» » БАЛАСЫ-ШАТ, ДАЛАСЫ-ҚҰТ ДАРИЯНЫҢ ЖАҒАСЫНДА БІР ҚАЛА БАР...

БАЛАСЫ-ШАТ, ДАЛАСЫ-ҚҰТ ДАРИЯНЫҢ ЖАҒАСЫНДА БІР ҚАЛА БАР...

Егеменді елдің өткеніне көз жүгіртсек алты Алаштың астанасы атанған Ақмешіт атырабы хақында сөз қаузамау мүмкін емес. Ескірген дүниенің құндылығы қай уақытта да қымбат емес пе?! Талай дүлдүлдің табаны тиген жер Сыр Алаштың анасының жылнамада жазылған жағдайы қалай өрбіді? Көктем. 1925 жыл. Қазақ кеңестерінің V съезі. Күн тәртібінде тұтас елдің тағдырына қатысты екі тақырып тұр. Қайсыбірі болмасын екі шұқып, бір қарайтын мәселе. Біріншісі, сұрапыл саясаттың салдарынан «киргийз» деп аталып кеткен қазақтың төл атауын кері қайтару болса, екіншісі, сол тұстағы ел астанасы Орынборды Ақмешітке көшіріп, атауын Қызылорда деп өзгерту еді. Төрт күнге созылған съездің қорытындысы бойынша екі мәселе де оңынан шешілді. Ақмешіт «қазақ» атауын алған ұлттың бас қаласына айналды. Талай астанаға зиялылар келіп қызмет етті. Солай Қызылордада қып-қызыл тірлік қайнай бастады...
Тәуелсіздік алған сәт. Осы тұста Елбасының алдында екі Жарлықтың жобасы жатқан көрінеді. Ең алдымен Қызылорда облысын тарату болса, екін­шісі Арал ауданы тұрғындарын бас­қа аймаққа көшіру туралы-мыс. Әлгі шешім қабылданса, онда тұтас қазақияның рухани құлдырауы хақ. Себебі, біздің өңір тарихтың алтын діңгегі іспеттес. Талай дүлдүлдің табаны осы жерге тиіп, Қорқыттың қобызының күйі әлі де сарнап тұрғандай. Ал, егер оны жоғалтсақ, келер ұрпақтың жайы не болмақ? Тарихыңды жоғалтудан асқан бақытсыздық жоқ шығар-ау, сірә?! Алайда, ол құжат Президенттің алдынан кері қайтты. Содан кейін, Қызылордада жаңа серпіліс басталды.
Бала күнімізде ауылдан қалаға қы­дырып келсек Қызылорданың орталық саябағына ғана бой тірейтінбіз. Ал, қазір ше? Ауылдан кірген автобус, дария жағалауымен жүйіткіп кіреді. Терезесінен қарасаңыз көз ала алмайсыз. Сарқырап аққан Сырдария талай сырды ішіне бүгіп, үнсіз ағып жатыр. Иінағаштай иілген көпірдің арғы жағына зер салсаңыз құрылыс алаңына ұшырасасыз. Құдды бір шетелде жү­ргендейсіз. Құмырсқадай тырбыңдап тынымсыз жұмыс істеген жұмысшылар, тұмсығын көкке тіреген крандар. Әйтеуір қайнап жатқан тіршілік. Мұндағы «Рухани жаңғыру» орталығының құрылысы да тәмамдалыпты. Сәулетінің өзіндік тарихиы бар. Бұл кешен бұрынғы Қазақ орталық атқару комитеті ғимаратының негізінде салынған екен. Қысқасы, Қызылорданың қай бұрышына келсеңіз де, еңсеңізді тік көтеріп қайтасыз.
Бас ауруға айналған баспана мәселесі де оң шешімін табуда. Соңғы жылдары қалада жаңадан бірнеше шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалықтар баспаналы болды. Сондай-ақ, 1 630 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы бой көтеруде. Бас жоспарға сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы мәселесін шешу бағытында қажетті шара қабылданып, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектарды құраса, бас жоспарға сәйкес бұл жер көлемі 20 582 гектарға ұлғайтылды.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ақылды қала» жобасы ұсынылған болатын. Ауқымды жобаны жүзеге асырып, қала халқының тұрмыс сапасын жасқартуда – Алаштың анасы атанған – Қызылорда қаласында да нақты шаралар қабылдануда. Мәселен, тұрғындар мен қала қонақтары әкімдікпен тікілей байланысуы үшін, мәселені дер кезінде шешуге арналған «Q Orda» мобильді қосымшасын жақын күндері іске қосады. Бұл қосымша арнайы Android пен IOS платформасына жасалып, екі тілде барлық ұялы телефонға жүктеледі. Сондай-ақ, «Е-ДДО» тұғырнамасы базасында «Data Evolution» ақпараттық жүйесімен «Балаларды бала­бақшаға автоматты түрде бөлу жүйесі» жобасы қолға алынды.
Атамекеннің әрбір тауы мен тасы, қаласы мен даласы, шүйгіні мен орманы асылдың сынығындай. Жердегі жатқан қайсыбір тасын төңкере қалсаң, тарихтың өткеніне сыр шертетіндей. Күн санап көркейіп, жыл санап жаңарған қассиетті мекеннің дамыған қалалармен иін тіресіп тұратын сәті де алыс емес. Қазақылықтың қайнары, Сыр елінің әкімшілік және рухани орталығы саналатын Қызылорда қаласы – небір тарихи кезеңдердің куәсі, тарлан тұлғаларды түлеткен, талай бастамалар мен тың жаңалықтардың қасиетті ордасы.
