» » ТӨРЕТАМДАҒЫ ТАСАТТЫҚ

ТӨРЕТАМДАҒЫ ТАСАТТЫҚ


Төретам кенті орталығында орна­ласқан «Жәрімбет әулие» мешітінде әруақтарға арнап берілген аспен басталды. Шарада облыстық мәслихат депутаты Кенжебек Үйреков, Төретам кенті әкімі Шайқыбек Сүйімбетов, Байқоңыр қаласы билер алқасының төрағасы Жақып Ермеков, Байқоңыр қаласы, Төретам кенті ардагерлер кеңесінің төрағалары Табынбай Алмаханов, Нәдір Арықов және басқа да аға буын өкілдері осындай тағылымды іс-шараны ұйым­дас­тырушыларға алғаусыз алғысын жет­кізіп, жылы лебіздерін білдірді. «Жәрімбет әулие» мешітінің бас имамы Дастан Иманбаев әруақтарға арнап Құран бағыштады.
Одан әрі тасаттық Ақай ауылындағы «Қалмырза» төбесіндегі ауылдық ипподромда жалғасты.
Түс қайта төбе басына жиналған жұртшылық алдымен 5 шақырымдық тай бәйгесін тамашалады. Жарыс жолына шыққан 4 тайдың ішінен ә дегеннен-ақ суырылып алға шыққан шабандоз Әнуар Сейділдаев мінген «Қарабай» екі айналымда да көш бастап, мәреге бірінші боп жетті. Ол 1984 жылы туған төретамдық жастар тағайындаған жүлдені жеңіп алса, қалған орындарды қазалылық Тұрмағамбет Өмірзақовтың «Қаракөгі» мен шабандоз Бекұзақ Оразбаевтың «Мансұры» місе тұтты.
Келесі кезекте құнан бәйгесін өзара сарапқа салуда бірінің соңынан бірі шаба жөнелген құнандар арасында қазалылық Нағашыбай Жақыпбаев баптаған «Балаторы» бірінші болып мәрені кесті. Ол Қазбек Мектепбаев атындағы жүлдені жеңіп алса, ІІ және ІІІ орындарды ақайлық шабандоз Дулат Мінәжадиновтің «Торысы» мен Қазалы ауданы, Ақсуат ауылының шабандозы Ақниет Құлымжанның «Ақбақайы» Ержан Матжанов және Бақыт Мубиенұлы атындағы жүлдеге ие болды.
Ал 22,5 шақырымдық аламан бәйгеде ауыздықпен алысқан 7 сәйгүлік қаз-қатар тұрып, бір-бірімен жанаса шаба жөнелгенде «Қалмырза» төбесіне жиналған жұртшылық нағыз ат бәйгесінің енді қызған сәтін тамашалады. Расында да, «Сен тұр мен атайын» дегендей, ә дегеннен үстеріне мінген шабандоздармен алысқан тұлпарлар желді есе шауып, бір-бірін шаңға көмді.
Міне бірінші, одан кейін екінші, әрі үшінші айналым да артта қалды. Сәйгүліктер арасынан әлі дараланып шыққандар көрінбейді. Шабандоз мінген тұлпарларының ауыздығын әлі босатар емес. «Нағыз жүйрік бәйгеде танылады» дегендей, осы кезде желмен жарыса жүйткіген қуандариялық шабандоз Әл-Фараби Нұрсейіттің «Торытөбелі» шабысын үдетіп, өзгелерден бірінші болып мәре сызығына жетіп Руслан Сейілханұлы атынан тағайындалған бас жүлдені, яғни тайды жеңіп алды. Одан кейін ауыздығымен алыса мәреге жеткен байқоңырлық Нұрперзент Өтесіннің «Торысы» ІІ орынға, ал шабандоз Аслан Құттыбай мінген «Ерке көк» жүлделі ІІІ орынға көтерілді. Жүлдегерлер Құлахмет Алпысов атынан тағайындалған тай-өгіз бен 1983 жылы туған төретамдық жастардың жүлдесін иемденді.
«Қалмырза төбесіндегі ат жарысын сол өңір тұрғындары арасында аталып кеткен «Өгіз өлді», яғни тоқ бәйге шымылдықтады. Жарыс жолына шыққан 8 ат 2 айналым болатын бәйге жүлдесін сарапқа салды. Нәтижесінде Қазалы ауданының шабандозы Өркен Оңғаровтың «Күрең қасқасы» бәйге жеңімпазы атанып, Ақай ауылы кәсіпкерлері тағайындаған жүлдені меншіктеді.
Ғарыш айлағы тұрғындары көпке дейін еске алып жүретін танымдық шара түрлі ұлттық спорттық жарыстармен айшықталды. Нақтысын айтқанда, қойды басынан асыра 250 рет көтеріп, жеңімпаз атанған байқоңырлық Руслан Мусаев Жақсыбай Қонақов атынан тігілген қойға иелік етсе, 24 келілік екі гір тасын екі қолымен 44 рет көтерген Нұрлан Ахметов Маржанкүл Разақбергенқызы атындағы жүлдені жеңіп алды.
Сондай-ақ, қазақ күресі бойынша да өткізілген түйе палуандар белдесуінде Разақ Орысбеков атындағы жүлде мен арқан тартыс сайысында Жұбаныш Жақсыбаев атынан тігілген жүлделер өз егесін тапты.
Аталмыш игі іс өткен жылы Ақай ауылында бастау алып, биыл Төретамда жалғасын табуда. Мақсат – жастарды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында көтерілген мәселелердің бірі – салт-дәстүріміз бен сонау ықылым заманнан ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып келе жатқан қазақы әдеп-ғұрыпты насихаттау. Сондай ақ, өңір жастарын имандылыққа, бауырмалдық пен кішіпейілдікке баулу, соңғы кездері жастар арасындағы қақтығыстардың алдын алу. Еңбек ардагері, Ақай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы осындай игі істерге бастамашы болған жастарға, ел игі жақсыларына алғысын айтып, ағалық батасын берді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Байқоңыр қаласы.
03 мамыр 2019 ж. 939 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031