ЕРЕКШЕ КӨРМЕНІ КӨРУГЕ КЕЛІҢІЗ
Сенбіде Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Жастар» жылына орай «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының» ұйымдастыруымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында кездесу өтті. Оған белсенді азаматтар, ардагерлер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қызығушылық танытқан аудан тұрғындары мен жастар, сондай-ақ мектеп оқушылары қатысты.
– Тәуелсіздік алған беттен Астананы қалыптастырдық, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласын. Мінекей, осылайша біз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткіздік. БҰҰ-ның толық мүшесі болдық. Түрлі халықаралық ұйымдарға төрағалық еттік, – деп бастады өз сөзін жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов. Ол осының барлығы да еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының дұрыс жүргізген саясатының арқасы дей келе, бұл – шындығында халқымыздың Елбасын таңдауда қателеспегенінің тағы бір айғағы екенін жеткізді. Сыр еліне келгендегі көрменің мақсаты да осыны көздейді. Көрме – 3 ай бойы жалғасады. Сөз кезегінде облыс әкімінің орынбасары айтулы шараны ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының» ұжымы мен оның басшылығына риясыз алғысын білдірді.
Кездесуде Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов кітапхана төңірегіндегі құнды мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар, ол аудан әкімі Сұлтан Мақашовқа ұлт рухын жаңғыртудағы қажырлы еңбегі, Отанымыздың өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кеңсесінің бастығы, белгілі саясаткер, профессор Махмұт Базарқұлұлының атынан алғыс хат тапсырды.
Шарада аудан әкімі Сұлтан Мақашов жастарға сенім арта отырып, Қазақстанды әлемге тантудағы Елбасының ерен еңбегіне тоқталды.
– Елбасының әр кезеңде Сыр еліне бөлек баға бергенін түсінеміз де бағалаймыз. Көшпелі көрменің тұрғындарға, әсіресе, жастарға берері көп. Елордаға екінің бірі бара бермеуі мүмкін. Өз жерімізде отырып, осындай құнды жәдігермен танысу – керемет. Елбасы мемлекет басқаруда немен айналысты, ішкі, сыртқы дипломатиялық қарым-қатынасты қалай орнатты, қолымен жазылған хаттарына дейін сақтаулы. 28 жылдық тәуелсіздігімізде бұл күнге бірден жете қалғанымыз жоқ. Дұрыс шешім қабылдап, экономиканы дұрыс құрып, жаңа Елорданы белгілеп, үлкен мемлекеттің қатарына қосуы – даналықтың, көрегенділіктің белгісі. Жас ұрпақ мұндай жетістік пен телегей табыстың Елбасының арқасында келгенін, осы жолда оның маңдай терінің төгілгенін білуі тиіс. Бұл – сондай мақсатпен жасалып жатқан қадам, – деді ол.
Көрме мәдениет үйінің залына орналасты. Жалпы ауданға 25-тен аса экспонат, 100-ге тарта фото материал, 30-дан астам архивтік құжат әкелінді. Жиында мектеп оқушылары мен аудан жастары 4 топқа бөлініп, арнайы жабдықталған 4 аудиторияда дәріс тыңдады. Оларға Елбасы кітапханасының экскурсия қызметінің сарапшылары Маржан Мырзабекова, Гүлім Ідірісова, Жанат Жұмахметова, Жадыра Әубәкіровалар сабақ өтіп, Елбасы тұтынған түрлі дүниелермен таныстырды.
С.Райымбаева