Бүгінде еліміздің тұңғыш астанасы Қызылордаға – 200 жыл толуда. Тарихи тағылымы терең бұл датаны атап өтудің маңызы да зор. Өйткені, бұл – тарихқа тағзым, болашаққа бағдар. Осы мақсатта, аймақ басшысының бастамасымен қала тұрғындары үшін тарихи маңызға ие болған мерейтойды атап өтуге ауқымды жұмыстар жүрігізілуде. А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде аудан әкімдіктерінің Қызылорда қаласы­ның 200 жылдық мерейтойына арналған мәдени шаралары өтеді. Айта кететін жайт, осы шара барысында әрбір аудан тұрмысы төмен 1000-нан аса отбасыға арналған қайырымдылық акциясын өт­кізеді.
Сондай-ақ, мәдени-бұқаралық іс-ша­ра «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбымен облыстық әдеби жыр марофонын ұйымдастырып, оған өңіріміздің танымал жыршылары қатысады.
Мерекелік шараларға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үлесін қосу мақсатында «Өнерім саған, Қазақстан!» атты облыстық фестиваль өткізіп, дәстүрлі облыстық еңбек форумы ұйымдастырылады. Ал, «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтары өкілдері толықтай қам­ты­лып, 2000-ға жуық отбасыға көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, жұмысшы маман­дықтар арасында «Үздік маман – 2018» облыстық байқауы ұйымдастырылып, «IMAQORDA» технопарк жобасының ашылу рәсімі өтеді.
Мереке қарсаңында жеке кәсіп­кер­лердің есебінен жаңа өнер­кәсіптік және әлеуметтік-мәдени объектілер: «Ажар», «Эврика» сауда үйлерінің және «КазАгроМир» ЖШС жылыжай кешенінің ашылу рәсімі ұйымдастырылады.
Спорт жарыстарын және түрлі жастағы санаттар үшін сауықтыру іс-шара­ларын қамту мақсатында «Алыптар шықты айқасқа» түйе балуандар сайысы, «Сыр тұлпары» бәйге түрлерінен ат жарысы өтеді. Қаланың бірнеше аумағында тұрғындарға арналған төмендетілген бағамен ауыл шаруашылық өнімдерінің об­лыстық жәрмеңкесі ұйымдастыры­лып, оған аймағымыздың жеке кәсіп­керлері тартылады.
Бұдан бөлек, ұйымдастыру коми­тетінің қатысуымен Қызылорда қала­сының 200 жылдығына арналған та­­қы­­рыптық «дөңгелек үстел», фес­ти­валь, көрмелер мен семинарлар ұйымдастырылады.
Сыр өңірінің бас қаласы – Қызылорда қаласының 200 жылдығының негізгі шаралары өтетін бұл күн орталық деңгейдегі басшылардың қатысуымен «Сыр Ана» монументінде «Этноауыл» фестивалімен ашылып, «Сыр сүлейлері» аллеясында өтетін «Қымыз-шұбат», «Қауын-қарбыз» фестиваліне ұласады.
Сонымен қатар, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 16 көпқабатты тұрғын үй мен 320 орындық бала бақшаның құрылысын пайдалануға беру салтанатты шарасы осы күнге жопарлануда.
Мерекелік шараның жалғасы ре­тінде Н.Бекежанов атындағы драма театрында өтетін орталық деңгейдегі бас­шылардың, облыс активінің қатысуымен Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған салтанатты шарада қоғам қайраткерлеріне, аймағымыздың қоғам­дық-саяси, экономикалық дамуына үле­сін қосқан бірқатар азаматтарға арнайы әзірленген мерейтойлық медальдарды табыстау рәсімі ұйым­дастырылып, мерекелік салтанатты кеш­кі асын өткізу жоспарлануда.
Мерейтойлық жылды атап өтуде облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы Хатшылығының ұйымдастырумен өтетін республикалық «Сабантуй сомбэле» татар мерекесінің өткізілуі ерекше маңызға ие. Аталмыш шараға Татарстан Республикасының орталық деңгейдегі басшылары қатысады. Сондай-ақ, жек­сенбіде қала орталығында жұл­дыздар «көктен түскен» кеш болғалы тұр.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
01 қазан 2018 ж. 1 265 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 240

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 343

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930