» » ЖҮЗ МЫҢ БАСПАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

ЖҮЗ МЫҢ БАСПАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ


Қазақстан экономикасына алдағы екі жыл ішінде қосымша 59 миллиард доллардан астам инвестиция құйылады деп жоспарлануда. Бұл қаражатқа елімізде жеті жүздей жаңа зауыт-фабрика  бой көтермек. Бұл туралы  баспасөз конференциясын өткізген Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлады. 
Ол республикамыздың биылғы жылдың бірінші жартысындағы индустриялық даму қорытындыларын шығарды.
– Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру Қазақстанда 2010 жылдан басталды. 2015 жылы біз индустрияландырудың екінші бесжылдығына кірістік. Бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттыру, өңделген тауар­лар экспортының көлемін ұлғайту, өң­деу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынта­лан­дыру. Бағдарлама аясында 2019 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі экспортының құндық көлемін 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 19 пайызға, еңбек өнімділігін 22 пайызға өсіру, инвестиция көлемін 4,5 трлн теңгеге жеткізу мақсаттары қойылған, – деді министр.
Ж.Қасымбектің байламынша, Елбасы жария еткен бағдарлама іске асырылған төрт жылда оның отандық өңдеу өнеркәсібінің дамуы­на оң ықпал еткені байқалады. Атап айтқанда, 2015 жылға қарағанда, 2017 жылы өңдеу өнеркәсібі 6,2 пайызға өскен.
– 2018 жылы да оң динамика тіркелуде. Биыл­ғы бірінші жартыжылдықта өңдеу сек­торы өткен жылдың сәйкес кезеңмен салыс­тыр­­ғанда, 5,2 пайызға өсті. Өсім машина жа­сау өндірісінің – 17,2 пайызға, химияда – 11 пайыз­ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өн­діруде – 5,6 пайызға, азық-түлік өнімдерінде – 5,2 пайызға, мұнай өңдеуде – 4,4 пайызға, құрылыс материалдарында – 2,2 пайызға, металлургияда – 3,4 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді, – деп мәлім етті министр.
Бағдарламаны іске асыру экономика құры­лы­мындағы өңдеу секторының тұрақтылығына және өсім динамикасына ықпал етуде. Бұл Қазақ­станның шикізатқа тәуелділіктен құты­луы үшін маңызды. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, 2017 жылдың қорытындысы бойынша экономикадағы (ЖІӨ-дегі) өңдеу секторының жалпы үлесі 11,2 пайызды құрады. Соның ішінде өнеркәсіпте 42,2 пайызға, экспорттың жалпы көлемінде – 32,3 пайызға жеткен.
Индустриялық дамудың негізгі көрсеткіш­тері бойынша да оң динамика байқалып отыр. 2017 жылы өңдеу өнеркәсібінің экспорты 11 пайыз­­ға артып, одан елге 15,6 млрд доллар табыс кірді. Осы жылдың қаңтар-ақпан айла­рын­да бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,1 пайызға артып, 2,5 млрд доллар межесін бағындырған.
Еңбек өнімділігі былтыр 4,4 пайызға артып, әр адамға шаққанда 31,4 мың доллардан келді.
2017 жылы өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 3,8 пайызға ұлғайып, 956,2 млрд теңге болды. 2018 жылғы қаңтар-маусымда бұл көрсеткіш тағы 18,2 пайызға артып, 532,8 млрд теңгені құрады. Тікелей шетелдік инвестиция құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 3 есе өсті.
«Индустрияландыру бағдарламасының басымдықты салалары инвестиция үшін тар­тым­ды болып келеді. Тұтастай алғанда, негіз­гі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 2018 жылдың 6 айында 4,5 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға артық. Біз 59 миллиард доллардан асатын 658 инвестициялық жобаның негізгі тізбесін құрдық, ол 2020 жылға дейін жүзеге асырылады» деді Жеңіс Қасымбек.
Индустрияландыру басталғалы бері, яғни 2010-2017 жылдары жалпы құны 6,6 трлн теңге тұратын 1148 жоба іске қосылып, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Биыл болса, жалпы сомасы 850 млрд теңгеге бағаланған 123 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда, министрдің айтуынша, 14 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады.
Әкімдіктердің деректері бойынша 2018 жылдың бірінші жартысында шамамен 53 млрд теңгеге жуық сомаға онға жуық жоба іске асырылды, 1,3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Негізгі жобалар қатарында Шы­ғыс Қазақстан облысында жылына 2 млн тон­на кен өндіретін тау-кен байыту кешені – «Бақыршық тау-кен кәсіпорны» салынады. Бұл жобаның құны – 133,8 млрд теңге. 800 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қарағанды облы­­сында «Макер» ЖШС-ның машина жасау өнді­­рісі жаңғыртылады. Жобаның құны 13,8 млрд теңгені құрайды. 99 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Журналистермен жүздесуде министр баспана құрылысына да тоқталды. 2018 жылы еліміз бойынша 12,1 млн шаршы метр немесе 103 мыңнан астам тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Тұрғын үй құрылысына 513,3 млрд теңге инвестиция қаржы салынды. Бұл өткен жылғыдан 28,4 пайызға көп. Еліміз бойынша 49 мың 667 баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 20 532 жеке үй бар.
– Елбасы бастамасы бойынша ипотеканы одан әрі дамыту және төлем қабілеті бар халық­ты қолдау мақсатында «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық несиелендіру бағдарламасы енгізілді. 7 пайыздық ипотека жаңа құрылыстан баспана алуға беріледі. Ұлттық банктің дерегі бойынша, биыл 4 шілдеден бастап, кредиттік комиссияның қарауына өтініштер түсуде. Бүгінде 148 өтініш жолданған. Оның ішінде 1,1 млрд теңге сомаға 95 ипотекалық кредитті беру мақұлданды, – деді Ж.Қасымбек.
Өз ведомствосының жұмысын қорытқан ол былтыр 10 жаңа халықаралық әуе қатынасы ашыл­ғанын жеткізді. Ал биылғы жыл басынан бері жаңа 12 халықаралық маршрут қатарға қосылды. Оның ішінде қазақстандық әуе тасымалдаушылар Атырау – Франкфурт, Астана – Қазан, Астана – Тюмень, Астана – Вильнюс, Астана – Челябі, Астана – Крас­нодар, Астана – Томск, Астана – Сочи бағыттарын орындайды. Сондай-ақ шетелдік тасымалдаушылар Рига – Алматы (AirBaltic), Новосібір – Павлодар («Сибирь»), Красноярск – Алматы («Ангара»), Мәскеу – Қызылорда («Аэрофлот») жаңа әуе бағдарларын іске қосты. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан арқылы 395 мың шетелдік транзиттік әуе жолау­шысы әлем­нің өзге елдеріне сапар жасаған. Бұл был­тырғыдан 13 пайызға көп. 2017 жылдың бірін­ші жартысында ол көрсеткіш 351 мың болған.
Сөз соңында Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Мемлекет басшысы белгілеген барлық міндеттер мен тапсырмалар тұрақты бақылауда тұрғанын және уақытылы орындалатынын нықтады.
21 шілде 2018 ж. 931 1

JeaCold от 25 ақпан 2019 11:14
Levitra 10 Vidal venta de viagra oeste Pyridium Medicine Best Website With Free Shipping Levitra 75mg

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031