Тоқал турасындағы түйткіл
Көп әйел алу – полигамиялық неке қазақтың дәстүрінде қай заманда да болған. Осының негізінде әлеуметтік, демографиялық, психологиялық, физиологиялық, тереңнен қозғасақ, рухани мәселелер шешіліп, жүйеге қойылған. Содан болар, қазіргі қоғамда тоқал тақырыбы қызу талқыланады. Қанша адам болса, сонша ой бар. Сол пікірлерге қарап отырып, көп адамның тоқал туралы пайымдары пасықтау екенін байқадық. Турасын айтсақ, біздің қоғамда «ашыналардың» «тоқалдың» атын жамылуы немесе «тоқалды» «көңілдеске» теңеуі өршіп барады. Мұндай келеңсіз көзқарастың салдары қандай, бізді қайда апарып адастырмақ?
2016 жылы жарыққа шыққан «Тоқал» фильмін көрген шығарсыздар. Көрмеген күннің өзінде естігендеріңіз кәдік. Эротикалық эпизодтан басталатын фильмнің аты «Тоқал» болғанымен, қазақтың дәстүріне сай келетін тоқалды көрмейсіз. Голливудты «табындырдым» деген киноның режиссері Гаухар Нұртастың «тоқал» деп отырғаны «ашына», яғни ойнас. Сол образды өзі сомдап та шығады. Дәлірек айтсақ, «Тоқал» фильмі алматылық дәулетті әулеттің өмірін өрбітеді. Кәсіпкер «Қайрат» бірнеше жыл бойы зайыбының көзіне шөп салып жүреді. Алайда көңілдесінің аяғы ауырлап, жасырын қатынасы әшкере болып қалады. «Қайраттың» заңды жары екінші отбасын құруға амалсыз келіскендей болады. Бірақ осы мезетте екі әйелдің тартысынан олардың жақындары да, өздері де, күйеуі де қатты күйзеліске ұшырайды. Фильмдегі еркек кейіпкерлердің бірқатары да Қайраттың кейпін кешіп жүргендер...
Сонымен, нәпсәни қажеттіліктің жетегінде жүрген «көңілдесті» қазақтың дәстүріне сай келетін ақ некелі кіші жарға – арамды адалға теңегенін немен түсіндіресіз? Одан да фильмнің атауын «Ашына» деп қойып, ашығын айтпады ма?
Сан сауалмен санамызды сансыратып, екі жыл бұрынғы «Тоқал» фильмін тектен тек еске түсіріп отырғанымыз жоқ. Сол уақыттан бері күшіне мінген әлдебір жымысқы саясат қазақтың тамырын тереңге жайған, іргетасы берік қаланған отбасы институтын әбден әлсіретуге бет алғандай. Қазақстан эстрадасындағы кейбір сылқымдар да көңілдес болғандарына «шаттанып» жүр. Олардың отбасылы танымал жігіттермен көңіл қосып жүргені БАҚ беттерін шулатуда. «Көп жүрген жылан аяғын көрсетеді» демекші, жасырын қатынастары әшкере болып қалып, ақыр аяғында, жұлдызды жігіттер жарларымен ажырасып, ашыналарына үйленіп тынуда. «Буыршын көзін сүзбесе, бура бұйдасын үзбейді» дегендей, біреудің шаңырағын шайқалтқан әнші бикештің бірі телеарнадағы бағдарламалардың бірінде «тоқалмын» деп мақтанғанда ашуымызды келтіргені жасырын емес. Осындайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Бір әйел бір еркекті отбасынан ажыратып, өзіне қаратып алса, ол әйел жәннаттың иісін иіскемейді» деген өсиеті ойға оралады. Ол ол ма, соңғы жылдары интернетте «тоқал боламын» деген жарнамалардың да жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай қаптап кетпесі бар ма? Қалталы азаматтарға көңілдес болып, қара басын күйттеп жүргендердің пиғылын қараңыз: жақында біреу «әкімнің тоқалы болғым келеді» деп, беті бүлк етпестен, ойын жалпақ жұртшылыққа жайып салды. Келесі біреулері «жағдайымды жасаса», «үй әперсе, көлік мінгізсе», «қалағанымды берсе» деп, талаптарын қоюда. Тіпті, «тоқал боламын» дегендер әлеуметтік желілерге бір күндік ақысын да жазған. Ал «Еуразия» арнасынан «Астанадағы шенді-шекпенділерге тоқал болуға асыққан арулар еліміздің түкпір-түкпірінен қоныс аударуда» деген жаңалықты да көрдік. Сондағы олардың көздегені не? Жеңіл ақша! Арсыз атақ! Нәпсіқұмарлық! Бұл өз тәндерін саудалау емей немене? Қылықтары жезөкшелікпен, ойнастықпен парапар. Олай болса, оларды неге тоқалға телуіміз керек? Әлде олар арам ісін адалдың атын жамылып, заңдастыруды мақсат тұта ма?
Мұқият болыңыз, ата-бабамыз кіші жарды ойнас қуып жүріп таппаған. Айтыңызшы, қайсымыз тоқалдан туылмадық? Шежіреге толы тарихымызды ақтарсақ, кез келген қазақтың тегінен мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Әлемге аты әйгілі көптеген данышпандарымыз да, атап айтсақ, Абай да, Шоқан да, Шәкәрім де тоқалдан туған. Олар ақ некемен дүниеге келген текті тұлғалар. Ақылды да айбарлы бабаларымыз қатындарын бөлектемей, балаларын алаламай, бір үйдің балаларындай ынтымақта ұстағанына сүйсінесің. Әріден қозғасақ, Бәйдібек бабаның үш қатыны болған. Бәйбішесінен кейінгі екінші жары Зеріптен Жаламбет туып, одан Шапырашты, Ошақты, Ысты дейтін үш рулы ел өрбиді. Ал үшінші кіші жары Домалақ анадан Албан, Суан, Дулат тарады емес пе?! Мәселен, мен де бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешкен екі әженің аялы алақанында өскенмін. Мұндайда «ол кезбен бүгінгі қоғамды салыстырма» дейтін «сарапшылар» табылады. Сонда «заман өзгерді екен» деп адалды арамға былғап отыра береміз бе? Намыс қайда? Өз аналарымызды, әжелерімізді қорлық мәнде қабылдауымыз керек пе?
