» » ҚАУІП ЖОҚ ДЕМЕ...

ҚАУІП ЖОҚ ДЕМЕ...


Жуырда Астана қаласында орын алған өрт оқиғасы дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Көңіліміз құлазып, жанымыз жабырқады. Ана жүрек қандай күйде екенін кім білсін?! Жауапсыздық дейміз бе, әлде айтпай келген қатерден көреміз бе? Кейде мұны өз қолымызбен жасап алатынымыз да жасырын емес.

Жылу маусымы басталғаннан-ақ әр жұма сайын аудандық Төтенше жағ­дайлар бөлімі мен аудандық №5 өрт сөндіру бөлімі, Байқоңыр қаласы №13 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері бірлесіп тұрғындарға үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. Мақсат – қайғылы оқиғалардың алдын алу. Нысан – кент, елді мекендерді аралап, пеш жағудағы нақты ережелермен таныстыру. Ке­зек­ті рейд біздің қатысуымызбен жалғасты. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында арнайы тұрмысы төмен отбасылар мен әлеуметтік бейім­­делмеген азаматтар, көпбалалы, жалғызбасты аналардың үйін ара­ладық. Жолымыз Томанов көшесіне түсті. Өткен жылы 8 балалы отбасына жамағат үй салып берген еді. Міне, осы үйдің де табалдырығынан аттадық. Бірінен бірі өткен сүйкімді балалар. Ереже қағазын алып, жарыса «ережені сақтаймыз!» деп әлек.
– Бүгін күн суық. Балалар тоңбасын деп пеш жағуға кірістім. Әрине, өрт қауіпсіздік ережесін сақтаймыз. Себебі, түрлі оқиғаны естіп жүрміз ғой. Үйдегі үлкен қызыма да сенбей, отты өзім жағамын. Қанша дегенмен балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың қолында, – деді Гүлзира Скакова.
Жүйткіген көлік келесі үйге де келді. Есіктен кірген бойда үйде ешкім жоқ деп аң-таң болдық. Терезелері қараңғыланған. Үй іші суық. Бөлмеден бөлмеге өтіп, жарық түскен жаққа бет алдық. Пеш жанында егде жасқа келген әжей отыр. Амандасып, саулық сұрасқан соң қауіпсіздік ережесімен та­ныс­тырдық. Ұзақ әңгімеден соң қарт әже үн қатты.
– Теледидардан көрген суық хабардан соң көңілім түсті. Есеңгіреп қалдым. Көз жасымды тыя алмадым. Бір үйден осыншама сәби қайтқаны үлкен мұң. Кейбіріне сәбилі болу арман ғой. Шалымның дүниеден озғанына да 5 жыл болыпты. Бала-шағам жоқ. Үлкен үйде жалғыз тұрамын. Жұмыспен қам­ту орталығының қыздары келіп, пеш жағып көмектеседі. Жылда осы балалар келіп ережемен таныстырып отырады. Қауіп айтып келмейді ғой, – деді көзіне жас алған Қалдыгүл Есқалиева.
Қауіптің алдын алу шаралары үнемі жүргізілгенімен, қайсыбір азамат­тар­дың өз өміріне деген жауапсыздығы алаң­датады. Рейд – өрт қауіпсіздігін сақтамайтын азаматқа қауіпсіздік ережесін түсіндірудің бірден-бір амалы. Алайда, былтыр 47 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішінде, жеке секторда 33 оқиға орын алған.
– Әсіресе, жылу маусымы бастал­ғаннан-ақ ескерту жұмысын жүргізуге білек сыбана кірісеміз. Жұма сайын үй аралап, өрт қауіпсіздігі және өртті алдын алу мақсатында түсіндірме жұмы­сын жүргіземіз. Тіркелген өрт нысанда, электр құрылғылары сымдардың қысқа тұйықталуынан, пеш орнату мен пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамау, тіпті әдейі өртеу секілді факторлардан орын алған. Тек қыста емес, жаз мезгілінде де үгіт-насихат жүргіземіз. Сақтық шараларын қаперде ұстау керек. Бүгінде жергілікті жұртқа жадынамалар таратып, тілсіз жаудың алдын алу амалдарын түсіндірудеміз, – дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Еламан Жамбылұлы.

P.s
Өрт қауіпсіздігін түсіндіре келгендердің сөзіне құлақ асқан абзал. Қауіп жоқ демеңіз. «Өзім білемге» салынып, сан соғып қалмаңыз. Себебі, апат айтып келмейді.

Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
14 ақпан 2019 ж. 963 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 059

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031