.
«Қармақшы таңы».
05 маусым 2019 ж. 1 092 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 158

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930