Не де болса, дәстүрге сай көп әйел алушылыққа қарсы құбылыстың қырсығы қоғамға тиіп отыр. Адами қалыптан айыруды көздейтін шығыстық шабуылдың, нақтырақ айтсақ, тоқал алып, талақ айтып, бір-бірінің қойнына тығып, қаракөздерге қиянат қылатын «сақалдылардың» сайтани сауығы елді шошытқаны аздай, осындай батыстық улы идеологияның да кесірлі әсері зор болып отыр. Мінекей, «тоқал» ұғымын шын мағынасында қолданбағанның салдарынан адамдардың көбісі ол сөзді құлағы шалып қалса, төбе шашы тік тұратын жағдайға жетті. Осылайша, өскелең ұрпақтың санасына кішіжарлықты жиіркенішті етіп көрсетіп жатқандықтан қазақ жастары қазақ болудан қаша бастады. Өз ұлтының дәстүрін мансұқтауға көшкенін байқап отырмыз. «Тоқал болғанша тұрмысқа шықпағаным жақсы» деп, пейілі түзу, ер мінезді, текті жігіттердің етегінен ұстауға арланып, кеудесінен итеретін сасық намыс пайда болды. «Бірдің кесірі мыңға тиді» деген, батыстың былығына батып келген, «Тоқал» фильмін шығарған Гауһар Нұртас секілділердің жағымсыз жарнамалары және жеңілтек жұлдыздардың, ақшаңдаған сылқымдардың әдептен жұрдай әрекеттері бізді осындай күйге түсірді.
Енді өздеріңіз салыстырып қараңыздар: жасырын қатынастың салдары қандай болады? Айтайық: жезөкшелік, зинақорлық, некесіз туған балалар, тастанды сәбилер, тасталған түсіктер, шайқалған шаңырақ, бұзылған әйелдер, жалғызбасты аналар, әкесіз өскен балалар, екіжүзділік, рухани азып-тозу және тағы басқа. Бір сөзбен айтқанда, тексіздік тамыр жайып, ел болудан қаламыз.
Ал қандастарымыз жария түрде ақ некесін қиып, тоқал алса немесе кіші жар болса, неден ұтамыз? Айтайық: қаракөздердің бағы ашылады, кәрі қыздардың саны азаяды, кенжелеп қалған демографияны дамытуға үлес қосылады, текті ұрпақ тәрбиеленеді, жесіріміз қаңғымайды, жетіміміз жыламайды және тағы басқа. Бұл ретте, батыстық ғалым Густав Ли Вонның: «Мұсылмандардың көп әйелмен некелесуі – заңды түрде бір әйелмен некелесіп, жасырын түрде көп әйелмен көңілдес болып жүре беретін еуропалықтардан әлдеқайда артық» деп ашық мойындағанын айтпай кетуге болмас.
Мұндағы айтпағымыз, қазақтың «Арам түбі – реніш, адал түбі – кеніш» дегеніндей, көңілдес пен кіші жардың айырмасы жер мен көктей. Ашыналық абыройыңды әшкере қылып, орға сүйресе, дәстүрінің дені исламмен астасып жатқан бабалар жолы ұрпағын өрге сүйрейді. Олай болса, ардан безген бәзбіреулердің «тоқалдың» атын жамылуына және «нақсүйерді» кіші жарға теңеуіне жол берілмеуі тиіс. Бұл турасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адалды арамға, мұсылманды кәпірге теңеген адам – кәпір» деген хадисі еске түседі. Қалай десек те, таңдау әркімнің өзінде. Бірақ оның жауапсыз қалмайтынын, обал-сауабын да өзі көретінін ұмытпағай...
P.S. Бәрінен бұрын, мақаламызда көтерілген мәселе жөнінде қазақ зиялыларының үн қатпауы, күнделікті өмірден немесе жаңалықтардан көріп-білсе де, байқамаған кейіп танытып, бейжай қарауы бізді алаңдатып отыр. Бұл «зиялы», яғни «нұрлы», «ағартушы» деген атына сын емес пе? Олар үшін қазақтың ұлттық, отбасылық құндылықтарын қорғаудан, жаңғыртудан артық шаруа жоқ десем, сөзіме ешкім қарсы шыға қоймас. Ардақты аналарымызды қорлап, айбынды аталарымыздың аманатына қиянат қылып, қызыл-жасыл дүниеге алданған арсыздар тексіздіктің тамырын жайып, болашағыңды бұлыңғыр етіп жатқанда зиялылар бас көтеріп, ақ-қараны ажыратып, беріп отырса орынды болар еді. Тіпті, бұқараны бұзатын былықтарды жілік-жілікке бөліп, миын шағып, жақсылап тұрып талдаса екен дейміз. Бұл – елдікті ойлаған, ұрпағының келешегін ойлаған көптің тілегі. Осы тілекке құлақ түрген зиялы болса, осы мақала төңірегінде және бүгінгі таңдағы отбасылық құндылықтарға қауіп төндіретін тақырыптарға қатысты пайымдарын айтады ғой деп ойлаймыз.
Тыныс Ыбырай.