» » ҚАЙҒЫҒА Ортақпыз

ҚАЙҒЫҒА Ортақпыз

Өткен жұманың кешінде суыт хабар тарады. Жай хабар емес, қаралы хабар. «Самара-Шымкент» тас жолының бойында, Ақжар ауылының маңында 2 жолаушы тасымалдайтын автобус соқтыққан. Айдың-күннің аманында болған оқиға талайға іш тартқызды. Қалай дегенмен бірі – үйге, бірі – қонаққа, енді бірі – шаруасымен асыққан жұрт мұндай оқиғаға тап боларын болжамаған да болар. Қабырғаны қайыстырғаны – 3 адамның қаза табуы еді.
Хабар жетісімен редакцияның жігіттері оқиға орнына асықтық. Мұндағы мақсат – жарияға жар салып, зар илеген жұрттың үнін жарыққа шығару емес, сол жердегі күн райына қарамай жолаушылардың амандығы үшін күрескен мамандарға титімдей болса да жәрдем беру. Алайда, біз оқиға болған орынға жеткенімізде ол жерге бізден бұрын жеткен аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы және оның орынбасарлары, аудан әкімдігінің қызметкерлері, облыстық денсаулық сақтау, жұмылдыру дайындығы басқармалары мен жергілікті полиция қызметінің, сондай-ақ төтенше жағдайлар және ішкі істер департаментінің басшылары түгел жүр екен. Одан бөлек 34 полиция қызметкері, 34 төтенше жағдайлар департаментінің маманы, 130 медицина қызметкері (оның ішінде 16 дәрігер), 13 арнайы техника және 13 жедел жәрдем бригадасы жанына араша сұрағандарға жәрдем етті, барын салды.
Қос көліктің бірі – «Қызылорда-Қармақшы» бағытына, бірі – «Қазалы-Қызылорда» бағытына бет алған. Екі көлік ішінде 86 жолаушы болған. Олардың 74-не медициналық көмек көрсетіліп, 29 жолаушы Жалағаш пен Қармақшы аудандарының орталық ауруханасына және облыстық медицина орталығына жөнелтілген. Ең қиыны – үш кісінің жұма кешінде қаза табуы.
«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, редакция тілшілерінің оқиға орнындағы басты миссиясы апатты «тамашалағандарға» видеоға, суретке түсіртпеу болды. Қалғанын сала мамандары атқарып жүрді. Адам дегенің қызық қой, сынған сүйек, жарылған бас, қираған көлікті бейне баянға түсіріп әлек. Құдды балға үймелеген арадай, төтеншеліктердің қимылдауына ерік бермей қос көлікті қаумалап алған. Қазіргі смартфондар жақсы ғой, қара көлеңкеде жарқ-жұрқ етіп суретке түсіріп жатыр. Не мақсат дейсіз бе, құр мақтан үшін. «Оқиға орнында болдым, адам қырылып қапты, қан телегей теңіздей төгілуде» деп әлеуметтік желіде жариялау үшін. Қазір кез келген әлеуметтік желіні ашсаңыз, оқиға туралы суреттер мен бейне баяндар толып жүр. Көпшілігі әлі де жалған ақпарат таратып, суыт хабарды айызы қанғандай сусындайтындар үшін, қаралы хабарға еті үйренгендер үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеуде. Сүйіншілеуде. Кімнен? Неге? Бұл кімге опа?
Жаңалық дегеннің екі түрі болады: жақсы һәм жаман. Жақсысы жан жадыратса, жаманы жүректі дір еткізеді. Бірақ, бұрын солай-тын. Қазір мың адам қырылып, миллион адам жарақаттанып жатса да, «а, солай ма» дейтін күйге жеттік. Құлақ та үйренді, ет те үйренді. Қаралы хабарды күнделікті күйбің тірліктің бір тетігіндей көреміз. Бәлки, жамандықты жасырмай, жариялай-жариялай, ол балалап жатыр ау. «Жақсы сөз жарым ырыс деген», жақсыны айтып, жақсыны қозғайық, негізі. Ал, жамандық дегенің ұяламай, балаламай елден аулақ кетсін. Мүлдем қаралы хабарды «сүйіншілемейік».
Қаза болғандардың үшеуі де аудан тұрғыны. Жаманы сол. Қаза тапты. Екеуі – оқиға орнында, біреуі – ауруханада. Атын атап, түсін түстемейік. Бастысы, елдің қабырғасы қайысты, қайғыны үшеудің туғандарымен бірдей көтерісуде. Редакция ұжымы да опат болғандардың отбасына қайғырып көңіл айтады. Алла жұмада қаза тапқандардың алдынан жарылқасын!
 Дастанбек САДЫҚ.
20 қараша 2018 ж. 1 833 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031