Мәслихаттар сайлауы
» » ТІЛ АЛЫПТАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РУХ

ТІЛ АЛЫПТАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РУХ

9-13 қарашада №85 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тіл алыптары және ұлттық рух» атты апталық өткізілді. Бір апта бойы мектеп іші тіл мерекесіне, өнер мен білім додасына айналды.
9 қараша күні апталық ерекше форматта – есік алдынан сәлемдесумен басталды. Оқушылар мен ұстаздарға таңғы ас ұсынылып, домино ойыны арқылы мақал-мәтелдер сайысы өтті. Сол күні пән бірлестігінің жетекшісі Н.Жақыпованың ұйымдастыруымен апталықтың салтанатты ашылуы болды. Сахна ұлттық ою-өрнекпен, тіл алыптарының портреттерімен безендіріліп, экраннан тіл туралы бейнероликтер көрсетілді. 8-сынып оқушылары «Қазақ биін» билеп, көрерменді тәнті етті. Ашылу салтанатында оқушылар биыл мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлы тұлғаларды, атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Шаханов, Талғат Бигелдинов, Төлеген Айбергенов, Ғабиден Мұстафин, Дінмұхамед Қонаевтарды ұлықтады. Ал 8-сынып оқушылары ана тілі туралы жыр шумақтарын мәнерлеп оқып, Жаншуақ пен Бейбарыс «Елім деп соқсын жүрегім» әнін шырқады. «Сауаттылық пен кітап – басты назарда» атты 10 қарашада 5-сыныптар арасында эссе және диктант байқауы өтті. Оқушылар сауатты жазуға, өз ойын жүйелі жеткізуге бақ сынасты. Эсседен үздік атанғандар: І орын Айым Рақашқа, ІІ орын Аружан Ұзақбаеваға, ІІІ орын Медина Сабырбековаға бұйырды. Диктанттан: І орынды Көркем Нұрдәулетова, ІІ орынды Биқанат Ибайдулла, ІІІ орынды Айдарбек Жақыпбеков иеленді. 11 қараша күні «Оқитын ұлт» жобасы аясында әдеби Book-Show байқауы өтті. 6 және 9-сынып оқушылары оқыған кітабын жарнамалап, монолог оқып, шығармадан үзінді сахналады. Нәтижесінде 9 «а» – «Үздік кітап оқитын сынып», 9 «ә» – «Кітапқұмар сынып», 6 «б» – «Үлгілі кітап оқитын сынып» номинацияларымен марапатталды. Сол күні Г.Смағұлованың ұйымдастыруымен көңілді үзіліс те өтті. Заманауи формат – «Зерде LAB» 12 қараша – апталықтың ең заманауи күні болды. 6-7-сыныптар арасында «Зерде LAB: Тіл мен әдебиет әлемі» интеллектуалды ойыны өтті. «Сөз детективтері» мен «Сюжет сәулетшілері» топтары бес кезең бойынша сайысты: грамматикалық матрица, кейіпкерлердің ДНҚ-сы, символикалық резонанс, сюжетті жалғастыру және TEDx форматында мотивациялық сөз сөйлеу арқылы оқушылар жасанды интеллект элементтерімен жұмыс істеп, өздерінің креативті ойлау қабілеттерін көрсетті. Белсенділер «Құрыш төзімді зерттеуші» және «Сөз генераторы» номинацияларын алды. Сол күні Н.Жақыпова көңілді үзіліс ұйымдастырды. Апталық әдеби-сазды кешпен қорытындыланды. 13-інде «Сөз қадірін білген жұрт – мәңгі жасайды» атты әдебисазды кеш өткізілді. Оны Арнұр мен Алида жүргізді. 3-4-сынып оқушылары тіл туралы өлең оқып, қыздар қазақша би биледі. Санжар «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқып, «Көроғлы» күйін тартты. Кеш хормен орындалған «Көк байрағым» әнімен аяқталды. Сонымен қатар апталық аясында оқушылардың мақалалары баспасөзге жарияланып, тіл алыптарының портреттерінен сурет көрмесі жасақталды. Кеш соңында мектеп директоры Жасұлан Жұматайұлы апта бойы белсенді қатысқан оқушыларды марапаттап, ұстаздарға алғысын білдірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бұл апталық – жай ғана іс-шаралар тізбегі емес, шәкірттің жүрегіне ұлттық рухты сіңірген, ана тіліне деген сүйіспеншілікті арттырған нағыз рухани мереке болды. Тіліміз – ұлттың жаны, рухымыз – мәңгілік болсын!
Назира ЖАҚЫПОВА,
№85 орта мектептің мұғалімі,
Төретам кенті
23 қараша 2026 ж. 19 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (10556)

21 қараша 2026 ж.

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

№86 (10554)

14 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 426
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 545

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30