ҮШ ТІЛ – ҮШ ӘЛЕМ, БІР МАҚСАТ
Қазіргі таңда бірнеше тіл меңгеру – заман талабы. Тіл білу адамның дүниетанымын кеңейтіп, түрлі мәдениетті түсінуіне, еркін қарым-қатынас жасауына және жаңа мүмкіндікке жол ашады. Осы мақсатта мектебімізде тіл апталығы өтіп, оқушылардың тілдік білімін жетілдіруге бағытталған «The Time Machine» атты қызықты әрі танымдық іс-шара ұйымдастырылды.
Онда оқушылар ерекше форматта тіл әлеміне саяхат жасап, бірнеше қызықты кезеңнен өтті. Алғашқы аялдама – «AncientWorld» – «Ежелгі әлем» кезеңі болды. Бұл турда ағылшын тіліндегі аралас сөздерден дұрыс сөйлем құрастырылды. Мысалы, берілген сөздердің орнын дұрыс орналастырып, балалар «The pyramid is big», «The books are on the table», «The king has a crown» сияқты сөйлем құрады. Бұл тапсырма оқушылардың ағылшын тіліндегі сөйлем құрылымын дұрыс меңгеруіне ықпал етті.
Келесі кезең «Kingdom of Words» – «Сөздер патшалығы» деп аталды. Мұнда араласқан әріптерден ағылшын тіліндегі сөздерді тапты. Тапсырмалар оқушылардың сөздік қорын бекітіп, ойлау жылдамдығын арттырды.
Іс-шараның мазмұнын тереңдете түскен ерекше кезең – «Three Languages/ Proverbs» туры болды. Бұл бөлімде оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілінде мақал-мәтелмен жұмыс жасады. Сурет арқылы мақалдың астарлы мағынасын анықтап, үш тілдегі баламасын табу шәкірттердің мәдени танымын да кеңейтті.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», «Отан – оттан да ыстық», «Тіл – халықтың жаны», «Денсаулық – зор байлық», «Еңбек түбі – береке» секілді халық даналығының үлгілері үш тілде ұсынылды. Оқушылар үшін ең қызықты кезең – «Illustrated Puzzle» – «Суретті жұмбақ» туры болды. Әр топқа суретті жұмбақтар ұсынылып, оқушылар суретке қарап жасырылған сөзді, затты немесе ұғымды табуға тырысты. Бұл тапсырма оқушылардың байқағыштығын, логикалық ойлауын және топпен жұмыс істеу қабілетін дамытуға бағытталды.
Ал «Uncover the Picture’s Secret» – «Суреттің құпиясын аш» кезеңінде әр топ экрандағы ұяшықтың бірін таңдап, артында жасырылған суретті ашты. Суреттің мағынасын анықтаған соң оқушылар сол сурет бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілінде сөйлем құрастырды. Осылайша, бір ғана тапсырма арқылы үш тілде ойлау және сөйлеу дағдысын қолдануға мүмкіндік алды.
Іс-шара соңында оқушылар «Әрқашан күн сөнбесін» әнін орындап, тіл апталығына арналған саяхатты көтеріңкі көңіл күймен қорытындылады.
Шара соңында мұғалім оқушыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, тіл үйренудің жаңа мүмкіндікке жол ашатынын атап өтті.
Бұл іс-шара оқушыларға тіл үйренудің тек ережелер мен сөздерді жаттау ғана емес, сонымен қатар ойлау, іздену, қарымқатынас жасау, шығармашылықпен жұмыс істеу және білімін тәжірибеде қолдану екенін көрсетті.
Үш тілді қатар қолдану арқылы оқушылар өз білімін сынап қана қоймай, бір-бірімен пікір алмасып, топтық жұмыс істеуге, ойын еркін жеткізуге және ортақ нәтижеге жетуге ұмтылды. Тіл – халықтың рухани қазынасы. Ана тілін құрметтеп, өзге тілді меңгеру – жас ұрпақтың білім көкжиегін кеңейтетін маңызды қадам.
«The Time Machine» атты тілдік саяхат та осы мақсатты көздеді: оқушыларға тілді қызықты үйрету, білімге құштарлығын арттыру және үш тілдің мүмкіндігін бір арнада тоғыстыру. Осындай мазмұнды, танымдық және шығармашылық ісшаралар оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттырып, болашақта көп тілді, білімді және бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді.
Гүлденген БАХИТОВА,
№85 орта мектеп мұғалімі

















