» » ХАЛАЛ ИНДУСТРИЯСЫНА КӨЗҚАРАС ҚАЛАЙ?

ХАЛАЛ ИНДУСТРИЯСЫНА КӨЗҚАРАС ҚАЛАЙ?

Осы адам қызық. Күнде бірдеңе шығарады. Сәнге емес-ау, мәнге назар аударатын уақыт келді емес пе? Қай жылы «халал монша» деп үдере көшсе, содан соң «халал дүкен», «халал массаж» – хит болды. Енді міне, «халал той» деп тағы да дүрлігуде. Жалпы халал дегеніміз не? Оның талаптары қандай? Халал – расымен де халал ма, әлде құр даурығу ма? Осы арасын айрып көруге тырысайық.
«Халал» сөзінің шығу этимологиясына тоқталсақ, қазақша мағынасы «рұқсат етілген» дегенді білдіреді. Яғни, шариғат бойынша жасауға болатын іс. Ал, шариғатта адам денсаулығына зиян шектіретін немесе зардабын тигізетін лас зат пен іс-әрекет «харамға» саналған. Бұл тұрғысында Алла Тағала «Мәида» сүресінің 3-аятында: «Сендерге: Өлексе аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атынан бауыздалған мал арам етілді. Буынып, ұрылып, құлап, сүзіліп өлген малдар және жыртқыш (аң, құс) жеген мал арам. Бірақ (жаны шықпай) бауыздалғандарынан басқа», – деп үкім еткен. Мәселен, сойылған мал етінің халал болуының шартына сай қасапшының дәреті болуы керек. Бауыздағанда «Бісмиллаһи Аллаһуакбар» дұғасы айтылып, ет бездерінен тазарту талап етіледі. Қазіргі кезде азық-түлік өнімі мен қызмет түріне халал сертификаттау әлем бойынша кең тараған тәжірибе. Өзімізден өндірілетін және шет мемлекеттен тасымалданатын өнімді сараптап, халқымызға шариғат шартына сәйкес сапалы өніммен қамтамасыз ету – уақыт талабы. Қасапшылық – сауапты да жауапты іс. Нарық айналымында халал ет мәселесін шешу – маңызды мәселенің бірі. Шариғат заңдылығы сақтала отырып, малды дұрыс бауыздау, харам етпен бірге ұстамауды әрбір қасапшы білуге тиіс. Қалада кейбір мал сою алаңында ірі қара малын электрошокермен өлтіру әлі де бар. Бұл – жағдайда малдың бойында үрей, қорқыныш болады. Жүрегі жарылып кетуі де ғажап емес. Қорыққан мал етінде инфекция болатынына ешбір таңданудың қажеті жоқ.
Бүгінде әлем бойынша халал өнім шығаруға әрі тұтынуға айрықша мән берілуде. Бұл тұтынушы нарығындағы мұсылман қауымының саны 1,8 млрд. адамды құрайды екен. Кей мәліметке сүйенер болсақ, әлемдік халал нарығында жылдық түсім 2 трлн. АҚШ-тың көк ақшасын құрайтын көрінеді. Естеріңізде болса, 2016 жылы Бразилияда өткен олимпиада ойындарында мұсылман спортшыларды халал аспен қамту үшін жүйелі жұмыс істелді. Олимпиада қалашығындағы 18 мың спортшы мен қала қонақтарының 8 мыңы халал аспен қамтамасыз етілді. Халал өнімі діни тұрғысында емес, сондай-ақ заманауи және медициналық талапқа да толыққанды жауап береді. «Халал» – қауіпсіздік белгісі болуымен қатар, Ислам дінінен өзге дін өкілдері арасында да үлкен сұранысқа ие.
Бүгінде елімізде «Халал» сертификатын берумен Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Халал стандарттау бөлімі айналысуда.
– Әлемде тағам өнімдеріне халал ережелеріне сай сертификаттауға ерекше ден қойылғандықтан, біздің елімізде де халал өнім шығару мен ұсыну өзекті мәселеге айналды. Алайда, бұл стандарттау қызметтері Ислам дініндегі халал немесе харам болуы мүмкін нәрселерге қатысты жұмыс істейді. Яғни, балабақша, қонақ үй, мектеп немесе колледж, тағы басқасына халал, харам үкімін берумен айналыспайды. Тек сол қоғамдық орындардың асханасы, тамақтану орны халал сертификаттау ұйымының сараптауы нәтижесінде «Халал» куәлігіне ие болады. Ал, балабақша, монша, аурухана сияқты орынды сертификаттаудың қажеті жоқ. Сертификаттау жұмысына облыс, өңірде тағайындалған өкілдер, ҚМДБ-ның пәтуа бөлімі, технолог, қадағалаушы мамандар атсалысады. Өнімнің құрамында шариғатқа қайшы келетін заттың бар-жоғын анықтау үшін заманауи технологиямен жабдықталған арнайы ғылыми зертханалармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сертификат бір жылға беріледі, – деген болатын ҚМДБ-ның Халал стандарттау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев.
Нарықты пайдаланып, халықты алдайтын көп қазір. «Халал» сөзін кәсіпорын, мекеме өз тауарына жалғап қоятын болған. Бұл әрине, тауар өткізудің тікелей жарнамасы. Суды да кейбір ағайын «Халал су» деп атап, айды аспанға шығаруда.
Ашығын айтсақ, халық арасында әлі де халал өнімге деген сенімнің аздығы сейілмей отыр. Оннан аса қазақстандық өндірушінің қаптамасында «Халал» таңбасы бар ет, консерва, шұжық өнімінен доңыз ДНК-сы табылып, ұятқа қалды. Базарда, дүңгіршекте сатылатын ет және ет өнімінің де харам не халал екенін ешкім ажыратып біліп жатпайды. Бұған қоса, оны қадағалап жатқан орын жоқ. Алдыңғы жылы осындай түйінді мәселені шешу мақсатында ҚМДБ-на қарасты «Халал Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты бағдарламаны іске қосты. Айтулы бағдарлама еліміздің барлық аймағында қолға алынып, бұл бағытта семинар-кеңес өткізілуде. Қасапшылар оқу семинарынан өткен соң емтихан тапсырып, жеке бас мөрі, куәлік пен сертификат алады.
ТҮЙІН
Ұлтымыздың ас мәзірінде ет пен сүттің орны бөлек. Оны баптауды атамыз ертеден-ақ білді. Соған қарай, тіршілік етіп, тірлік істеді. Әсіресе, мал союдағы қазақи әдісі ешкімге ұқсамайды. Аузынан Алланы тастамайтын қазекем мал сойғанда: «Сен де жазық жоқ, мен де азық жоқ» деп, пышақ қолға алатын. Не десек те, астың да, достың да адал болғанына ештеңе жетпейді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
22 шілде 2018 ж. 1 768 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031