» » Аспаннан жауған «ақша» кімге олжа?!

Аспаннан жауған «ақша» кімге олжа?!

Осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызметі істері департаментінің басшысы Абзал Мұхимов: «Мен ауданда 500 мың теңге айлық алып, айына 50 мың теңгеге жүргізуші жалдадым. Ол бала-шағамды мектепке апарып алып-қайтады, жарымды қажетті жеріне жеткізіп, әкеп салады» деген еді Арал ауданының әкімі қызметін атқарған сәтін есіне алып. Бүгінгі кейбір шенеуніктер бұл мақсатқа қызметтік көлігін пайдаланады. Түптеп келгенде бақылаушы орган тарапынан өздері де жазадан тыс қалып жатқан жоқ. Ал сыбайластықты сыйластық деп ұғатындар да ұрымтал тұста опық жеп қалып жатыр. Бұл әрине заңды белшесінен басып, «өзім білемге» салынған «пысықтардың» «ұрлық түбі – қорлық» екенін еске салады.
Мемлекетке 250 мың АҚШ доллары көлемінде шығын келтірген Алматының экс-әкімі Храпунов, қаржы жымқырып, шетелде қашып жүрген Әблязовтар Аяз бидің шапанын төрге ілмегеннен болған шығар... Алайда, сабақ болар сәті көрінбейді. Өткен жолы облысқа сапарлап келген Арман Бердалин халықпен кездесуде «Арамнан алған түйеден, адалдан жиған ешкі артық» деп еді ғой. Мәселенің мәнісі осында жатыр.
Таяуда ғана ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен «Өзгерістерді өзіңнен баста!» тақырыбында кездесу өткізді. Мақсат сол: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің санасын өзгерту. Онда «Сіздерді өз тараптарыңыздан өздеріңіз басқарып немесе қызмет атқарып отырған мемлекеттік органдарыңызда өзгерістер идеясын белсенді насихаттауға, өздеріңіз ұсынған Жобалық менеджерлерге қолдау көрсетіп, ой-өрістеріңізбен бөлісіп және осы «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамын» деген болатын департаменттің бас маманы А.Сәлімжан.
Осы ретте айта кетейік, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін әрбір азамат өзгерісті өзінен бастау керек. Береген қол болмаса, алаған қайдан болсын?!
– Біз жемқорлыққа адамдарды өзіміз баулимыз. Бір құжатты алу үшін заңды жолымен емес, төтелеп жетуді әдет қылғанбыз. Өзіміз сол бағытқа қисайып, қолына ақша ұстатуға бейімбіз. Тіпті жүргізушіні жол патрульдік полициясы тоқтатқанда да мемлекетке айыппұл төлеудің орнына қызметкердің қалтасына қаржы қыстырып үйреніп қалғанбыз. Сондықтан, өзгерісті әрбір азамат өзінен бастау керек, – деді тұрғын Нұрмақ Оразов.
Тұрғын сөзінің жаны бар. Әсте, орта тәрбиелейді деп жатамыз. Отбасына бір бөлке нанға жарымай жүргендердің өзі қалтасындағы қаржыны осылай жаратып қояды. Қарын аштыратыны да осы. Естеріңізде болса, кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы негізінде облыста кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылған. Бұл – республикадағы жалғыз орталық. Кәсібін бастаймын деген жанның техникалық рұқсат құжаттарын даярлап береді. Тегін. Мұның да негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың аяғына тұсау салу. Орталық директоры Қамар Бекетова негізгі мәселені де сөз еткен-ді сұқбаттасқанымызда.
– Бұл кәсіпкер мен рұқсат беретін мекемелердің арасындағы дәнекер орталық. Тамыр-таныстық, сыбайластық жүрмейді. Кәсіпкер сенімхат тапсырып, мамандар сол үшін жүгіріп, барлық құжатты рәсімдейді. Жердің нысаналы мақсатын өзгерту, электр энергиясына, кәріз жүйесіне қосылу тәрізді құжаттар. Егер кәсіпкер өзі барса, сыбайластық қадамға бағыт алуы ғажап емес еді, – деген еді ол.
Қызметте жүрген тұлғалар аспаннан ешқашан ақша жаумайтынын ұғынса игі. Өйткені, «пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқтың» кері болмаса да, ұрлықтың арты қорлыққа апарады. Кеше ғана 17 жылға сотталған Храпуновтың күйін 250 мың доллар емес, 25 мың теңге ұрлап та кешіп кетуіңіз ғажап емес. Темірдей тәртіп бар, ал оған мойынсұну құл болғандық емес.
Тағы оқи отырыңыз
Түйін.
Елде сыбайластық белең алған ортаның бірі – жер қатынастары саласы. Электр энергиясымен айналысатын ұйымдардың өзі «пара бер де, бара бер» ұстанымына ыңғай танытады. Бұл тіпті кейбір оқу орындарында да көптеп кездеседі. Мамандар сауалнама барысында анықтап, негізгі ошағын белгілеп, соған сай жұмыс істеп те жатыр. Әйткенмен, тамырын тереңге тартқан дертті түп-тұқиянымен құрту – оңай шаруа емес. Әсілі, әрбір азамат «өзгерісті өзінен бастап» қоғамды тәрбиелеуге бағыт алса, жөн. Өйткені, сол қоғамды құрайтын да – халық.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
10 қазан 2018 ж. 3 559 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 244

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 346

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930